Мазмұнға өту

Иқан

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Иқан – орта ғасырлардан сақталған екі ескерткіш орнының ортақ атауы, Түркістан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген археология ескерткіші.

Орналасқан жері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Бірінші Иқан Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылының орталығында орналасқан.

Тарихи деректер, сипаты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кезеңі 10-15 ғасырларды қамтиды. Төбеге айналып кеткен Иқанның негізі қашан қаланғаны жөнінде нақты дерек жоқ. Хафиз Таныш өзінің “Абдулланама” атты еңбегінде Бұхар ханы Абдулла 1582 жылы Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы жорық жасаған кезде Иқанға тоқтап өткенін жазады. 18 ғасырда өмір сүрген белгілі тарихшы П.И. Рычков “Орынбор губерниясының топографиясы” деген еңбегінде Иқанда 300-ге жуық үй болғанын және оның тұрғындары егін шаруашылығымен айналысқанын келтірген. Орта ғасырларда Иқан Түркістан өлкесінің қалалары қатарында едәуір рөл атқарған.
Қазіргі сақталған төбе орны трапециялы болып келген, биіктігі 6-7 м. Көлемі 300х225 м. Оңтүстік-шығыс бөлігінде цитадель қалдығы (50х50), сондай-ақ, құрылымы бойынша әр түрлі ғимараттардың да сұлбасы көрінеді. Қаланың жоспарына қарағанда қақпасы солтүстік-батысына орналасқан бірнеше мұнаралы болған. Сол арқылы қаланы бақылап, қорғап отырған. Қаланың көп жері жаңа құрылыстар салғанда жойылып кеткен.

Екінші Иқан Ескі Иқан ауылының шетіне орналасқан. Кезеңі 4-5 ғасырларды қамтиды. Жергілікті халық “Шана асар” деп те атап кеткен. Төбеге айналған қала орнының жоспары үшбұрыш түрінде 180х110 м аумақты алып жатыр. Ал қазіргі сақталуы бойынша биіктігі 1-1,5 м қамалмен қоршалған. Қаланың ортасында аумағы 40х40 м болып келген цитадель орны бар. Ол да мұнаралы қабырғамен қоршалған. Қаланың орнында басқа да ғимараттардың болғандығы байқалады.[1][2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том
  2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8