Мазмұнға өту

Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің күні

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

1992 жылғы маусым айының 4-ші жұлдызы Қазақстан Республикасы тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күн еліміздің мемлекттік рәміздері — Туы, Елтаңбасы, Әнұраны — дүниеге келген күн ретінде мәңгі есте қалады.

Қазақстан байрағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Туды сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн, шұғыла, қыран және өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының қатынасы — 1:2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен оның бейнесі, көлемдеріне қарамастан, Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақтаулы тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы эталонының түрлі-түсті және сызба бейнелеріне дәлме-дәл сәйкес келуге тиіс.

Қазақстан елтаңбасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбезі тәрізді бөлігі) бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыздардағы пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы көшірме бейнесі, көлеміне қарамастан Қазақстан президентінің Резиденциясында сақтаулы тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы эталонының түрлі-түсті немесе ақ-қара бейнесіне дәлме-дәл сәйкес келуге тиіс.