Николай Павлович Хмелев
Николай Павлович Хмелев (1901 жыл 10 тамыз, Гижний Новгород - 1945 жыл 1 қараша, Мәскеу) – орыс кеңес актері, режиссер, педагог, КСРО халық әртісі (1937).
Өмірбаяны
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Зауыт шеберінің отбасында туған. 1919 жылдан Мәскеу Көркем театрының 2 – Студиясында оқыды. 1922 жылдан осы студияда актер болды, ал 1924 жылы МХАТ-тың негізгі құрамына қабылданды. Көпшілік алдында ойнаған алғашқы рөлі – Ф. Шиллердің «Қарақшылар» трагедиясындағы Шпигельберг. Дәуір тынысын тап басу, идеялық ой айқындығы мен жинақтылық, поэтикалық шындық пен көркем театрлық формаға ден қоюшылық оның шығармашылығына тән қасиет. Әр алуан рөлдерде ойнаған Хмелев өз шығармашылығымен түрлену өнерінің үздік шебері екенін танытты. Әсіресе Алексей Турбин рөлі (Булгаковтың «Турбиндер күнінде», 1926) – актер шығармашылығының зор жетістігіне айналды. Хмелев өз ойынымен халыққа қарсы күрестің қылмыс екенін түсінетін аса айлалы да ақылды қаскүнемнің идеялық жеңілісі мен мінез-күйін, ең соңында ақ гвардияшылықтың күйреу процесін көрермендерге өте нанымды түрде жеткізе білді. 1927 жылы кеңес театрының кезеңдік қойылымына айналған В.В. Ивановтың «Бронепоезд 14 – 69-нда» Ревком төрағасы Пеклеванов рөлінде ойнады. Ол революционер-большевиктің табанды күрес жолын, таптық көзқарасы мен рухани күш жігерін терең де шынайы бейнеледі. 1929 жылы князь К. рөлін (Достаевскийдің «Ағайдың түсі» бойынша) орындады. Осы рөл арқылы актер өз өнерінде жарқын комедиялық пен трагедиялық бояуды өзара шебер шендестіре білетін нағыз сахна суреткері екенін байқатты. Патша Федор Иоаннович рөлін (А. Толстойдың осы аттас трагедиясында, 1935) орындауда Хмелевтің трагедиялық таланты жан-жақты ашылды. Бұдан басқа Силан (А. Островскийдің «Ыстық жүрегінде»), Николай Скроботов «Горькийдің «Дұшпандарында»), Сторожев (Витраның «Жерінде»), Забелин (Погодиннің «Кремль куранттарында»), Каренин (Л. Толстойдың «Анна Каренина» романы бойынша), Фирс, Тузенбах (Чеховтың «Шиелі бақ» пен «Апалы-сіңілі үшеуінде»), Иван Грозный (А. Толстойдың «Азапты жылдарында», қайтыс болуымен байланысты бұл рөлі толық аяқталмады) тағы басқа рөлдерді орындап, совет театрының дамуына елеулі үлес қосты.[1] [2]