Титан кентастары
Титан кентастары – құрамында өндірісте бөліп алу экономикалық жағынан тиімді болатындай мөлшерде титаны бар минералды шикізат. Басты минералдары: ильменит (43,7 – 52,8% ТіО2), рутил, анатаз және буркит (94,2 – 99,5%), лейкоксен (61,9 – 97,6%), лопарит (38,3 – 41%), сфен (33,7 – 40,8%), перовскит (38,7 – 57,8%). Титан кентастары алынатын кен орындарының көпшілігі кешенді болып келеді. Сондықтан титанмен қатар темір, ванадий, цирконий, скандий, фосфор, ниобий, тантал, торий, т.б. алынады. Титан кентастарының өндірістік кен орындарын магмалық, экзогендік және метаморфтық кендер деп 3 генетикалық топқа бөледі. Магмалық кендер негізді және сілтілі интрузиялармен байланыста болады. Олардың ішінде ильменитті, титаномагнитті, габбродағы ильменит-гематитті, нориттердегі габбро, т.б. көрініс береді. Кентастары сеппе, тұтас түрінде және пішіндері линза, желі, құбыр тәрізді болып келеді. Қрі кен орындары кембрийге дейінгі және ерте палеозой кезеңдерінде түзілген: Тегавус (АҚШ), Тельнес (Норвегия), Лейк-Тио (Канада). Бұл типтегі кен орындарының қоры жүздеген млн. т болады. Экзогендік кендерге морылу қыртысындағы ильменитті, анатазды, рутилді титан кентастары жатады. Олар ильменит пен рутилдің аллювийлік, аллювийлі-көлді, аллювийлі-делювийлік және ильменит, лейкоксен, рутилдің теңіз жағалаулық шашылымдары түрінде ұшырасады. Қрі кен орындары (Австралия, Жаңа Зеландия, Малайзия, т.б.) соңғы палеозой, мезозой, кайнозой кезеңдерінде түзілген. Қазақстанның әр бөліктерінде табылған және барланған титантитанның шашыранды кендерінің саны 50-ден асады. Метаморфтық кендер габброидтық тау жыныстары есесінен түзілген тақтатастарда, метаморфизмге шалынған қорымдардан орын алған. Титан кентастары магниттік сепарация, эл.-магн. сепарация, гравит. әдістермен байытылады; шахта, карьер әдістері бойынша өндіріледі. Қазақстанда титан кентастары тау жыныстарының мезозойлық, кайнозойлық морылу қыртыстарында кездеседі. [1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ ұлттық энциклопедиясы, 18 том
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |