Мазмұнға өту

Үлкен Аю

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Үлкен аю шоқжұлдызының картасы

Үлкен аю шоқжұлдызы — Солтүстік жартышардың 40° солтүстігіндегі аспанында жылдың барлық мезгілінде көруге болатын жұлдыздар шоғыры.


Ол солтүстік жартышар аспанының 1280 шаршы градусын қамтиды. Аталған шоқжұлдыздың жай көзбен 125 жұлдызын көруге болады. Онда 1-4 дәрежеге дейінгі 20 жұлдыз, 5 дәрежелі 2 жұлдыз, 7 дәрежелі 3 жұлдыз, 8 дәрежелі 4 жұлдыз бар. Гидра шоқжұлдызы мен Бикеш шоқжұлдызынан кейінгі аспандағы үшінші ең үлкен шоқжұлдыз есептеледі. Үлкен аю шоқжұлдызындағы ең көрнекі жұлдыз әйгілі Темірқазық жұлдызын айналып жүрген Жетіқарақшы жеті жұлдызы. Ежелгі заман мәдениеттерінің көбі бұл шоқжұлдызды аюға ұқсатқан екен. Ал, Мысырлықтар оны бұқаға ұқсатқан.

Үлкен аю шоқжұлдызында жұртқа өте танымал Жетіқарақшы жұлдызы орналасқан. Олар аталған шоқжұлдыздағы біршама жарық жұлдыздардан құралғандықтап, шөмішке ұқсайтын пішіні де Аюға ұқсайтын пішініне қарағанда өте айқын болғандықтан аталған шоқжұлдыздан дербес те қарастырыла береді.

Үлкен аю шоқжұлдызы грек астрономы Птоломей жазып қалдырған әйгілі 48 шоқжұлдызының бірі есептеледі.

Аңыз бойынша

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Үлкен аю шоқжұлдызы

Грек мифологиясында Үлкен аю шоқжұлдызының пайда болуын былай сипаттайды:

Ежелгі заманда Каллисто атты сұлу да, мінезі жайдары ару болыпты. Аңшылар құдайы Артемиданың (рим аңыздары бойынша Диана) айналасындағы арулар арасында ол ең тартымдысы болған е��ен. Бірақ ол өзін жоғары санамай, бәріне тең қарап, шын жүрегінен шыққан жақсылығын жұрттан аямайтындықтан жұрттың құрметіне бөленіпті әрі басқа арулармен бірге бақытты өмір кешіпті.

Каллистоның жұрттан өзгеше бір қасиеті бар екен, яғни оның мейірбан сыртқы көрінісінің астарында қайсар мінезі болыпты. Ол басқа Арулар секілді өзен-көл жағасында бос сенделмейді, гүл бағында серуендеп, өлең құрап, ән салып, би билеп жүрмейді. Ол қашанда аңшы киімін киіп, беліне садағын асынып, қолына алтын найзасын ұстап Аңшылардың құдайы Артемиданың соңынан еріп биік тау, жыныс ормандарды аралап, жабайы аң қуалаумен болады. Ол өте батыр болғандықтан арыстан мен жолбарыстың ақырғаны оны сескендіре алмапты, жабайы түлкі оның қолынан қулықпен сытылып кете алмапты. Ол Артемиданың ең сүйікті көмекшсі, әрі ең сенімді серігі болыпты.

Дегенмен өмір өзгерейін десе қас қағым. Жаздың бір шіліңгір ыстығында Каллисто жабайы аң қуамын деп иен орманға кіріп кетеді. Ол қатты шаршайды да, көк шөп арасына құлап, сонда терең ұйқыға кетеді. Құдайлардың Құдайы Зевс (Рим мифологиясы бойынша Юпитер) осының бәрін биіктен көріп отырады. Грек аңызы бойынша ол Аспанның иесі, найзағай құдайы, барша құдайлардың әкесі есептеледі. Ол бәрінен биік, әрі құрметті, баршаны бойсұндырған керемет құдірет иесі болғанымен, бірақ кейде ешкімнің ойына келмейтін қулыққа да барып отырған. Оның ұрлықша аспандағы періштелерді, жердегі аруларды қармаққа іліп, олармен көңілдес болуы соған дейін де көп кездескен жағдай екен.

Франсуа Буштің "Каллисто және Юпитер" суреті, онда Зевс Артемиданың пішінінде көрінген

Көк шөп үстінде ұйықтап жатқан Каллистоны көріп Зевс есін жоғалтып, бұл орайды қалт жібермеуге тырысады. Ол бұлт арасынан түсіп, бір сілкініп Артемиданың пішініне айналып Каллистоның қасына келіп оны құшағына басады. Каллисто тәтті ұйқыдан шошып оянып қараса өзін Артемида құшақтап отырғанын көреді де қатты қуанады. Ол Артемиданың құшағынан шығып аңын жалғасты қумақшы болғанда Зевс өз пішініне қайтып шын кескінін көрсетеді. Қатты сасқан Каллисто қарсылық көрсетеді. Бірақ қолынан бәрі келетін Зевске төтеп беруге оның шамасы жетпейді. Сөйтіп Құдайлардың Құдайы Зевс аңшы Каллистомен қосылып дегеніне жетеді.

Зевс ордасына қайтып оралып, әлемді басқаруын жалғастыра береді. Оның қылмысын жазалауға, оның күнәсін сұрастыруға кімнің қауқары жетсін. Бірақ бейшара Каллисто көргілік көреді. Ол көз жасын сүртіп, үнсыз түрде тобына қайтады және қанша азаптанса да сырын білдірмеуге тырысып, өтірік күлімсіреуге тырысады. Бірақ, енді бұрынғы Каллисто жоқ еді, ол қашанда басын төмен салып, ұяла жерге қараумен болады, бетіндегі күлкі табы да өшеді. Ол ендігі жерде жұрттан оқшауланып, үнсіз түрде ойға батып отыра беретін болады. Аң аулауға бұрынғыдай әуестенбейді, аңға шықса да бұрынғы қайраты мен мінезін көрсете алмайды, есі шығып, әрқашан аңды қашырып жіберумен болады.

Каллисто мен Артемида, Каллистоның жүкті болып қалғанын жұрт білгенде (Шотландияның ұлттық галереясы)

Ең өкініштісі, ол өзінің жүкті болып қалғанын біледі. Қанша жасырса да бұл сырды жұрт ақыры біліп алады. Бұл істің шын сырынан еш хабары жоқ Артемида оған қатты ашуланады, өзінің қызындай болып кеткен Каллистоны аңшылық тобынан қуып жібереді.

Еш сүйенішсіз қалған Каллисто ару еріксіз орманның арғы түкпіріне барып, сонда шөп күрке тұрғызып, өзге арулардан аулақта жапа-жалғыз өмір сүреді. Кейін ол бір ұл туады, оған Аркас деп ат қояды және соны медет етіп өмірін жалғастыра береді.

Зевс "бұл істі баршадан құпия тындырдым, ешкім білмейді" деп ойлайды. Бірақ, оның әйелі Гера Зевстің көңілдесі туралы әңгімені естіп біліп алады. Ол өте такапар, Зевстің өзіне бағына бермейтін долы, шайпау әйел еді. Зевс оның көзіне шөп салыпты, Аркас та туылып үлгіріпті және шешесімен бірге әне ойнап жүріпті, — мұның бәрі оны қатты ызаландырып, Каллистоны аяусыз жазалап, өзінің ханша екені танытып, өш алмақшы болады.

«Юпитер мен Фетида» («Jupiter et Thétis»), Жан Энгр сызған, 1811ж., май бояулы, 330×257 см.

Сөйтіп Гера құпия түрде ормандағы Каллистоның қасына келіп, оны аяусыз қарғап-сілейді, ауыр сөздермен боқтайды. Каллисто оған жалынса да тыңдамай, оның киімін дал-дұл етіп жыртып, жерге жығып алады да "Мен сенің көркіңді құртамын! Екінші ешкімді аздыра алмайтын боласың!" дейді. Осылайша Гера ханым іштей дұғасын оқиды. Каллистоның әппақ денесіне қап-қара жүндер өсіп шығады; әдемі саусақтарына өткір тырнақтар өсіп шығады; қып-қызыл еріндері жойылып, өткір тісті жуан ауызға айналады. Гера Каллистоның бұл істерді Зевске айтып қоюынан қорқады да, оның сөйлеу қабілетін де жоқ қылады. Сөтіп Каллистоның әдемі дауысы күңіреністі гүрілге өзгереді. Сонымен бір дем ішінде Періште секілді әдемі ару Каллисто жоғалып, орнында үлкен бір аю пайда болады.

Бейшара Каллисто ормандағы аң аулау нысанына айналады. Аңшылар күні бойы таулы орманда оны тырқырата қуумен болады. Ақшылардан қашып-пысқан ол әбден титықтайды. Бұрынғы бейбіт те көңілді күндер ақырласып, қайғыдан қан жұтқан ол көз жасын төгіп тоқтамай жылай береді, өзін нашар тағдырға кіріптар еткен Зевсті қарғайды.

Осылайша 15 жыл да сырғып өте шығады. Бұл кезде кішкентай Аркас есейіп атпалдай жігіт болады. Ол шешесі Каллисто секілді батыл, қайсар, тамаша аңшы болады. Бір күні Гера Аркасты көріп қалып, жауының баласының осынша сом денелі батыр болып өскеніне қатты қапаланып, тағы да өштік сайлай бастайды.

Зевс найзағайы, мыс, IIғ.

Бір күні Аркас қолына ұзын найзасын алып, орманда аң қарап жүргенде кенет бір үлкен аю оған қарай жүріп келеді. Бұл аю оның шешесі Каллисто еді. Ол бұл аңшы өзінің 15 жыл бұрынғы кішкентай Арасы екенін біліп, оған жүгіріп келіп құшақтамақшы болады.

Бірақ Аркас көз алдындағы аюдың өз шешесі екенін қайдан білсін! Ол аюдың өзіне тап бергенін көріп, ұзын найзасымен Аюды аяусыз піскілейді. Дәл осы трагедиялы сәтті Аспаннан Зевс көріп қалады. Ол Баласының шешесін өлтіруіне шыдай алмай, құдірет дұғасын пайдаланып, Аркасты да кішкентай Аюға айналдырып жіберді. Сонда барып кішкентай Аркас өз шешесін танып, жүгіріп барып шешесінің құшағына құлайды, сөйтіп шешелі-балалы екеуі қатты қуанады.

Қуғындау

Зевс бұл екеуінің енді қайтып жамандыққа ұшырауына жол бергісі келмей, оларды аспанға көтеріп жібереді. Оларға аспандағы жұлдыздар арасынан салтанатты орын береді. Сөйтіп солтүстік аспанындағы екі шоқжұлдыз Үлкен аю шоқжұлдызы (онда Жетіқарақшы бар) және Кіші аю шоқжұлдызы (онда әйгілі Темірқазық жұлдызы бар) қалыптасады.

Гера қанша ашуланса да Зевске беттей алмайды, бірақ ол Артемидаға осы екі аңның соңынан қуып, оларды атып өлтіруге бұйырады. Сөйтіп екі аюды қуалаған Артемидадан аспандағы Аңшы шоқжұлдызы (Boötes) пайда болады. Ал ол жетелеген екі ит Тазылар шоқжұлдызына (lat. Canes Venatici) айналады.

Гректер Үлкен аю шоқжұлдызы аспанда айналып, ешқашанда Көкжиекке батпауына қарап, мұның бәрі Гераның сұмдығы деп есептеген. Асылы, Гера Аңшы мен Тазыларға шешелі-балалы аюлардың артынан мәңгі қуалауды тапсырып қана қоймай, ағасы — Теңіз құдайы Посейдоннан көмек сұрапты. Посейдон қарындасы Гераның жалған сөздеріне сеніп, оның талабына келісіпті. Сөйтіп, барлық жұлдыздар шығыстан шығып батысқа батса, бір уақ көкжиектің артына жасырынса, Теңіз құдайы Посейдонның мекеніне барып "тынықса", тек шешелі-балалы аюларды ғана Посейдон теңізге, көкжиектің астына жолатпапты. Бірақ бұл Каллистоның Аркастың қасынан бір елі ажырамай, Гераның басқа қулық ойлауынан сақтап тұруға пайдасы да тиіпті.

Үлкен аю шоқжұлдызындағы жұлдыздардың түнгі көріну дәрежесі

Бұл шоқжұлдызға тәуелді аспан аймағында Мессье Каталогына тән 7 аспан денесі орналасқан. Онда тағы көптеген Қосаржұлдыздар мен Өзгергіш жұлдыздар бар.

Атақты жұлдыздар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Үлкен аю ζ жұлдызы өзінің қасындағы серік жұлдызымен бірге көзбен көруге болатын Қосаржұлдыз құраған. Яғни, ол серігі Alcor бар Қосаржұлдыз есептеледі. Ол Қосаржұлдыз ретінде 1650 жылы байқалған. Ол, Телескоп арқылы байқалған Қосаржұлдыздардың ең ежелгісі. Оның екі серігінің жұлдыздық шамасы +2.27 және +3.94, өзара қашықтығы 14.4 бұрыштық секунд.

Үлкен аю ξ жұлдызы сары түсті Қосаржұлдыз, өзара айналатын орбитасындағы периоды 60 жыл. Екі серігінің жұлдыздық шамасы +4.3 және +4.8, өзара арақақашықтығы 1.8 бұрыштық секунд.

Үлкен аю шоқжұлдызындағы арғаспан денелері M81 және M82 галактикалары қатарлылар.

M81 болса классикалық Sb тұрпатты Спиралды галактика есептеледі. Шағын телескоппен оның орталығы элепис пішінді жарық шеңбері қоршағанын анық көруге болады. Оның жұлдыздық шамасы +6.8.

M82 галактикасы M81 галактикасынан 0.5° қашықтықта. Ол қыры бізге қараған, заңдылыққа бағына бермейтін жұлдыздыздық жүйе. Біршама жоғары сападағы телескоп арқылы оның ғажайып тік шаң жолақты өңірі оның өзек өңірін кесіп өткенін байқаймыз. Оның жұлдыздық шамаасы +8.4. M81 галактикасының жерден арақашықтығы12 000 000 жарық жылы.

M97 және M108 Галактикалары:

M97 галактикасытақ және жұп күйдегі үлкен және ақ тұман түсті ғаламшар пішінді тұмандықтардан құралған, жұлдыздық шамасы +11.2. Бақылауға негізделіп, M97 галактикасын Үкі тұмандығы деп те атайды, өйткені оның табағының бетінде екі қараңғы аймақ нүктедей болып көрінеді, оларды орташа деңгейлі телескоптармен байқауға болады.

M108 галактикасы жұлдыздық шамасы +10 болатын жерге бір қырымен көрінетін үйіріліп айналатын спиралды галактика.