Мазмұнға өту

Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры
сурет
Орналасуы  Қазақстан
Ақтау
Негізделгені 2003
Директоры Г. Мерғалиева

Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры – сахналық өнер ұжымы.

Тарихы мен қойылымдары

2003 жылдары 21 наурызда Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклімен театр шымылдығы ашылды. Театрдың шығармашылық ұжымын Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының актерлік бөлімін бітірушілер құрады. Театр репертуарынан ұлттық және аударма пьесалар елеулі орын алды. Олардың қатарында Ш. Хұсайыновтың «Алдар көсе», Б. Беделханұлының «Махамбет», С. Назарбекұлының «Ақбөбек» , Ә. Оразбековтің «Бір түп алма ағаш» , И. Сапарбайдың «Сыған серенадасы», М. Абай-Ділдәнің «Шрек» пен «Балшық бала»; С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», В. Гариней мен А. Джаваннидің «Рахат ерлі-зайыптылық», Р. Чинкебаеваның «Алладиннің сиқырлы шамы» , Н. Птушкинаның «Күтпеген махаббат», А. Н. Толстойдың «Алтын кілт», А. П. Чеховтың «Жанжал оқиғасы», Ж.Б. Мольердің «Тартюф», тағы басқалар драматургиялық шығармалар бар.

Жетістіктері

  • Театр ұжымы 2003 жылы Н.И. Сацтың туғанына 100 жыл толуына орай Алматы қаласында өткен республикалық жастар мен балаларға арналған қойылымдар фестиваліне қатысып, Т. Әліпбаевтың «Томирис» спектаклін көрсетті. Аталмыш спектакльді сахнаға шығарған Г. Мерғалиева «тұсаукесер» және актриса А. Наремгенова «көрермен көзайымы» номинациясы бойынша фестиваль лауреаты атанды.
  • 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуымен байланысты Орал қаласында өткізілген 11-республикалық театрлар фестивалінде Б. Беделханұлының «Махамбет» атты поэзиялық драмасын көрсетіп, осы спектакльді қойған Г. Мерғалиева «режиссерлік ізденісі үшін» лауреат атанды.
  • 2004 жылы 7-Шабыт халықаралық шығармашылық жастар фестивалінде Абайдың қара сөздері желісінде жасалған «38 немесе Қарақұрт» (идея авторы әрі режиссері Г. Мерғалиева) спектаклін көрсетіп фестивальдың «ең үздік режиссері» деген номинациясы бойынша Г. Мерғалиева бас жүлдегері атанса, ал суретші Г. Зиятова «ең үздік сахна костюмі» бойынша марапатталды.
  • 2005 жылы әнші Қ. Жандарбеков пен Қ. Байсейітовтің туғанына 100 жылдығына арналған 13-республикалық театрлар фестивалінде театрдың «38 немесе Қарақұрт» қойылымы үшін «шығармашылық жаңа ізденістері үшін» номинациясы бойынша лауреат атанды.
  • Театрға кезінде шығармашылық тәжірибе алмасуға сахна шеберлері Е. Обаев пен Көбеков, актриса Р. Машурова, актер М. Ахманов, театр суретшісі Е. Тұяқов, сондай-ақ Қырғызстаннан С. Матвеев, тағы басқалар шақырылды. Театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас редакторы Г. Мерғалиева, оның шығармашылық ұжымында 30-ға тарта актер (оның 22-сі жоғары білімді, 8-і орта арнаулы білімді және 3-еуі орта білімді) еңбек етеді.
  • Театр ғимаратында спектакль көрсететін 200 орынды, концерттер мен фильмдер көруге арналған 680 орынды 2 залы бар; театрда 9 цех жұмыс істейді.
  • 2012 жылы Әзірбайжан Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған республикалық фестивальге режиссер Г. Мірғалиевтің қоюымен «Зілзала» спектаклімен қатысқан театр ұжымы «үздік режиссерлік шешім» сыйлығын алды. Спектакль негізіне 2011 жылы Жапонияда болған цунами апатынан туған трагедия негіз болды. Осынау интеллектуалдық спектакль қазіргі Қазақстан театр өнері тарихындағы жаңа беттерді ашты.
  • Үш рет сыйлыққа ие болған «Перзентхана» спектаклі республикалық деңгейдегі туынды екенін танытты. Бұл спектакль желісі бойынша кино түсірілгенде театр актерлері де қатысты.

Облыстағы бірден-бір хордың репертуарында Қазақстан композиторлары мен әлемдік классика авторларының шығармалары, сондай-ақ халық әндері орындалады.[1]

Дереккөздер

  1. Қазақстанның мәдени ошақтары. Культурные центры Казахстана: Фотоальбом. – Алматы:«АСА» Баспа үйі» ЖШС, 2012. – 288 б. (қазақ, орыс, тілдерінде) ISBN 978-601-80325-0-9