Қазық
Қазық – арқан, жіп байлау үшін жерге қағылған тірек. Оны ағаштан немесе темірден жасайды.
Қазық түрлері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазық қолданысына қарай ұзынды-қысқалы, жуан-жіңішкелі болып келеді. Оның "өріс қазығы", "өрмек қазығы", "қақпан қазығы", "жел қазық" деген түрлері болады.
Өріс қазығы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Өріс қазығы мал байлағанда, ат арқандағанда қағылады. Қағылатын қазық саны байланатын мал басына байланысты болады. Ол үшін қазық тігінен сіңіріле қағылады. Сонымен қатар, түйе, жылқы, сиыр төлдерін желіге байлау үшін қазық қағылады. Оған жерге қиғаштап екі қазықты қағып, екеуінің арасына желі арқанды кереді. Орта тұсынан шеткерек сіңіріле кiндiк қазық қағылады да, оған желі арқанды мықтап тартып байлайды. Қағылған қазыққа тұқыртып байланған құлындар енесін еміп қоймайды. Бота мен бұзау желіге қазықтар аз қағылып, төлдер тұқыртылмай, бас жібі немесе бұйдасымен емін-еркін байланады. Өріс қазығына байланысты алғаш бие байлағанда атқарылатын жосын-жоралғы бар. Әулеттің жасы үлкен әжесі мал басы көп болсын деп желінің қазығына май жағатын болған.
Жел қазық
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жел қазыққа қатты жел, дауыл соққанда киіз үйді көтеріп кетпес үшін үйдің сыртын айналдыра бастыратын арқанды байлаған. Жел қазықты "күйеу қазық" деп те атаған. Оның күйеу қазық аталу себебі қалыңдығының аулына ұрын барған күйеу жігіт ауылдың сыртынан түсетіндігіне байланысты болса керек. Сол сияқты қазықта киіз үйдің сыртында болғандықтан солай аталған. Күйеу қазық киіз үйдің сыртынан үш-төрт жерден қағылып, нық болмаса қатты дауылда ауыр затпен бастырылған.
Өрмек қазық
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Өрмектің қазығын кілем, алаша, термебауға өрмекағашын құрғанда қалыптың төрт бұрышына қаққан. Өрмекті жүгірткен кезде үш қазық қағылады. Ортада күзу ағаш немесе күйеу ағаш орнатылып, өрмектің технологиялық басты элементі күзу жіпті қалыптастырады. Осылай құрылып дайын болған өрмек көлденең немесе тігінен орнатылады. Көлбеу тоқылатын өрмектің екі жағына екі-екіден төрт қазық қағылып құрылады.
Қақпанға түскен аң қақпанды сүйреп алып кетпес үшін қақпанға шынжыр бау тағылып, ағаш немесе темір қазықпен бекітіледі.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9
Әдебиеттер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Қазақстан, 1969;
- Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987.