Қарақия ауданы
Қазақстан ауданы | |||
Қарақия ауданы | |||
| |||
Әкімшілігі | |||
---|---|---|---|
Облысы | |||
Аудан орталығы | |||
Ауылдық округтер саны |
7 | ||
Ауыл саны |
9 | ||
Әкімі |
Сымбат Қуанышұлы Төретаев | ||
Аудан әкімдігінің мекенжайы |
Құрық ауылы, Досан батыр көшесі, №8 | ||
Тарихы мен географиясы | |||
Құрылған уақыты |
1973 | ||
Жер аумағы |
64297 км² (1-ші орын) | ||
Уақыт белдеуі | |||
Тұрғындары | |||
Тұрғыны |
36 737[1] адам (2023)(4-ші орын) | ||
Тығыздығы |
0,6 адам/км² (5-ші орын) | ||
Ұлттық құрамы |
қазақтар (98,98%), өзбектер (0,33%), орыстар (0,33%), басқалары (0,36%) 2022 ж.[2] | ||
Сандық идентификаторлары | |||
Пошта индексі |
130300-130306[3] | ||
Автомобиль коды |
12 | ||
Қарақия ауданы - Маңғыстау облысының оңтүстігінде орналасқан әкімшілік бөлініс. Солтүстігінде Маңғыстау, батысында Мұнайлы ауданы, оңтүстігінде Түркіменстанның Балқан уәлаяты, шығысында Өзбекстанның Қарақалпақстан республикасымен шектеседі.
1973 жылы құрылды. 1993 жылға дейін Ералиев ауданы деп аталды. Жер аумағы 64,3 мың км2. Тұрғыны 33,5 мың адам (2014). Аудан құрамындағы 10 елді мекен 2 кенттік, 4 ауылдық округке біріктірілген. Орталығы – Құрық ауылы.
Табиғаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ауданның жер бедері негізінен жазық, солтүстік-шығысы Үстірт аумағында. Мұнда Қазақстандағы теңіз деңгейінен төмен жатқан барлық ойыстар орналасқан. Ауданның батысындағы Ащысор (–39 м) мен Қарақия (–132) ойыстарын Маңғыстау мен Кендірліқиясай үстірттері бөліп жатыр. Қарынжарық ойысы (–70 м) мен Қарашек к-нің қазаншұңқырлары (–21 м) Үстірттің оңтүстік бөлігімен шектеседі. Ауданның ең биік жері Батыс Үстірт кемерлі шыңындағы Қараман шоқысы (340 м). Шығысындағы Үстірт бөлігінің жер бедері төрткілді болып келеді. Батысындағы Каспий теңізі жағалауы жарқабақты. Мұнда Қазақ шығанағы, Кендірлі, Ақсу, Тоқмақ шығанақтары бар. Бұларды кезінде Исан түбегі деп атаған. Мұнда теңіз адының әсерінен пайда болған неше түрлі ғажайып бағаналар, үңгірлер мен қуыстар жиі кездеседі. Қарақия ауданының жер қойнауында мұнай мен газдың, ұлутастың, уранның кендері мол. Маңызды мұнай кен орындарына Жетібай, Өзен, Теңге, т.б. жатады. Олар 20 ғасырдың 60 жылдарынан бері кеңінен пайдаланылып келеді.
Өсімдік пен жануар әлемі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Сор, сортаңды сор, ауданның көтеріңкі келген тұсында қиыршықты сұр, сортаңды сұр топырағында, негізінен жыңғыл, сексеуіл, изен, жүзгін, бұйырғын, т.б. сораң шөптер өскен. Ауданда емдік шипалы өсімдіктер көптеп кездеседі. Олар: ерқұны, жалбыз, киікоты, жантақ, жусан, адыраспан, т.б. Жабайы аңдардан қасқыр, түлкі, қоян, қарсақ, шиебөрі, күзен, ақбөкен, арқар, қарақұйрық, т.б. бар. Ауданда Қаракөл-Қарақия мемлекеттік қорықшасы, Үстірт қорығы орналасқан. Мұнда кеміргіштердің 40, құстардың 100, өсімдіктердің 400 түрі өсіріледі.
Сулары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жер беті сулары Каспий теңізінің шығыс айдыны мен жазда қарасуларға бөлініп қалатын сортаң сулы өзеншелерден (Қарақия ойысындағы Ащыағар өзені т.б.) және тұзды Қарашек көлінен тұрады. Теңіз жағалауында Александрбай және Қазақ шығанағы орналасқан. Шығанақтан Ада құмқайыры арқылы Кендірлі шығанағы бөлінеді[4].
Климаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қарақия ауданының климаты континенттік. Каспий теңізі тек ауданның жағалық өңірі климатына ғана әсері бар. Аудандағы қаңтар айының орташа температурасы –7С, шілдеде 26С. Қыста қар жамылғысы жұқа және ұзақ жатпайды. Жауын-шашын тым аз, жылдық орташа мөлшері 75 – 100 мм. Жыл бойы желді болып тұрады[5].
Халқы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Халық өте сирек қоныстанған. Әр 1 км2-ге шаққанда 0,4 адамнан, ал облысы маңызы бар Жаңаөзен қаласы, Жетібай, Мұнайшы кенттері орналасқан аймақта 4,6 адамнан келеді. Ауыл тұрғындары 8 елді мекенде ғана шоғырланған. Ірі елді мекендері: Құрық а. (7,2 мың адам), Жетібай (9,1), Мұнайшы (3,6) кенттері және Бостан (1,4), Сенек (1,8) ауылдары. 2019 жылдың 1 қаңтарына ауданның халық саны 37 мың адам.
Этнос | Саны, адам | Пайыздық үлесі, % |
---|---|---|
Қазақтар | 37 224 | 98,94 |
Орыстар | 139 | 0,36 |
Өзбектер | 120 | 0,31 |
басқа этностар | 138 | 0,39 |
Санақ жылы | Саны, адам | Ер адам саны | Әйел адам саны |
---|---|---|---|
1989[6] | 28 341 | 14 031 | 14 310 |
1999[7] | 23 437 | — | — |
2009[7] | 38 318 | — | — |
2015[8] | 34 066 | - | - |
2019 | 37 621 | 19 092 | 18 529 |
Экономикасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қарақия ауданының бір ерекшелігі – мұнда егістік пен шабындық жерлердің болмауы. ауыл шаруашылығына жарамды жер аумағы 498,8 мың га. Жерінің басым көпшілігі (80%-ға жуығы) жайылымнан тұрады. Осыған байланысты аудан ауыл шаруашылық бағытында негізінен төрт түлік мал өсіруге маманданған. 1995 жылға дейін Қарақия ауданында қаракөл қойын өсіретін 2 кеңшар (Қарақұдық және Ералиев атындағы), Құланды жылқы зауыты және Қызылөзен түйе кеңшары жұмыс істеген. 1996 жылдан бастап олардың негізінде шаруа қожалықтары құрылды. Одан басқа ауданда мұнай-газ барлау экспедицияициясы, құрылыс-монтаж кәсіпорны, материалдық жабдықтау базасы, автобаза, бірнеше байланыс бөлімшелері, т.б. жұмыс істейді. Мұнда «Тасболатойл корпорейшн», «Ер-Сай», «Упетром Посерко» атты шетелдік компаниялар жұмыс істеп аудан халқын жұ��ыспен қамтып отыр[9].
Инфрақұрылымы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Білім беру саласы бойынша ауданда 13 орта, 5 бастауыш, 1 жұмысшы жастар мектебі, өнер мектебі, балалар мен жасөспірімдер мектебі бар. Денсаулық саласында ауданы аурухана мен емхана, өкпе және жұқпалы аурулар ауруханасы, 4 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 2 фельдш. пункт және ауданы сан-эпидемиол. ст., 3 фельдш.-акушерлік пункт, минералдық ыстық сумен емдейтін орын, т.б. мекемелер бар. Ауданаралық жол қатынасы, негізінен республикалық және халықар. маңызы бар Құрық – Ақтау – Жаңаөзен, Жаңаөзен – Марата (Түрікменстан), сондай-ақ Ақтау – Жаңаөзен т. жылы арқылы іске асырылады. Аудан аумағында Бекет ата, Шопан ата жер асты мешіттері орналасқан.
Әкімшілік бөлінісі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Аудан құрамындағы 7 ауылдық округке 8 елді мекен біріктірілген:
Әкімшілік бірлік | Орталығы | Елді мекендері | Халқы |
---|---|---|---|
Болашақ ауылдық округі | Болашақ ауылы | 1 | 764 |
Бостан ауылдық округі | Бостан ауылы | 1 | ▲2028 |
Жетібай ауылдық округі | Жетібай ауылы | 1 | ▲13541 |
Құланды ауылдық округі | Құланды ауылы | 1 | ▲1633 |
Құрық ауылдық округі | Құрық ауылы | 1 | ▲11466 |
Мұнайшы ауылдық округі | Мұнайшы ауылы | 1 | ▲5209 |
Сенек ауылдық округі | Сенек ауылы | 2 | ▼1819 |
Әкімдері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Әділбек Дауылбаев 2009-2017
- Қыдырберді Беков 2018-2023
- Сымбат Төретаев 2023-
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақстан Республикасы халқының жынысы және жергілікті жердің типіне қарай саны (2023 жылғы 1 қаңтарға)
- ↑ Қазақстан Республикасы халқының жекелеген этностары бойынша саны (2022 жыл басына)
- ↑ Қазақстан почталық индекстері
- ↑ Аудан тарихы Мұрағатталған 24 наурыздың 2017 жылы.
- ↑ Аудан тарихы Мұрағатталған 24 наурыздың 2017 жылы.
- ↑ - 1989 жылғы Бүкіл кеңестік халық санағының қорытындылары. Мичиган университеті 2009. 1 том
- ↑ a b - 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағының қорытындылары. Астана 2011. 1 том Мұрағатталған 22 сәуірдің 2021 жылы.
- ↑ Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі. Қазақстан Республикасы тұрғындарының облыстар, қалалар мен аудандар, жынысы мен жас ерекшелігі топтары, этностық бөлігі бойынша 2015 жылдың басындағы саны Мұрағатталған 18 қыркүйектің 2020 жылы.
- ↑ Аудан тарихы Мұрағатталған 24 наурыздың 2017 жылы.
|
|