Ежелгі Тараз қаласы
Ежелгі Тараз қаласы – Жамбыл облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қатарына жататын археологиялық ескерткіш.
Орналасқан жері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жамбыл облысы, Тараз қаласының орталық базары аумағында орналасқан. Оның маңайын қала үйлері алып жатыр. 20 ғасырдың бас кезінде ұзын дуалдар төңірегінде отыздан астам төмпешіктер-қорғандар, қоныстар, орымдар қалдығы бар еді. Қазіргі кезде олардың бәрі тегістеліп, үйлер салынған. Сүлейманов көшесінің батыс бөлігіндегі төрткүл және телеорталық ауданындағы қоныс, сондай-ақ қаланың солтүстік шетіндегі ұзын дуалдардың жекелеген бөліктері сақталынып қалды.
Кезеңі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]І–ХІХ ғасырлар. "Тараз" қазақ тілінен аударғанда оның Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ең үлкен сауда орталығы ретіндегі сипаттамасын береді. Қала туралы алғашқы деректер VI ғасыр соңындағы византияның тарихи құжат көздерінде кездеседі. Қаланың жоспарлы құрылымы бірнеше трихи кезеңде қалыптасты.
Зерттеулер мен қазба жұмыстары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1867 жылы қалашықты П.И. Лерх зерттеді. 1893–1894 жылдары Талас даласындағы ескерткіштермен бірге Әулиеата аумағындағы қалалар ескі орнын В.В. Бартольд қарап шықты. Алғаш рет қазба жұмысы 1927 жылы (М.Е. Массон) жүргізілді. 1938 жылы қалашық Шахристан қамалына КСРО ҒА Қазақ бөлімшесі экспедициялары (А.Н. Бернштам) алты жерден қазу жүргізді. 1940 жылы қазуды Жамбыл археологиялық пункті (Г.И. Пацевич), 1958 жылы – Қазақ КСР-нің АЭҒЗИ-нің Тараз археологиялық экспедициясы (Т.Н. Сенигова) жүргізді. 1960–1965 жылдар аралығында Қазақ КСР ғылым академиясының АЭҒЗИ (Е.И. Агеева, Т.Н. Сенигова, М.С. Мерщиев) ортаазиялық экспедициясы қайта қазу жұмыстарын жүргізді, 1983–1985 жылдары Қазақ КСР ғылым академиясының Тараз археологиялық экспедициясы, одан кейін Қазақ КСР-нің тарихи және мәдени ескерткіштер жиынтығы археологиялық экспедициясы жалғастырды. Ескерткіштердің түгелдей жойылғанына қарамастан көп жылғы археологиялық жұмыстардың, сондай-ақ қазіргі қала аумағына құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде табылған заттар нәтижесінде көне және орта ғасырдағы Тараз өмірінің әртүрлі кезеңдерін сипаттайтын елеулі материалдары жинақталды. Тараз орнына құрылыс орындары салынды, сондықтан қалашықтың бейнесін 19 ғасыр мен және 20 ғасырдың 30 жылдарындағы жиналған мәліметтер негізінде көз алдымызға елестетуге болады.
Қала қазбасының сипаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазба жұмыстары орта ғасырдағы Тараздың қамалдан, шахристаннан, рабаттан (қорған) және аумақтардан тұрғанын айғақтайды. Қазіргі кезде шахристанның солтүстік дуалының 370 м-ге дейін, батысы 160 м-ге дейін созылғандығын аңғаруға болады. Оңтүстігінде қалашық қалдықтары 200 м қашықтың көлемінде байқалады. Шахристанның солтүстік дуалына қамал жалғасқан. Жоба бойынша ол тік бұрышты төбе, жақтауларының ұзындығы 175 м (солт.), 117 м (батысы), 115 м (шығысы) және 125 м (оңтүстігі).
Қабаттар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тік қазу жұмыстары шахристан мен қамалдың өмірі кезеңдерін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жаңа дәуірдің алғашқы ғасырына тән қабаттар қамал мен шахристанның оңтүстік-батыс бөлігін қазу кезінде табылған шикі балшықтан жасалған кірпіштер сынықтарынан, қыш ыдыстардан, күлді қабаттардан анықталды. Қатпар қалыңдығы - 0,5 м.
Қамалды қазу барысында 4–6 ғасырлардағы қабаттар ашылды, оның қалыңдығы 1,5 м-ге дейін барды. Одан тік бұрышты шикі кірпіштен - 50 х 29,5 х 9,5 см - қаланған бөлмелер қалдығы аршылды. Ғимарат қабырғасы 1 м биіктікке дейін сақталған, ені - 1-1,5 м. Қабаттар астынан өзіндік пішіні бар қыш заттар - жұқа жақтаулы шөшкелер, құмыралар, хумдар, темір пештер табылды. 6–8 ғасырлар аралығында қабаттары барлық қазу кездерінде кездесті. Олардың мықтылығы 1,5 х 2,5 м. Қамалға баратын кеулеме қазба орнында осы кезеңге жататын екі дәліз бен бөлме табылды. Олар шикі кірпіштен көлемі. 26–28 х 50–60 х 8–9 см етіп қаланыпты.
Заттар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қыш заттары түрлерінің әрқилылығымен және сән ерекшелігімен дараланады. Осы жерден формасы металл ыдыстарға жақын алмұрт формалы құмыралар, шыныаяқтар табылды. Ойып салынған оюлары бар қақпақтар, қыш мүсіндерді құюға арналған үлгілер, сирия жазуы бар ыдыстар шықты. 8–10 ғасырлардағы қатпарлар осы кезеңдегі қала өмірінің аса қауырт болғанын айғақтайды. Табылған темір ақшалар 7–8 ғасырларды көрсетеді. Күйдірілген кірпіштен салынған (0,22 х 0,22 х 0,05 м), едені төселген бөлмелер, төселген тастар құрылыс техникасының өзгергенін дәлелдейді. Толық пісірмей жасаған қыш заттары ішінде қызғылт ойып салынған өрнектері бар жылтыр шыныаяқтар мен құмыралар көп кездеседі. Әбден суарылған ыдыстар ақ, ашық, көк және қоңыр түспен жылтыратылған және өсімдік өрнектері салынған. 11–12 ғасырларда металл ақшалармен ерекшеленеді. Қабаттар астынан темір пышақ, қалайы бұйымдар сынықтары, шыны мен тастан жасалған алқалар, шыны ыдыстар табылды. Көп мөлшерде суарылған ыдыстар шәшкелер, тәрелкелер, шырақ сауыттары шықты. Сіңірілген бояу түстері ашық және ақ. Өрнектер қоңыр, көк, қызыл бояулармен, кейде олар оюлармен үйлестіріле боялған. Өрнектері өсімдік суреттері, геометриялық, эпиграфиялық болып келеді. Суарылмаған қыштар тар мойынды құмыралар, шыныаяқтар, шәшкелер, хумдар.
Монша қалдықтары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қалашықтың әртүрлі бөлігінде жүргізілген қазба жұмыстары Тараздың әркездегі кезеңдерін аңғартатын құрылыс кешендері мен тұрақтарын айғақтайды. Шахристанның шығыс бұрышы жағынан қазылған 200 шаршы метр алаңнан монша қалдықтары табылды. Жобасында ғимарат шаршы формалы (13,5 х 12,5 м), сыртқы қабырғасының қалыңдығы - 1 м. Барлығы 7 бөлме аршылды: орташа көлемі 3,05 х 3,15, 2,52 х 3,92. 1-бөлменің қабырғаларында қызғылт бетке салынған таңбалар және қатарластыра қара түспен сыза жүргізілген сегіз бұрышты сары жұлдыздар сақталыпты. Еден сары, қызыл түсті, мөлшері 0,5 х 0,5 х 0,08 м тегіс тастармен төселген. Биіктігі 0,4 м, ені 0,28 м орындық бөліктері сақталған. 2-бөлмеде (3,05 х 2,52 м) кірпіш ванналар мен кір жуғыш ыдыстар болған. Ванна батыс қабырғаға жақын еденде тұрған. Оның ұзындығы 1,75, ені 0,47, биіктігі 0,6 м. Оның іші мен сырты цемент сылақпен қапталған. Бөлменің оңтүстік қабырғасы қызғылт түспен сырланған. Қабырғаның жоғарғы жағы екі бөлікке бөлінген, асты үшкіл (биіктігі 0,5 м, тереңдігі 0,3 м) қуыстармен әрленген. Шығыс жақ қабырғасы шахмат тәртібімен орналастырылған сары түсті жұлдыздармен әшекейленген. 2-бөлме ені 0,79 м есік арқылы үшіншісімен жалғасқан. Бұл жерде ені 0,34 м, тереңдігі 0,26 м астау тұрған. Ашық қызғылт түсті бөлме қабырғаларының іргесіне сары және қызыл түсті сегіз және алты бұрышты деталдар салынған. Көрші 4-бөлменің (2,44 х 2,46 м) қабырғаларында өрнектер жоқ. 5-бөлме нашар сақталған. 6-бөлменің (3,15 х 3,11 м) қабырғалары жақсы сақталған. Қабырға бойына орындықтар қойылған. Батыс қабырғасы сегіз қырлы өрнектермен жабылған, түсі, қара түспен контур жүргізілген, алты қырлы өрнектер сары және қызыл түспен боялған, ал оңтүстігіне жапырақшалы өрнектер жүргізілген. Ең үлкені 7-бөлме (6,71 х З,93 м). Сары және қызыл түсті тегіс плиталы еден жақсы сақталған. Қабырғаларына қуыстар жасалған. Монша бөлмесі құлаған төбесіне қарағанда күмбезбен жабылған сияқты. Моншаға су арнайы орыннан қазылған құдықтан келеді. Бөлмелер монша едені астынан салынған ыстық өткізгіш каналдар көмегімен жылытылған.
Тараз моншасының салыну техникасы, қабырғаларының өрнектері мен безендірілуі сондай-ақ 11 ғасырдың мерзімімен белгіленген бұхар темір ақшаларының табылуы моншаның 11–12 ғасырларда, қаланың экономикалық гүлденуі кезеңінде болғанын дәлелдейді. Орта Азияда монша 8 ғасырдан бұрын пайда болған жоқ, содан кейін таяу және Орта Шығысқа, ақырында Орта Азияға Жерорта теңізі аумағынан ауысқан секілді. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда салынған моншалар (Отырар, Баласағұн) жобасы крест үлгісінде. Көптеген моншалардың іргелері Тараз моншасы сияқты өрнектелуінің жиілігімен ерекшеленді.
Тараз моншасы Таяу Шығыстағы Қайыр әл Хайыр әл Гарби моншасын еске салады. Қалалық су құбырларының қалдықтары да моншалар мерзіміне сәйкес келеді. Оның 12,8 м белігі зерттелді. Су құбырлары тастан, малта тастан, топырақтан төселген «жастықтар» үстіне қойылған үсті тегіс таспен жабылған. Құбыр үзіктерінің кигізілетін тұстары қыштан жасалған. Олардың ұзындығы 0,25–0,8 м, диаметрі 0,21–0,22 м. Су құбырына су Талас бөгенінен су айдағыш бассейн арқылы жіберіліп тұрған. Су қоймасынан су қыш құбырлармен қаланың барлық бөлігіне жеткізілген. Су құбыры жұмысы 13 ғасырда тоқтады.
Тараз қалашығының қазба материалдары Ресей Мемлекеттік Эрмитажы, Қазақстан Мемлекеттік Орталық мұражайы қорларында, Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының және Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайларында сақтаулы.
Ескі қаланың аумағында халық арасында Әулие-Ата деп аталатын XI ғасырлық Қарахан кесенесі мен XIII ғасырлық моңғол хандарының наменгері Шамансұрдың кесенесі орналасқан. 1220 жылы Таразды Шыңғысхан басып алып, толығымен бұзды. XIX ғасырдың басында ежелгі Тараздың орнында Әулие-ата бекінісі дами бастады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақстанның тарихи-мәдени нысандарының және жаппай зиярат ету орындарының альбомы/ ; ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ; [жоба авторы Т. Бекбергенов ; бас ред. А. Р. Хазбулатов]... – Астана : [б. ж.], 2018. - 495 б., суретті; . – Библиогр.: 490 б. . – 100 дана – ISBN 978-9961-23-485-9
|