Мазмұнға өту

Ингуштар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Ингуштар
галгай
Бүкіл халықтың саны

700 000

Ең көп таралған аймақтар
 Ресей

517 186

 Түркия

85 000

 Сирия

35 000

 Ливан

20 000

 Қазақстан

15 000

Тілдері

ингуш тілі, орыс тілі

Діні

суннизм

Ингуштар (өзд. атауы – галгай) немесе инғұштарРесей құрамындағы Ингушетияның негізгі халқы. Еуропаның, Орталық Азияның және Таяу Шығыстың бірқатар елдерінде ингуш диаспоралары бар. Олар шешендермен бірге Вайнах қауымын құрайды.

Халқы және таралуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ингуштар Солтүстік Кавказда, негізінен Ингушетия мен Солтүстік Осетияда тұрады. Ингуштардың бір бөлігі Кавказға көшсе, кейбірі Осман империясы мен Орталық Азияда өмір сүрді. XIX-XX ғасырлардағы тарихи оқиғаларға байланысты ингуштардың бір бөлігі басқа аумақтарға қоныс аударды.

Дүние жүзіндегі ингуштардың жалпы саны 700 мың адамды құрайды.[1] 2020 жылғы халық санағы бойынша Ресейде - 517 186 адам, оның ішінде 385 мың адам Ингушетияда тұрды. Кейбір ингуштар жақын аумақтарда - Солтүстік Осетияда, Шешенстанда және Қабарда-Балқарияда тұрады. Сонымен қатар ингуштар Түркияда – 85 000 адам, Сирияда – 35 000 адам, Ливанда – 20 000 адам, Қазақстанда – 15 000 адам тұрады.[2]

Ингуш тілі Солтүстік Кавказ тілдер отбасының нах тілдер тобына жатады. 1992 жылы Ингушетия Республикасы құрылғаннан бері ингуш тілі республиканың ресми мемлекеттік тілі ретінде орыс тілімен бір деңгейде болды. Ингуш тілі оқыту тілі емес, жалпы білім беретін, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында пән ретінде оқытылады. Ингуш тілінде оқу, әдістемелік және көркем әдебиеттер шығарылады. Ингуш тілі ресми ақпарат құралдарында: радиода, теледидарда және баспа басылымдарында кеңінен қолданылады. Диалекті бойынша ингуш тілі ерекшеленбейді.

Ингуш әліпбиінің графикалық негізін жасаудың ұзақ тарихы бар, оны үш кезеңге бөлуге болады: араб графикасы, латын және кириллица. Бірқатар ингуш тілін зерттеушілер араб графикасындағы ингуш жазуы (аджам) шамамен 18 ғасырдың ортасынан 1920 жылдардың басына дейін жұмыс істеді деп есептейді. Алайда, ол ресми салаларда - білім беруде, кітап шығаруда және бұқаралық ақпарат құралдарында пайдаланылмады, бірақ тек ингуш халқының шектеулі санының жеке хат-хабарларында таратылды.[3]

Діні сүнниттік мұсылмандар. Ингуштардың дәстүрлі діндері анимизм, тотемизм және магиялық нанымдар болды. Қасқыр, аю, бұғы тотемдік жануарлар болып саналды. Онда еркек пен әйел тіршілік ететін құдайлардың күрделі пантеоны болған. Дьяла құдайы ең жоғары болды.

Орта ғасырларда христиандық аймақта айтарлықтай тарады. Ислам бұл аймаққа XIII-XV ғасырларда ене бастайды, бірақ ол тек XVII-XVIII ғасырларда жазық жерлерде, таулы жерлерде одан да кейінірек - XIX ғасырдың аяғында тамыр жайды. ХІХ ғасырда ислам діні ресми түрде бекітіліп, ингуштердің негізгі діні болып қабылданды.

Басты діни мейрамдар: Маулид Аннаби — раби аль-авваль айының 12 күні аталып өтетін Мұхаммед пайғамбардың туған күні. Дұға оқу, қайыр садақа беруден басқа бұл күні Мұхаммед пайғамбарды мадақтайтын өлең оқылады; Лей-лят Әл-Қадыр — тағдыр шешілетін, тілеу тілейтін түн, Рамазан айының 27 не қараған түн (ингуш тілінде «лейлатыл кадри бийс»). Бұл түні Мұхаммед пайғамбарға Құран түскен. Жыл сайын осы түні Алла әр адамның тағдырына байланысты шешім қабылдайды, дұға оқу арқылы тілеген тілектерін қабыл алады.[4]

Б.з. І ғасырында ежелгі грек географы Страбон өз еңбегінде солтүстік қапқаздық «гаргарейлер» деген халықты көрсетеді. Бұл ингуштердің өз тіліндегі атауы «галгаи» сөзіне ұқсас болғандықтан ғалымдар аталған халықтың тарихы сол кезеңнен бастау алады деп топшылап жүр.

Ингуш жауынгері, XVIII-XIX ғғ.

Ерте кезде ингуштар жеке-дара рулық-тайпалық топ болып, таулы, үстіртті өңірді қоныстанып келген. Джерах, ореппин (кистин), галгай, цорин және мецкаль деген бірлестіктер атаулары тарихтан белгілі. Жазыққа қоныс аудару XVI—XVII ғасырларда басталады. Ингуштардың таудан қоныс аударуының негізгі бағыттарының бірі Тара аңғары және Камбилеевка өзенінің бойындағы жерлер болды. Мұнда, XVII ғасырдың аяғында, Оңгуш ауылы (осыдан ингуш атауы) орналасқан )қазіргі Солтүстік Осетияның Пригородный ауданы, Тарск ауылы). Көші-қон процесі әсіресе XIX ғасырда қарқынды болды. 1810 жылы Ингушетия Ресейдің құрамына кірді. 1817 жылы жергілікті халық Сунжа аймағының көп бөлігінен Назранға қоныстандырылды.

1924 жылы Ресей Федерациясы құрамында Ингуш автономиялық облысы құрылды. 1934 жылы ингуштарды өздеріне тілі мен мәдениеті жағынан туыстас шешендермен біріктіріп, Шешен-Ингуш автономиялық округне, 1936 жылы Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы болып қайта құрылды. 1944 жылы ингуштар шешендермен бірге Орта Азия мен Қазақстанға күштеп жер аударылып, республика жойылып, тек 1957 жылы Шешен-Ингуш Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы қалпына келтірілді, халық өз территориясына оралды, ал жазық Ингушетия аумағының жартысына жуығын құрайтын Пригородный ауданы Солтүстік Осетия Республикасының құрамында қалды.

1991 жылы сәуірде "қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды оңалту туралы" Заңның қабылдануы және 1991 жылы қарашада Шешенстанның тәуелсіздігін жариялауы тәуелсіз Ингуш Республикасын құру қозғалысын тудырды (1992 жылы Ресей Федерациясының құрамында құрылған). Солтүстік Осетиядағы қарулы қақтығыс пен Шешенстандағы соғыс нәтижесінде Ингушетияға 100 мыңға жуық ингуш кірді.[5]

Таулы Ингушетия халқының негізгі кәсіптері егіншілікпен (арпа, сұлы, бидай) біріктірілген альпілік ірі қара шаруашылығы (қой, сиыр, жылқы, өгіз) жетекші орын алды, жазықта жүгері басты дақыл болды. XX ғасырда ауыл шаруашылығының жетекші салалары бау-бақша және жүзім шаруашылығы, биязы жүнді қой шаруашылығы және етті-сүтті мал шаруашылығы болды.

Ингуштардың өнеркәсіптік қызметінде құрылыс (мұнаралар, храмдар мен ғибадатханалар, жер үсті қабірлер) маңызды орын алды. Зергерлік өнер, қару-жарақ, ұсталық, керамика, тігіншілік, тас, ағаш, тері өңдеу дамыған.[6]

Тұрмыс салты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ингуш халықтарының салтында қонақжайлық ерекше маңызды болып табылады. Қонақ ұлтына, дініне қарамастан демалып, тамақ ішіп, қонып шыға алады. Үй иесі оның өмірі мен қауіпсіздігіне толық жауапкершілікте болады. Бұл салтты бұзу қылмыс жасағанмен бірдей болып бағаланады. Ингуштар арасында ба��қа да тау халықтарындай қару алмасу салты таралған, қазір де бар. Ингуштардың маңызды дәстүрі ата-анасын құрметтеу, оларға жол беру, жолын кеспеу, сөзін бөлмеу, үлкендердің сөзіне араласпау, олардан бұрын сөйлеп, сөздерін бөлмеу керек. Қазіршағын отбасылар басым болса, көп балалы отбасылар, әсіресе таулықтарда көп болған.

Ұлттық киім киген ингуш әйелі

Ингуштардың ұлттық киімі шешен, осетин халықтарының киіміне ұқсас. Ерлер басына черкес киеді. Әйелдер кең етекті ұзын көйлек киіп, орамал тартады. Ингуштардың ұлттық киімінің дәстүрлі кавказ ұлттарының киімдерінен айырмашылығы болған жоқ. Тек ерлердің тарихи әскери амунициясы мен әйелдердің «кур-харс» деп аталатын бас киімі ғана ерекшеленеді. Ерлердің киімі — газырлы черкеска («бустами-чуки»), салтанатты жағдайлар мен әскери уақытта киюге арналған. Газырлар оқу-әдірлер, қолдан жасалған оқтарды сақтауға арналған қобдиша ретінде пайдаланған. Ерлердің күнделікті киімі белі қиғаштанып келген жағасы жоқ бешмет болып табылады. Қысқы уақытта бешметті черкесканың сыртынан киген. Жорыққа шыққанда сыртынан башлыкы бар («палчык») бурку («тукул-ферт») киген. Қысқы бас киім папаха («холгыз-кий»), жұмыс істеген киетін бас киім — шапка («кертыттул кий») болған. Жазда ыстық күндері үй жағдайында дайындалған жүннен жасалған шляпа («беген-кий») киген. Ерлер жейделерінің жең ұшы қабаттама, жағасы-тік, жіптен жасалған түймеден тігілген. Сонымен қатар бос шаровар, аяғына қоныш киіп жүрген. Белдеріне күміспен безендендірілген жіңішке белбеу таққан. Әйелдердің киімі салтанатты жағдайларда киетін, күнделікті, арнайы және қаралы күндері киетін киімдерден тұрған. Мерекеге және үйлену тойына киілетін киім («чуки») өте қымбат, алтын және күміс жіптермен тігілген. Белбеу, бас киім, күмістен жасалған алқа кіретін арнайы жинақпен бірге киген. Бұрынғы заманда «кур-харс» деп аталған бас киім болған.

Тағамдар ингуш тілінде «шу» деп аталды. Құрметті тағам арнайы сойылған қой етінен, егер қонақ асығыс болса, күрке тауық немесе тауық етінен дайындалады. Етті ірі етіп турап, картоп, көк шөптен дәмдеуіштер қосады. Дәстүр бойынша келген қонаққа арнайы мүшелер: жартылай бөлінген малдың басы, төс, жамбас беріледі. Етке қосып сорпа, жұмыртқа, көк шөп дәмдеуіштері негізінде дайындалған тұздық, одан кейін қонақтың тілегі бойынша сорпа береді. Бұдан басқа етке табаққа салып жүгері немес бидай ұнынан жасалған тұз қосылмаған қамырдан пісірілген («халтымыж») үзік кеспе береді. Ас үстінде ингуш халқы дәстүрінің ұстанымдарына негізделген ерекше әдеп сақталады. Екінші тағамға, шайға үйде дайындалған халва, күріш пен мейіз, өрік, қара өрік қосылған тәтті палау, түрлі ұннан жасалған тағамдар: бәліш, құстіл («зокаж») және т.б ұлттық сипаттағы тағамдар ұсынады.

Ингуштардың бай фольклоры бар. Ингуш халқы ауыз әдебиетіне, эпостық жырларға өте бай. Дәстүрлі музыкалық аспаптарына: үш шекті балалайка («дахчин пандыр»), саз-сырнай, зурна, шекті аспап («чендырг») и дауылпаз («фатт») жатады.[7]

Қазақстандағы ингуштар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1943 жылдың қазан-қараша айларында Кеңес өкіметі мен Қызыл Армияға қарсы террористік әрекеттер ұйымдастырмақ болды деген айып тағылып, осыған орай ингуштар Қазақстанға 1944 жылдың ақпан айынан бастап күштеп көшірілді. Қазақстанда 15 мыңнан астам ингуштар тұрады (2013).[8]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. https://www.kavkaz-uzel.media/blogs/378/posts/35574?ysclid=ls67qtorvg743224967
  2. https://nazaccent.ru/nations/ingushi/
  3. https://xn--74-6kcq7bhn4g.xn--p1ai/stati/narodyi/ingushi.html?ysclid=ls65dttb8b541291966
  4. https://travelask.ru/articles/ingushi-semya-i-chest-prevyshe-vsego?ysclid=ls65rtaxpe343505011
  5. http://www.etnosy.ru/node/218
  6. http://www.etnolog.ru/people.php?id=INGU
  7. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том
  8. Қазақстан халқы. Энциклопедия. /Бас.ред. Ж.Н.Тойбаева./Құраст.Ғ.Жандыбаев., Г.Егеубаева.- Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2016. 187-бет ISBN 978-601-7472-88-7

Тағы қарыңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]