Шетелдерде қазақ диаспорасының қалыптасуы
Жаңа заманда қазақ халқының қалыптасу үрдісі Ресей, Қытай, Моңғолия мен Ауғанстанның және Орта Азия мемлекеттерінің аумақтарында одан әрі жалғаса берді. Егер олардың бір бөлігі ол жерлерде ежелгі замандардан тұрып келген болса, енді бір бөлігі жерін күштеп тартып алу, ұлт-азаттық көтерілістерге қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырау және басқа саяси, әлеуметтік-экономикалық себептердің салдарынан сол елдерге барып қоныстануға мәжбүр болды.[1]
Қазақтардың Қазақстан аумағынан тыс жерлерге қоныс аудару себептері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жаңа заманда қазақ халқының бір бөлігі өздерінің тарихи отанынан тыс жерлерде тұрып жатты. Олар бір бөлігі ирредента, ал екінші бөлігі диаспора саналды. Ирредента деп өздерінің ежелгі атамекенінде дәстүрлі өмір сүріп отырған біртұтас халықтың бір бөлігін айтады. Алайда өкінішке қарай, қазақтардың бірқатар жерлері шекаралардың өзгеруі, отаршыл басқыншылық сияқты оқиғалардың салдарынан басқа мемлекеттің құрамында болып шықты. Ал диаспоралар халықтың бір елден екінші елге лажсыз қоныс аударып, өзге халықпен бірге тұруы болып табылады.
Қазақтардың Қазақстаннан тыс жерлерге лажсыздан қоныс аударуы ХІХ-XX ғасырлар шебінде жиі орын алды. Ол кезде қазақ даласын Ресейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударып келген шаруалар арқылы отарлау жаппай жүріп жатты. Қазақтардың ең жақсы, құнарлы да шұрайлы жерлерін күшпен тартып алу жалғаса берді. Міне, мұндай жағдайда қазақтардың өздерінің ежелден отырған, дәстүрлі көшіп-қонып жүрген жерлерін лажсыздан тастап, қайдағы бір құнарсыз, сусыз жерлерге қоныс аударудан өзге амалы қалмады.
Көптеген ұлт-азаттық көтерілістері аяусыз басып-жанышталғаннан кейін қазақтар басқа мемлекеттердің аумағына көшіп кетуге мәжбүр болды. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен соң 300 мыңға тарта қазақ Қазақстан аумағын тастап Қытайға көшіп кетті.[1]
Ресейдің ішкі губернияларындағы қазақтар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақтар Ресей империясымен шекаралас аймақтарда сонау ерте замандардан бері, Ресей отаршылдығы басталудан көп бұрын көшіп-қонып жүрген болатын. Кіші жүз қазақтары Еділ мен Жайық өзендерінің аралығын сонау XV—XVII ғасырларда-ақ емін-еркін жайлап, көшіп-қонып жүрді. XVIII ғасырда қазақтардың едәуір бөлігінің Оңтүстік Оралда башқұрттармен аралас көшіп-қонып жүргені де белгілі. Башқұрттар мен қазақтар көп жағдайда ауылы аралас, қойы қоралас бірге көшіпқонып, жайылымды бірге пайдаланып келді. Қазақтар мен башқұрттардың төскейде малы, төсекте басы қосылып, құда-жекжат болып туысып кеткен тұстары да аз емес. Олар жиын-тойлар мен үлкен астарда ат жарысын, балуан күресін ұйымдастырып, талай қызықты күндерді бірге өткізген болатын.
XVIII ғасырдың 30—40-жылдарында Орынбор өлкесіндегі шекара шебінде әскери бекіністер салу үрдісі қызу қарқын алғанын білеміз. Қазақ халқы өздерінің бұрыннан отырған ата қоныс жерлерінен кең-байтақ даланың ішкі жағына қарай бірте-бірте ығыстырыла түсті. XVIII ғасырдың 30—80-жылдары арасында қазақтар Жайықтың оң жағалауындағы өздерінің дәстүрлі мал жайылымдарын қайтарып алу үшін талай рет әрекет жасап та көрді. Бірақ одан еш нәтиже шығара алған жоқ. Ұзақ жылдар бойы күш-жігер жұмсай отырып, 1782 жылы «сенімді» деген көшпелі Кіші жүз қазақтарының бір бөліп ғана қыс кезінде уақытша көшіп барып, бұрынғы жерлерін қыстап шығуға рұқсат алды.
1801 жылы Кіші жүз қазақтарының бір бөлігіне Жайықтың он жағалауында қайта көшіп баруға ресми түрде рұқсат берілді. Мұнын өзі Ішкі Орданың (Бөкей хандығының) құрылуына алып келді.
1810—1822 және 1835 жылдары патша үкіметі Жаңаелек және Жаңашекара шебі аудандарын Кіші жүз қазақтарының пайдалануынан тартып алды. Сөйтіп қазақтар 4 миллион десятинаға жуық ен құнарлы жерінен айырылып қалды. Кейін ол аудандар Орынбор губерниясының құрамына өтіп кетті.
1897 жылғы Жалпыресейлік халық санағының деректері бойынша Астрахан губерниясында - 42,6 мың, Самара губерниясында - 7,4 мың, Орынбор губерниясында - 3,9 мың қазақ тұрған болатын. Астрахан губерниясына қарасты Ішкі Ордадағы қазақтардың саны 207,3 мыңға жетті. Қазақтардың аздаған бөлігі Пермь, Уфа, Саратов сияқты басқа бірқатар губернияларда қоныстанды.
Қазақтар Батыс Сібірдің оңтүстік аумағында ежелден көшіп-конып жүрді. XV ғасыр мен XVII ғасырдың бас кезінде бұл аймақты қазақтардың қыпшақ, жалайыр, арғын, керей және уақ сияқты тайпалық бірлестіктері мекендеді. Оларды Батыс Сібірдің оңтүстік жағындағы аймақтан XVII-XVIII ғасырларда көшпелі жоңғарлар (ойраттар) бірте-бірте ығыстырып шығарған болатын.
1752—1755 жылдары Орта жүздің солтүстік аймақтарының жерлерінде Жаңашекара ауданы күрылды. Соның салдарынан қазақтардың солтүстіктегі шекарасы оңтүстікке қарай 200 шақырымдай жылжытылды. Ол жерлердегі қазақтар күшпен көшірілді. Қайта-қайта үздіксіз өтініш жасаудың нәтижесінде 1771 жылы Орта жүз қазақтары Тобыл және Томск губернияларымен шекаралас аймақтарға уақытша көшіп-қонуға рұқсат алды. Соның өзінде тек «ерекше сенімді», «шын пейілдерімен берілген» қазақтар ғана аманат беру және жерге жалақы төлеу арқылы орналаса алды.
Патшаның 1788 және 1789 жылдары шыққан жарлықтары бойынша Ертіс бойындағы қазақтардың бір бөлігіне өзеннің оң жақ бетінде «мәңгі көшіп-қонып жүруге» рұқсат етілді. Сібір шекара шебінің ішкі ��ағындағы бос жатқан жерлерді пайдалану мүмкіндігі туды. Қазақтарға алдын ала бірнеше шарт қойылатыны ескертілді: біріншіден, қазақтардың көші-қоны қазыналық елді мекендерге 40 шақырымнан жақындамауы тиіс, екіншіден, олар шекара шебінен асып, 30 шақырым ұзап кетпеуі керек.
Томск және Тобыл губернияларының аумағында көшіп-қонып жүрген қазақтарға 1880 жылы Құлынды даласынан көлемі бір миллионға жуық десятина келетін қосымша жер бөлінді. Қазақтар ол үшін орыс шаруалары сияқты мемлекетке жылына 6 сомнан салық төлеп тұруға міндетті болды.
1911 жылғы есеп бойынша, Томск губерниясында 29 мың, Тобыл губерниясында 9 мың қазақ тұрған. Қазақтардың шағын бір бөлігі Иркутск, Забайкалье және Якут облыстарында да тұрды. Олардың едәуір басым бөлігі мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысты. Бірқатары орыс шаруалары мен қазақтардың жалдамалы қызметкері және бақташысы болып жұмыс істеді.
Ресейде туып-өскен, белгілі қоғам қайраткерлері дәрежесіне дейін көтерілген қазақ азаматтарының қатарына Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгеров, Асылбек, Мұсылманбек және Мұратбек Сейітовтер, Әміре Исин, Мұқан Әйтпенов және басқалары болды.[1]
Қытайдағы қазақ диаспорасының қалыптасу ерекшеліктері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қытайдағы қазақ диаспорасының қалыптасуы XVII ғасыр мен XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-жоңғар соғысына тікелей байланысты болды. Жоңғарлардың басқыншылық шабуылы барысында қазақтар Жетісу, Тарбағатай аймақтарындағы шұрайлы жайылымдарының едәуір бөлігінен айырылып қалды. Мұның өзі ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының бұрыннан дәстүрлі қалыптасқан көші-қон бағыттарының бұзылуына соқтырды.
Қытай-жоңғар және қазақ-жоңғар соғыстарының барысында Жоңғар мемлекеті тарих сахнасынан кетті. Қазақтар өздерінің байырғы дәстүрлі мал жайылымы жерлерін қайтарып алуға тырысты. Бірақ жоңғарлардың көзін жойған негізгі жеңімпаз ретінде қытай үкіметі қазақтардың ондай талабын қабыл алмады. Жоңғар хандығының орнына Қытайда Синьцзянь атты аймақ құрылды. Онда бекініс-қамал түріндегі қалалар салына бастады.
Абылай хан бастаған қазақ билеушілері Қытай өкімет билігі орындарымен бірнеше рет келіссөздер жүргізіп, қазақтардың ежелгі жерлерін қайтарып беру мәселесін қайта-қайта қозғаумен болды. Сонымен бірге қазақтар жаңа аумақтық құрылымның жеріне өз беттерімен қоныстануын да тоқтатпады. Ақырында Қытай өкімет билігі орындары 1767 жылы қазақтардың Синьцзяньға көшіп, қоныс аударуына рұқсат етті. Бірақ оның есесіне қазақтар ондағы жайылымды пайдаланғаны үшін ақы төлеуге тиісті болды. Төлемақының мөлшері әр түліктің 100 басына жылына бір малдан беріп тұру болып келісілді.
XIX ғасырдың аяқ кезінде Қытайда 100 мыңға жуық қазақ тұрды. Бұдан кейінгі жылдардағы халықтың қоныс аудару үрдісі барысында ондағы қазақтардың саны арта түсті. Қазақтардың Қытай шекарасына үдере қоныс аударуының басты себебі патша үкіметінің жергілікті халықтың қолындағы құнарлы жерлерін тартып алуы болды. Сонымен 1911 жылы Қытайдағы қазақтардың жалпы саны 225 мыңға дейін жетті. Ресейден Қытайға 1911 жылға дейін өткен қазақтардың барлығы да 1914 жылы Қытайдың қол астына өтіп, Қытай азаматтығын алды. Өзгелері ел аумағынан күштеп шығарылды. 1916 жылғы ұлтазаттық көтеріліс кезінде патша үкіметінің қудалауына төзе алмаған 300 мыңға жуық қазақ Қытайға өтіп кетті.
Қытайдағы қазақтар мал шаруашылығымен айналысты. Соңғы кезде Шыңжаң қазақтары шекара маңындағы қазақ-орыс саудасын Дамытуда маңызды рөл атқарды.[1]
Моңғолиядағы қазақтар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Моңғолияның батыс бөлігінде тұратын қазақтардың негізгі тобын абақ керейлер құрады. Абақтардың басым көпшілігі бұл елге XIX ғасырдың 60—70-жылдары Қытайдан келген болатын. Оларды бастап келгендер Қожамжар, Самырхан сұлтандар мен Көбеш Айтбайұлы, Жылқышы, Ақтайұлы сияқты рубасылары еді.
Қоныс аударып келудің негізгі себептері Қытайдағы 1850—1864 жылдары тайпиндердің (шаруалардың) және 1862-1878 жылдары дүнгендердің көтеріліс жасауы болды. Көтерілістің негізгі себебі жер тапшылығына байланысты еді. Қытай үкіметі бұл мәселені шешу үшін «жаңа жерлерді игеру» саясатына көшті, Шыңжанда жер иеленуші дүнгендер мен қытайлар қаптап кетті. Мұның өзі ондағы қазақтарға қиын тиді. Малдарына жайылым қалмаған қазақтар Моңғолияға қоныс аударуға мәжбүр болды.
Олар жаңа қонысында да мал шаруашылығымен айналысты. Бірақ жалға алып пайдаланған жайылымдары үшін монғолдарға ақы төлеп тұрды. XX ғасырдың бас кезінде Моңғолиядағы қазақтардың жалпы саны 12 мыңға жуықтады. Моңғолиядағы белгілі қазақ азаматтары Көбеш батыр (1802—1888), Жуанған би, Сугірбай би, Тілеубай молда және басқалар болды.
Түрікменстандағы қазақтар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақтар Каспий сыртын ежелгі заманнан бері мекендеп келген еді. Олар Түрікменстанға Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістері аяусыз басылғаннан кейін барған болатын. Жазалаушы отрядтардың қаһарынан тек сонда ғана құтыла алатын. Мәселен, 1869—1870 жылдары Кіші жүз қазақтарының бір бөлігі Түрікмен жеріне ауып кетті. 1897 жылғы халық санағы бойынша, Түрікменстанда тұратын қазақтардың саны 73 мыңға жуық болды. Түрікмениядағы қазақтар көшпелі мал шаруашылығымен айналысты.[1]
Өзбекстандағы қазақтар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақтар Орта Азия мемлекеттерінің аумағында ерте замандардан бері тұрып келген болатын. Олар әсіресе Ташкенттің, Жызақтың және Ходженттің төңірегінде көп қоныстанған еді. 1820 жылы Ресей саяхатшысы әрі зерттеуші Е. Мейсндорф Бұхар хандығындағы қазақтар туралы былай деп жазды: «Біз қырғыздарды Бұхараның солтүстік-шығысындағы Қаршы, солтүстігіндегі қарақалпақтармен шектесетін Мианкала маңында көп көрдік».
Қазақтардың бірқатар бөлігі бұл жаққа патша үкіметінің әскерлері Оңтүстік Қазақстанды Ресей империясына қосып алғаннан кейін қоныс аударған болатын. Олар Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлының және Есет Көтібарұлы бастаған көтерілістерге қатысып, қуғын көрген, жерінен айрылып қалған қазақтар еді.
1897 жылғы халық санағы Жызақ және Ходжент уезінің аумағында ғана 63 мың қазақ тұратынын көрсетті. Қа��ақтардың көпшілігі мал шаруашылығымен, бірқатары егіншілікпен айналысты. Бұл аумақта олар заң тәртібіне қатаң бағынатындығымен көзге түсті. Сондықтан да оларға сауда керуендеріне Қазақстан аумағында жол көрсетіп, бастап жүру міндеті сеніп тапсырылды.
Ауғанстандағы қазақтар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақтар Ауғанстанда XIX ғасырдың 40-жылдарыңда пайда болды. Ондағы қазақтардың алғашқы тобын Кенесары хан мен Наурызбай батырдың жасақтары құраған еді. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін, қазақ сарбаздарының бірқатары патша үкіметі жазалаушы отрядының қуғын-сүргінінен құтылу үшін Ауғанстанға асып кетті. Кейінірек оларға патша үкіметінің отаршылдық баясатына наразы қазақтардың тобы барып қосылды. Сөйтіп XX ғасырдың бас кезінде Ауғанстандағы қазақтардың саны 2 мындай болды.
Сонымен, XVIII-XX ғасырлардың бас кезінде шекаралас көрші мемлекеттердің аумағында қазақ халқының едәуір бөлігі тұрды. Рас, олардың бірқатар бөлігі ол жерлерді ежелден бері мекендейтін. Ал енді бірқатары қуғын-сүргін (катаклизм) кезінде қоныс аударуға мәжбүр болған еді.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ a b c d e f Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т./ Алматы: Атамұра, 2008. — 352 бет. ISBN 9965-34-816-2
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — Қазақстан тарихы бойынша мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. |