Мазмұнға өту

Қаратау арқары

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Қаратау арқары (лат. Ovis ammon nigrimontana) – қуысмүйізділер тұқымдасына жататын аң.

Тек Қаратауда ғана таралған. Осы таудың солтүстік-батысында қаратау арқары мекендейді де, оңтүстік-шығыс бөлігінде қаратау арқарымен бірге қыс айларында Талас Алатауынан қоныс аударып келген Тянь-Шань арқары да кездеседі. Қаратау арқарының 3,5 жастағы құлжасының салм. 70 кг-дай, мүйізінің ұзындығы 70 – 71,5 см, жота жүні қоңырлау келеді. Үйірімен топтанып жайылады. Негізінен таулы аймақтың жазықтау алаңдарында тұрақты мекендейді. Жиі-жиі қоныс аудармайды. Қазан – қараша айларында күйекке түсіп, сәуір – мамыр айларында ешкісі жалқы (егізді сирек табады) қозықа табады. Қаратау арқарының саны өте аз. 1970 жылы Қаратаудың солтүстік-батысында арқар саны 150 – 250-дей болды. Қазір олардың саны 100 – 150-ден аспайды. Саны өте азайып бара жатқандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» еңгізілген.

I-ші санат. Мүмкін, Қазақстан эндемигі, таралу аймағы шектеулі түрше, саны азайып барады. Жойылып кету қаупі бар.

Генофондысын сақтау үшін таксонның маңызы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстан фаунасындағы арқардың 5 түршесінің бірі.

Сырдариялық Қаратау. Бұрын бұл тауда кең тараған болатын; бүгінде оның орталық аласа тауларында кездеспейді. Арқарың солтүстік-батыс популяциясы мен оңтүстік-шығыс популяциясы арасындағы байланыс үзілді. XX-ғасырдың 80-шы жылдарына дейін Қаратаудың оңтүстік-шығыс жағына және оған көршілес жатқан Боролдай тауына Талас Алатауынан арқарлар қоныс аударатын. Бұл арқарлардың тяньшань түршесі. Осында арқардың екі түршесі араласып кетті. Сондықтанда нағыз қаратау арқары тек Қаратаудың солтүстік-батыс жартысында тіршілік етеді.

Мекендейтін жерлері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Таудың жазық далалық учаскелері. Одан үй малдары ығыстырады. Сондықтанда тау бетпейлерінде бұталар өскен тау шатқалында мекендейді.

XX-ғасырдың 40-шы жылдарына дейін Қаратауда арқар едәуір болатын, одан киін тау жайылымдрын шаруашылық үшін игеру оның санын азайтып жіберді. 1976 жылы таудың солтүстік-батыс бөлігінде 17.7 мың гектар жырде 27 арқар есепке алынса, 1979 жылы. 5 мың га жерде – 10, ал 1981-1982 жж. 100 мың га жерде – 60-70 арқар саналды. 1990 жылдың қазан айында солтүстік-батыс Мыңжылқы тауында 100 шаршы шақырым жерде 11 арқар, ал 1993 жылы наурыз айында осындай көлемді жерден 7-ақ арқар саналған. 1998 жылдың ақпан-наурыз айларында 77.6 мың га жерден 35 арқар есепке алынған. 1976 жылы арқардың жалпы саны 150-дей болса, ал қазіргі уақытта бұл көрсеткіш – 100-дей ғана.

Негізгі шектеуші факторлар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Браконьерлік, үй малдарының ығыстыруы, қасқырлар.

Биологиялық ерекшеліктері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Үйірлі жануар. Бір жерде тұрақты тіршілік етеді; алысқа онша қоныс аудармайды. Таңертеңгілік және кешкілік жайылады. Күйек – қазан-қараша айларында, төлдеуі - наурыздың аяғы мен мамыр айында. 1-2 қозы туады. Негізгі азықтары - әртүрлі шөптер; қыста дәнді шөптермен, қияқтармен, жусандармен қоректенеді. Күздік астықтарды да азық етеді. Бәсекештер – үй малдары, әсіресе қойлар. Жаулары – адам, қасқыр. Қозыларына түлкі де қауіпті.

Қолда өсіру

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мәлімет жоқ. Қазақстан хайуанаттар паркінде де ұсталмайды.

Қабылданған қорғау шаралары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Халықаралық табиғат қорғау Одағының Қызыл кітабына енгізелген. Сондай-ақ «Жойылып кету қаупі бар жануардар мен өсімдіктер түрлерімен Халықаралық сауда жасау Конвенциясының» 1-ші қосымшасына кіргізілген. Қаратау қорығында қорғалады.

Қажетті керек шаралары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ұйымдастыру керек. Ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау басқармалары мен аңшылық шаруашылықтарында қаратау арқары сияқты жануарларды қорғау жұмыстарын жақсарту жөн.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]