Мазмұнға өту

Хұсни-Жамал Нұралыханова

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы Нұралыханова
Туған күні

1872 (1872)

Туған жері

Бөкей Ордасы

Қайтыс болған күні

1945 (1945)

Қайтыс болған жері

Алматы

Азаматтығы

 КСРО

Ұлты

Қазақ

Қызметі

Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш ұстаз

Әкесі

Зұлқарнай Шөкіұлы Нұралыханов

Жұбайы

Арон Қаратаев

Балалары

Шахзада Аронқызы Шонанова

Хұсни-Жамал Зұлқарнайынқызы Нұралыханова (1872 жылы, Бөкей Ордасы - 1945 жылы[1], Алматы) — қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш мұғалім, Бөкей Ордасында қазақ қыздарына арнап мектеп ашқан.[2]

Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы Нұралыханова 1872 жылы Бөкей Ордасындағы сұлтандар әулетінде дүниеге келген. Әбілқайыр хан әулетінен шыққан, Нұралы ханның шөбересі, Жәңгір ханның немересі, әкесі - Зұлқарнай Шөкіұлы Нұралыханов. Әкесі 1851 жылы белгілі қайраткерлер шоғыры болған Ш.С. Бабажанов, М. Бекмұқамедов (Мақаш әкім), М. Жантөрин секілді қазақ жастарымен бір жылда Орынбордың Нюплеев корпусын бітіріп шыққан.

Хұсни-Жамал Нұралыханова 40 жасында Арон Қаратаевқа, яғни атақты Бақытжан Қаратаевтың інісіне тұрмысқа шығады. Олардың қызы Шахзада Аронқызы Шонанова ату жазасына ұшыраған.

Ол 1894 жылы Бөкей ордасында қазақ қыздарына арнап алғаш мектеп ашқан. Онда қазақтың қайраткер қыздары Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова (Мәншүк Мәметованың анасы) білім алған.

Оралға келіп жұбайы Аронмен орналасқан соң да, Хұсни-Жамал мектебінен қарым қатынасын үзбеген. Әрқашан жағдайларын біліп, жиі хабарласып тұрса керек. Қазақтың зиялы адамдарының басына қара түнек орнаған күндер Қаратаевтардың төңірегін де әбден торлаған еді. Соның салқыны жас семьяны да аяған жоқ. Патша үкіметіне сенімсіздердің қатарына ілігіп, басқан іздері есепке алынып, аңдулы болатын. Солай болғанына қарамастан Хұсни-Жамал Орал қаласында өтетін қазақ интеллигенттерінің басқосуларына уақтылы қатысып тұрған. Әсіресе, Оралда екі тілде шығып тұрған «Қазақстан» газетінің уақтылы жарық көруіне қажетті көмегін аямайды. Газетті шығарушылар амалсыз Астраханьға көшкенде, онда тұратын ағасы, Сейткерейге тапсырып қойған да - Хұсни-Жамал. Сонымен 1910 – 1912 жылдары Хұсни-Жамал нағыз сенімсіз де өте қауіпті адамдардың қатарында қатаң бақылауға алынды.[2]

Хұсни-Жамал өмірінің соңында Шахзаданың қолында Алматы қаласы Краснина 51 үйде тұрған, оған дәлел Шахзада Аронқызы Шонанованың тергеу протоколында көрсетілген.[3]

Ол туралы пікірлер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Оқу министрлігінің Бөкей губерниясындағы инспекторы А.Вознесенскийдің 1897-1898 жылдардағы есебінде: «Хұсни-Жамал – қазақ сұлтанының қызы, Қазанның Земская мектебін бітірген. Білімді өз үйінде ағаларынан алған Хұсни-Жамалдың жасы 25 шамасында, көркем де сүйкімді. Осы жастағы Ордадағы жалғыз қыз... Орысша тым таза сөйлейді. Оның ерекшелігі – өте ұстамдылығында. Қазір ол өзін орыс мектебінің ісіне арнауға ұйғарып отыр делінген[4].

«Ол ақылына көркі сай ерекше жаратылған сұлу жан еді. Тал бойында бір міні жоқ, киім-киісі, жүріс-тұрысының өзі үлкен мектеп болатын. Оның көркем жазуға үйреткені, сүйріктей саусақтары, мәнерлеп оқудағы мақпал даусы әлі есімде. Ол бізге жазу мен оқуды ғана үйретіп қойған жоқ, жұрттың алдында өзімізді қалай ұстауды, жүріп-тұруды, бой күтуді ерінбей-жалықпай үйрететін. Ән салуға, еуропаша би билеуге баулитын» деп жазған Әмина Мәметова[1].

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. a b Бектас Г. Аспанға жазам сенің есіміңді! Айқын ақпарат. Наурыз 7, 2020 ж. https://aikyn.kz/26469/aspangha-zhazam-sening-esimingdi/
  2. a b Сүлейменова Д. "Бөкей Ордасынан Шыққан Ұстаз –Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы". - «Шежіре тұнған құт мекен» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Хан ордасы: 2016, 154-161 б.
  3. ҚР.ҚКОМ. Т1. Іс №06007., 106 п
  4. ҚР мемлекеттік архиві, қор. 502, 1 тіркеу, 03-іс, 17-бет