Мазмұнға өту

Есік обасы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Сақалар көсемінің катафракт сауыт-сайманына бейнелі алтын қабырышақпен оқаланған тері сауыты, Есік обасы.

Есік обасысақ дәуірінен сақталған ескерткіш. (б.з.б. 5 — 4 ғасырлар) Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласының маңында, Есік өзенінің жағалауында орналасқан. 1969 — 70 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.Ақышев, мүшелері Б.Нұрмұханбетов, А.Г. Максимовалар) зерттеген. Бұл маңдағы сақ дәуірінен сақталған обалар бірнеше топқа бөлінеді. Мұның ішінде ең көрнектісі — үлкен Есік қорымы. Қорым құрамында солтүстіктен оңтүстікке созыла 3 км² жерді алып жатқан 45 топырақ (диаметрі 30 — 90 м, биіктігі 4 — 15 м) оба бар. Арасынан алты үлкен оба қазылды, бұлардың қатты тоналған үшеуінен заттай дерек кездеспеген. Төртіншісінен үлкен төртбұрышты қабір ішіне басын батысқа қарата бірге жерленген екі адамның мүрдесі, темір түйреуіш, көптеген алтын жапсырмалар табылды. Есік обасы біздің заманымыздан бұрын V-IV ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларының тарихы мен мәдениетінен хабар беретін аса көрнекті ескерткіш. Обадан табылған 4 мыңнан астам бұйымдардың көбі алтыннан жасалған.

Ал алтыншы оба — әлемдік маңызы бар “Алтын адамның” табылуы себепті ғылым мен мәдениетке “Есік обасы” деген атпен енді. Сақ ханзадасы диаметрі 60 м, биіктігі 6 м обаның астындағы шырша бөренелерден жасалған ағаш қабірге қойылған. Мұның өзі бүйірдегі қосымша қабір, ал негізгі қабір толығынан тоналып кеткені анықталды. Ханзада 4 мың алтын әшекей тағылған киімімен, қару-жарақ, ыдыс-аяғымен жерленген. Күміс тостағанға түсірілген 26 таңбалы жазу қазір “Есік жазба ескерткіші” деген атпен белгілі және мұның әліпбилік жазу екендігіне күмән келтірілмейді. Бұдан солтүстік-батысқа таман орналасқан тағы бір обаның диаметрі 58 м, биіктігі 4,5 м. Қазу барысында обаның бірнеше рет кезектесіп қаланған тас және топырақ қабаттарынан тұратыны, сондай-ақ, тоналғандығы да анықталды. Үлкен қабірдің аумағы 5,1х2,3 м, тереңдігі 1,8 м. Тонау кезінде біршама бүлінген қабір ішінен кішірек жұқа алтын жапсырмалар, күміс сырға, қыш ыдыстар және қоладан құйылған ғұрыптық ыдыс табылды. Сирек кездесетін мұндай ыдыс Жетісуда тұңғыш рет кездесті, ол конус пішіндес аласа тұғыр мен жайпақ тостағаннан тұрады. Ғұрыптық жораларды өткізу кезінде сақтар осындай ыдысқа хош иіс шығаратын заттарды жағып түтіндетіп қоятын болған. Есік обасы сақ кезеңінің әлеуметтік-экономикалық деңгейін көрсететін ерекше ескерткіштерге жатады.[1][2]

Есік обасындағы қабір құрылысы, былайша тұрғызылған болса керек: әуелі ұзына бойы батыстан шығысқа бағытталған тікбұрышты қабір шұңқырын қазған. Оның түбіне бөрене қима — лақат жасалған. Оның құрылымы өте қарапайым: ұзындықтары бірдей бөренелерді көлденеңінен лақаттың қабырғасы болатындай етіп соққан. Бұрыштарында бөренелер өзара байланбаған, тек түйісіп қана тұр, лакаттың ұзын және көлденең қабырғаларындағы бөренелердің ұштары қабірдің опырылып түспеуі үшін кезек-кезек ұмсындырылып шығарылған.

Лақаттың қабырғаларына бөренелер бес қатар етіп салынып, ол үстінен де ұзын қабырғаларына көлденеңінен қойылған беренелермен жабылған. Түбіне жақсылап өнделген он тақтайдан бір-біріне жақсы қиюластырып еден төселген. Еденге өлік пен неше түрлі нәрселер койылған.

Шамасы, еденнің өлік жатқызылған тұсына ұсақ алтын қаптырмалары мен әшекейлеп тігілген мата төсеніш төселген болуы керек. Төсеніш үстіне тамаша сәнді киімі кигізіліп, бес қаруы түгел асылған өлік қойылған. Қалыптасқан салт бойынша, өлік аяқ-қолы созылып, басын батыска, бетін жоғары қаратып шалқасынан жатқызылған, оң қолының саусақтары кіндігінен темен қойылып, сол қолы бір жағына созылып жатыр.

Оң жағында бел тұсына темір семсер қойылған. Қару ілетін аспалы белдікке алтын қаптырмалар мен жолбарыс басының бедерлі бейнесі бар өткерме шегелеген. Белдіктің сол жағына шауып бара жатқан бұлан мен ат пішінінде жасалған екі алтын тілігі жапсырылған, қайыспен қапталған ағаш қыны бар темір ақинақ ілінген. Оның әшекейлері арасынан белдіктің аспалары үшін жасалған, бүктетілген қасқырдын бедерлі бейнесі салынған цилиндр формалы екі қаптырма-тоға ерекше көз тартады.

Сол қолының қарында алтын ұшты символды жебе, одан жоғарырақ сабы жалпақ алтын таспамен бұнақтала оралған қамшы, одан жоғарырақ - ішіне қола айна мен қызыл бояу салынған шағын жібек қоржын жатты.

Лақаттың еденіне өлік тамағы салынған және ыдыстар қойылған. Жазуы бар күміс тостаған мен алшақ тұрған алтынмен қапталған қола тегененің де соларға жататыны анық. Оның ішінде жыртқыш құстың тұмсығы мен тырнақтары түрінде жасалған бірнеше мүсіндік алтын тіліктер жатыр.

Ыдыстарды орналастыруда белгілі бір тәртіп сақталған. Қыш және ағаш ыдыстар белек қойылған. Онтүстік қабырғаға жақын ағаш ыдыстар, арт жағында — екі қатарда төрт табақша, алдыңғы жағында — тегенелер мен ожау түр. Екінші қабырға жанына қыш құмыралар бір-біріне түйістіріліп, бір қатарға тізіліп қойылған, олардың алдында тегенелер орналасқан, тегенелердің арасында екі күміс тостаған мен қасық бірге қойылған. Қола аяк бөлек, каңқаның бас жағында тұр. Лақаттың шығыс кабырғасы жағындағы еден бөлігі заттардан бос. Сірә, лақаттың есігі (Бесшатыр обаларындағы сияқты) оның шығыс жағында болса керек.

Жерлеу ғұрпы жасалып, дене қойылған соң лақат қысқа бөренелермен жабылып, шұңқыр топырақпен көмілген де. Антропологтардың анықтауынша, Есік обасына жерленген адам 17—18 жасар, бет бітіміне қарағанда ол сақтарға жатады. Ол алтынмен мол тігілген сәнді киім киінген. Басына түгелдей түрі де, көлемі де әр түрлі алтын аптырмалармен сәнделген, төбесі шошақ, биік (65—70 сантиметрге дейін) бас киім киген. Бас киім жылқы, барыс, таутеке, құс бейнеленген 150-дей алтын қаптырмалармен және тоғалармен сәнделген. Есік жауынгернің мойнында — үшы жолбарыстың басы іспеттес алтын алқа, сол жақ сырғаларында — перузадан жасалған салпыншақтары бар, көз салған алтын сырға болған. Үстіне мата көйлек кигізілген, оның өңірі мен жендері неше түрлі алтын қаптырмалар мен тізбелер араластырып, әшекейлеп, кестеленген; көйлектің сыртынан киілген қызыл бояумен боялған былғары бешпенттің өн бойы жолбарыстың басы бейнеленген алтын тоғалармен және үш сала жапырақ формасындағы кішкене тоғалармен қапталған. Бешпенттің сыртынан зооморфтық стильде жасалған, көздін жауын алатын он алты көлемді қаптырмамен қапталған құрама белдік тағылған. Белдіктің оң жағына қызыл қынға салынған ұзын темір семсер, сол жағына бұлан мен жылқы бейнеленген алтын қаптырмалар шегеленген қыны бар темір ақинақ ілінген. Шалбар тігіс-тігісі бойымен ұсак алтын шеттіктермен әдіптелген және балақтары бешпенттегідей алтын қаптырмалар шегеленген саптама етікке сұғындырылған. Сақ жауынгері саусағына екі алтын жүзік таққан, олардың біреуі — сәнді бас киім киіп қырын қарап тұрған адамның бас бейнесі бар алтын (жүзік-мөр). Есік обасындағы қабірдің мерзімі б. з. б. IV ғасырдың алды - III г. деп белгіленіп отыр.[3]

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы
  2. Жетісу энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл. — 712 бет + 48 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 9965-17-134-3
  3. «Қазақстан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. — Алматы: Атамұра, 2010.—59 ISBN 978-601-282-026-3