Мазмұнға өту

Жаңажол мұнай-газ конденсат кен орны

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Жаңажол мұнай-газ конденсат кен орны
48°21′31″ с. е. 57°28′43″ ш. б. / 48.35861° с. е. 57.47861° ш. б. / 48.35861; 57.47861 (G) (O) (Я)Координаттар: 48°21′31″ с. е. 57°28′43″ ш. б. / 48.35861° с. е. 57.47861° ш. б. / 48.35861; 57.47861 (G) (O) (Я)
Ел Қазақстан
АймақАқтөбе облысы
Ашылған уақыты1978 жыл
Жаңажол мұнай-газ конденсат кен орны (Қазақстан)
Жаңажол мұнай-газ конденсат кен орны
Жаңажол мұнай-газ конденсат кен орны (Ақтөбе облысы)
Жаңажол мұнай-газ конденсат кен орны

Жаңажол мұнай-газ конденсат кен орныКаспий маңы ойпатының шығыс ернеуі маңындағы ірі газ-конденсат кен орындарының бірі. Кен сыйыстырушы көтерілім 1960 жылы сейсмикалық барлау жүмыстары нәтижесінде анықталды. Іздеу бұрғылауы 1961 жылы басталды. Алғашқы өнеркәсіптік ағым 1978 жылы ортаңғы карбонның карбонатты таужыныстарынан алынды. Өнімді қатқабатқа КТ-1 деген индекс берілді. КТ-1 қатқабатын барлау жумыстары 1978 жылдан 1984 жылға дейін жүргізілді, осы жұмыстарды жүргізу барысында 23-ші барлау ұңғымасы көмегімен төменгі карбонатты қатқабаттық (КТ-ІІ) өнімділігі анықталған.

Географиялық орны

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы аумағында, Ақтөбе қаласынан оңтүстікке қарай 240 км қашықтықта орналасқан.

Геологиялық құрылымы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Стратиграфиялық тұрғыдан өнімді қатқабат ортаңғы карбон Мәскеу жікқабатына тиесілі қашар горизонтын және төменгі карбонның жоғарғы бөлігін қамтиды. КТ-І және КТ-ІІ өнімді қатқабаттар бір-бірінен қалыңдығы 216 м-ден 417 м-ге дейін өзгеретін терригендік-карбонатты шөгінділермен бөлінген. Кенорын тектоникалық тұрғыдан алғанда қанаттарының еңістену бұрыштары 40-тан 120-қа дейін өзгеретін, меридианға бойлас бағытта созылған брахиантиклин қатпардан орын алған. Қатпар екі дөңеспен (солтүстік және оңтүстік) және тектоникалық бұзылыстармен күрделіленген. Аталған бүзылыстардың біреуі батыс қанатты, қалган екеуі көтерілімнің орталық бөлігін тілгілеп өтеді.

Жатыс сипаты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Құрылым үш блокқа дараланған, олар оңтүстік, орталық және солтүстік блоктар деп аталады. Батыс блок ауқымындағы бұзылыс амплитудасы 100-150 метрді, қатпардың орталық бөлігіндегі бұл көрсеткіш 40-50 метрді құрай��ы. -3350 және -3550 изогипстер ауқымында тоғысқан құрылым мөлшері 29x8 км. Оңтүстік күмбез амплитудасы - 200 м, солтүстік күмбездің бұл көрсеткіші - 400 м. Анықталған жатындар шомбал-қойнауқаттық, күмбездік типке жатады, оларға тектоникалық тұрғыдан қалқалану элементтері тән. КТ-ІІ өнімді қатқабат литологиялық тұрғыдан доломиттердің жұқа қабатшаларын кіріктіретін әктастардан құралған. Олардың ауқымында екі өнімді буда - Г және Д будалары анықталған. Жинауыштары кеуекті, ашық кеуектілігі - 9,5-12,6%, өтімділігі - 0,0-61-0,395 мкм2.

Мұнаймен қаныққан қалыңдық 7,7-54 м, газбен қаныққан қалыңдық 29,1-52,5 м аралығында өзгереді. Жатындардың биіктігі 50-350 м. Мұнайға қанығу коэффициенті - 0,82-0,89, газбен қанығу коэффициенті - 0,78-0,83. Г және Д будаларындағы алғашқы қойнауқаттық қысым - 37,5-39,6 МПа, температура - 77-81%. Мұнай дебиті әр түрлі: Д будасында бұл көрсеткіш 2,5-116 м3/тәу болса, Г будасында 2-281 м3/тәу аралығында. Газ дебиті 219 мың м3/тәу-ке жетеді.

Мұнайлары жеңіл, тығыздығы - 809-827 кг/м3, тұтқырлығы төмен, күкіртті (0,7-1,11%), парафинді (4,9-7,1%). Силикагель шайырларының мөлшері - 4,23-6,8%, асфальтендері - 0,43-1,78%. Қойнауқаттық мұнайдың газбен қанығу дәрежесі 263,3 м3/т-дан аспайды. Алғашқы қойнауқаттық қысым 28,7 (А будасы)-29,64 МПа (В, В1 будалары) аралығында өзгереді, қойнауқаттық температура - 57-62°С. Мұнай дебиті - 1347-148 м3/ тәу., газ дебиті 93-148 мың м3/тәу. аралығында.

Жатынның мұнайлы және газды-конденсатты бөлігінде еріген газдар өздерінің құрамы жағынан жеңіл және ауыр мұнайларға жатады, олар этан кіріктіруші, олардың құрамындағы ауыр көмірсутектердің үлесі - 8,5-19,6%, метанның үлесі 68,2-87,3% аралығында өзгереді. Құрамындағы көмірсутектің мөлшері - 2,04- 3,49%, азот - 1,02-2,19%, көмірқышқыл газы - 0,57-1,08%, аз-маз мөлшерде гелий бар (0,0-10-0,014%). Газдағы тұрақты конденсат мөлшері - 283 г/м3. Тығыздығы - 711-746 кг/м3, ондағы күкірт мөлшері - 0,64%. Топтың құрамында 70%-ға дейін метанды, 20% нафтенді және 10% хошиісті көмірсутек бар. Конденсат дебиті - 34-162 м3/тәу. КТ-І қабатының қойнауқаттық сулары хлоркальцийлі типті, тығыздығы - 1067-1091 кг/м3, минералдығы - 93,5-133,7 г/л. Төменгі карбонатты қатқабат жатындарының жұмыс режимі суарынды және серпінді-суарынды, жоғарғы карбонатты қатқабаттық бұл көрсеткіші суарынды және газды режимдердің қосындысымен сипатталады. Кен орны игерілуде.