Мазмұнға өту

Қазақ мемлекеттік циркі

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Қазақ мемлекеттік циркі
Жалпы мәлімет
Қолданылуы

Цирк

Орналасуы

 Қазақстан

Мекен жайы

Алматы, Абай даңғылы, 50

Ашылған уақыты

1970

Жөнделген уақыты

2013

Картада орналасуы
Қазақ мемлекеттік циркі (Қазақстан)
Қазақ мемлекеттік циркі
circusalmaty.kz

Координаттар: 43°14′20″ с. е. 76°55′02″ ш. б. / 43.239111° с. е. 76.917278° ш. б. / 43.239111; 76.917278 (G) (O) (Я)

Қазақ мемлекеттік циркіАлматы қаласында орналасқан Қазақстанның бас циркі.

Қазақ мемлекеттік циркі Қазақ КСР халық әртісі Г. Ғалиеваның жетекшілігімен 1970 жылы ұйымдастырылды. 1972 жылы Қазақ циркінің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылып, жұмысын бастады. Бұл Қазақ циркі өнерінің өркендеуіне ықпал етті. Қазақ циркі 1972–1978 жылдары ұлттық бояуы қанық үш бағдарлама дайындады.

Оның негізгі бағдарламаларына: «Жылқышылар», «Қыз қуу», «Ат ойыны», «Жер жәннаты», «Байқоңыр», «Атамекен», «Космос симфониясы» және т.б. көптеген бағдарламалар жатады. Қазақ циркі репертуарынан, сонымен қатар: «Түйелер мен аюлар аттракционы», «Шығыс ойыны» (реж. А. Ысмағұлов), «Акробатикалық аңыз» (реж. Н.К. Винник) нөмірлері, «Тың», «Медеу», т.б. новеллалары орын алды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақ циркі «Сиқырлы киіз үй», «Азия жұлдыздары», «Аяз Атаның компьютерлік ойындары», «Цирк қойыртпағы», «Жаңа жылдық думан» және «Үш жуан» атты бағдарламалары қойылды[1]. Цирк ұжымы 1978–1982 жылы Бүкілодақтық цирк өнерінің байқауында жеңімпаз атанды.

Оның жеңімпаздары — Мұрат және Елизавета Жұмағалиевтер, 1983 жылы Прага қаласында өткен халықаралық байқауда Эдуарде Бассе атындағы бас жүлдені жеңіп алды. Олар Кеңес Одағының көптеген қалаларында және шет елдерде, Кубада (1977), Чехияда (1983), Болгарияда және Югославияда (1986) өнер көрсеткен.

1990 жылдар арасында гастрольдік сапармен бірнеше рет Қытай, Польша, Франция, Бельгия, Жапония, Германия, АҚШ, Аустралия елдерінде болып қайтты. Досбатыровтар Верона (Италия), Бельгия, Монте-Карло мен Қытайдағы халықтар Цирк өнері фестивальдерінің жеңімпазы атанса, Т. Трестин мен жылы Бәкенова Польшадағы Еуропа байқауында алтын жүлдеге ие болды. А. Кириченко жетекшілігіндегі “Әуеде ұшу” (1993) нөмірінің әртістері, К. Күнғожинов тобы, В. Гашута орындауындағы “Рен дөңгелектері” нөмірі, Р. Симоненко тобы Қытайда өткен байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Қ. Шалабаев бастаған қазақ шабандоз жігіттері АҚШ цирктерінде, Серік Әбішев бастаған танымал топ Аустралия циркінде табысты өнер көрсетті.

Залдың интерьері, 2018 жылғы мамыр

2000 жылы цирк аумағында “Арлекино” балалар ойын-сауық кешені ашылды. 2001 жылы осында атқа салт мініп жүру (жетекшісі К.Күнғожинов) мектебі құрылды. Қазақ циркінің жанында А.Р. Измаилова же��екшілік ететін “Ерке” ұлттық би ансамблі жұмыс істейді. Олар бірінші Халықаралық “Айналайын” жас дарындар фестивалінің жеңімпазы (1996 жылы), Халықаралық “Nets Carnaval club” фестивалінің дипломанты (Франция, 1999), Халықаралық “Азия дауысы” байқауының жүлдегері атақтарына ие болды. 1999 жылы цирк өнерінің тәжірибе мектебі ұйымдастырылды (жетекшісі М.В. Хуватов). Осы жылы көптеген байқаулардың жеңімпазы болған "Фарандоль” цирк балеті (жетекшісі М. Редько), үш ұжымды: “Бэби-Дэнс” тобын (“Азия дауысы” байқауының үздігі), “Дэнс-класс” , “Просто Так” шоу-балеттерін біріктірген би мектебі (жетекшісі Е. Рудикова), “Әнші балапан” , “Азия дауысы” байқауларында жеңіске жеткен “Мюзик-холл “Улыбка” балалар эстрада театры ашылды (жетекшісі Қ.А. Бөлебеков, 2002 жылдан). 2003 жылдан “Шапито” атты жазғы шатырлы цирк жұмыс жасауда.

Қазақ циркі ғимаратының (архитекторлары В.З. Кацев, И.В. Слонов) архитектурасы шешімінен қазіргі үлгі мен ұлттық сәулет өнерінің үндестігі аңғарылады. Шеңбер күйінде салынған ғимарат төбесі күмбезделіп жабылған. Цирк амфитеатрын (2160 орынды) көмкерген 2 қабатты фойеде киім ілгіш пен дәмханалар, ал әкімшілік-тұрмыс ғимаратында әртістер бөлмелері, жаттығу манежі, асхана, хайуанаттар қорасы және т.б. орналасқан. Хайуанаттарды серуендетуге арналған ішкі ауласы бар.[2]

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Қазақ мемлекеттік циркі

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8