Мазмұнға өту

Іле ойысы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Іле Ойысы – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тауаралық тектоникалық құрылым. Солтүстігінде Жетісу (Жоңғар) Алатауы және Борохоро (Бурақара) оңтүстігінде Іле Алатауы және Кетпен (Ұзынқара) жоталарымен, шығысында Қытай жерінен басталып, батысында Қараой, Итжон үстірттерімен шектеседі. Іле Ойысы өзін қоршаған таулардан терең жарылымдармен шектелген. Ойыстың жалпы ұзындығы – 1000 км, республика жеріне батыс бөлігімен кіреді (көпшілік жері Қытайда), Қазақстанда батыстан шығысқа 300 – 350 км-ге созылып жатыр, ені шығысында 100 – 120 км, батысында 70 – 80 км, орта шенінде оң жағалаудан Қату, Қалқан, сол жағалаудан келіп, ойысты жіңішкертіп (25 – 30 км-ге дейін) екіге бөледі: батыс жағы Алматы, шығыс жағы Жаркент құлдималары. Ортаңғы бөлігін Іле өзенінің аңғары алып жатыр. Абсолюттік биіктігі шығысында 700 м, батысында 500 м, таулы жоталарға қарай 1000 м-ге дейін биіктей түседі. Бұл ойыстың палеозойлық тұғыры батысында 3000 м, шығысында 5000 м тер��ңдікте, үстін мезо-кайнозойлық шөгінділер жапқан құрылым тектоник. болғандықтан, жер сілкіну болып тұрады; 7 – 9 балдық белдемге жатады. Климаты тым континенттік, жазы ыстық, қуаң шілденің орташа температурасы 21,3 – 25,4С, қысы суық, қары аз, қаңтардың орташа темп-расы –5,8 – 11,7С. Жылдық жауын-шашын мөлшері ойыстың түбінен ернеуіне қарай (Қапшағайда – 260 мм, Алматыда – 575 мм) және шығыстан батысқа қарай өсе түседі (Шелекте – 233 мм, Қапшағайда – 260 мм). Су торына Іле және оның салалары жатады. Жер бедерінде тау етегінің шөлейтті және жазықтық шөл ландшафтысы айқын ажыратылады. Іле Алатауы мен Кетпен жоталарының тау етегі жазығы дөңбектасты-малтатасты қабаттан түзілген, үстін ллсс тәріздес қоңыр саз жапқан, ашық қоңыр топырағында жусанды-изенді өсімдіктер өскен. Жетісу (Жоңғар) Алатауының тау етегі жазығының бозғылт сұр топырағында бұйырғынды-сексеуілді және тасбұйырғынды өсімдіктер кездеседі. Бұрын Іле өз-нің аңғары болған ойыстың түбін аллювийлік шөгінді басқан. Энергетикада, балық шаруашылығында зор маңызы бар Қапшағай бөгені салынған. Ойыстың оңтүстік етегін бойлай ШілікШамалған өзен аралықтарында Үлкен Алматы каналы тартылған.[1]

Пайдаланылған cілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ж. Ахметов

  1. Қазақ Энциклопедиясы, 9 том