Мазмұнға өту

Ұстаз

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Ислам туралы мақалалар тізімдемесінің бөлігі
Усул әл-фиқһ

(Фиқһ негіздері)

Осы үлгіні: көру · талқылау · өңдеу

Ұстаз — жас ұрпақты, жалпы адамды ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін оқытушы. Қазіргі қоғамда оқу-тәрбие жұмысын жүргізуші маман педагог ұстаз деп аталады. Дегенмен, ұстаз ұғымы арнаулы білім, қажетті құжатқа байланысты емес. Үлгілі, өнегелі, өмір тәжірибесі бай адам ғана ұстаз бола алады. Жалпы «Ұстаз — тәрбиелеуші» ұғымы діни ілімнен бастау алады. Ол адамзатты ғылымды сүюге, танымға құштарлыққа үндейтіні Құран Кәрімнің беташар сүресінің Алланы “Рабби — тәрбиелеуші” мағынасында ұлықтаумен басталуынан көрінеді. Мұсылмандар пайғамбары Мұхаммедке (ғ. с.) келген алғашқы уахидің де «Оқы, оқы, оқы…» деп басталуы адамды ізгілікке бастаушы ғылым-білімнің маңызын, осы ілімді шәкірт жүрегіне егуші ұстаз қызметінің маңызын аңғартады. Діни танымда, халықтың мифологиялық санасында шәкірттің ұстазға бұлтақсыз мойынсұнуы мен шексіз берілуін, өз еркін ұстазға сеніп тапсыруы арқылы ақиқат ілімді иеленетіні насихатталған. Мұның бір мысалын Мұса (ғ. с.) пайғамбардың Қызыр (ғ. с.) пайғамбарға шәкірт болуынан көреміз. Демек, бұдан ұстаздың зор жауапкершілігін, оның терең ілім иесі болуымен қатар, кемел адамдық қасиеттің иесі болуы керектігін байқаймыз. Дәстүрлі Қазақ мәдениетіндегі рухани-ақылақтық тәрбие ісінде «Ұстаз — шәкірт» қарым-қатынасы кең тараған әрі ғылыми, ағартушылық, мәдени, кәсіптік тәрбие беру тәжірибесін рухани тәжірибемен ұштастырған ерекше жүйе болды. Қазақ халқының шәкіртті ұстаз алдына апарғанда айтылып, мәтелге айналған «Сүйегі — менікі, еті — сенікі» деген сөзінің астарына үңілсек осыны аңғарамыз. Бұл мәтел кеңеcтік замандағы атеистік идеологияға сай бұрмаланып түсіндіріліп келсе, герменевтикалық тұрғыдан сөз астарына үңілсек: «сүйегінің — асылының, рухының иесі — Алла бар, оған қиянат жасама, ал етін сомдау, яғни біліммен көркейту ұстаздың ісі» деген тұспал бар.

Бұл мәтелде ұстаздың шәкірт тәрбиелеу ісіндегі ең негізгі ұстанымның бірі — шәкірттің өзіндік «меніне» құрмет, қайталанбас адамдық тұлғасы қалыптасуына ықпал ету міндеті көрінеді. Ұстаз — пір, яғни ақиқат жолындағы рухани тәрбиеші, жолбасшы ұғымы да қазақ дәстүрлі мәдениетіне жат емес. Қазақ халқының рухани мәдениетінде бай мұра қалдырған, рухани адамгершілік мұраттары мен ақылақтық ұстанымдары, үлгі-өнегесі түркі әлеміне, жалпы адамзатқа ізгілікті, игілікті жол нұсқайтын рухани ұстаздар бар. XIX—XX ғасырларда А. Құнанбаев көшбасшысы болған, ағартушылық идеясын басты ұстаным тұтқан Алаш арыстары қазақ қауымын тың өріс, жаңа өркениет көшіне ілесуге үндеді және осыған негіз боларлық ғылыми-әдістемелік негіз жасады. Кеңестік дәуірде өркендеген ғылым-білім саласындағы жетістіктер негізінде ұстаз мамандығы, педагогика ғылымы жаңа деңгейде дамып өрістеді. (қараңыз Мұғалім)

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]