Жарма ауданы
Жарма ауданы — Абай облысының орталық бөлігінде орналасқан әкімшілік бөлініс. Жер аумағы 22,6 мың км². Аудан орталығы – Қалбатау ауылы.
Қазақстан ауданы | |
Жарма ауданы | |
Әкімшілігі | |
---|---|
Облысы | |
Аудан орталығы | |
Ауылдық округтер саны |
14 |
Кенттік әкімдіктер саны |
4 |
Қалалық әкімдіктер саны |
1 |
Ауыл саны |
49 |
Қала саны |
1 |
Әкімі |
Нұрлан Борсукбаев |
Аудан әкімдігінің мекенжайы |
Қалбатау ауылы, Достық көшесі, №105 |
Тарихы мен географиясы | |
Координаттары |
49°16′25″ с. е. 81°08′12″ ш. б. / 49.27361° с. е. 81.13667° ш. б. (G) (O) (Я)Координаттар: 49°16′25″ с. е. 81°08′12″ ш. б. / 49.27361° с. е. 81.13667° ш. б. (G) (O) (Я) |
Құрылған уақыты |
1928 |
Жер аумағы |
22,6 мың км² |
Уақыт белдеуі | |
Тұрғындары | |
Тұрғыны |
36 518[1] адам (2023) |
Ұлттық құрамы |
қазақтар (91,41%), орыстар (5,15%), немістер (0,88%), украиндар (0,58%), татарлар (0,46%), басқа ұлт өкілдері (1,52%)[2] |
Сандық идентификаторлары | |
Автомобиль коды |
18 |
Географиялық орны, жер бедері
өңдеуАудан батысында Абай ауданымен, оңтүстігінде Аягөз ауданымен, шығысында Ақсуат, Көкпекті аудандарымен, солтүстік-шығысында ШҚО-ның Ұлан ауданымен, солтүстік-батысында Жаңасемей ауданымен шектесiп жатыр.
Жері таулы және шоқылы болып ��еледі. Ауданның солтүстік-шығысында Қалба жотасы орналасқан. Абсолютiк биіктігі 500 – 865 м болатын Асқарлы, Сарыжал, Қарауылтөбе, Жуантөбе, Барақтықан, Ақбиік, Қарамұрын шоқылары бар. Оңтүстік-шығысында абсолютiк биіктігі 780 – 1090 м. Сарыжал, Қандығатай, Жұмағұл, Қарғалы, Желдіқара, Қаратақыр, Әулиешоқы, Семетей, Мұсасерек шоқылары орналасқан. Шар өзенінің жоғары а��абын және аудан жерінің батысы мен солтүстік-батысын Еңірекей, Қызылбиік, Сабал, Белтерек, Қаратау, Қасымбел, Маятас, Арқат және Қарағайлы таулары қамтыған. Кен байлықтарынан алтын, кобальт, никель, қалайы, вольфрам, құрылыс материалдары, т.б. бар.
Тарихы
өңдеу1928 жылы 17 қаңтарда Өскемен уезінің Шар, Колбин және Красно-Октябрь, жартылай Зайсан уезінің Көкпекті және Семей уезінің Луначарский болыстарының жерінен Семей округінің құрамында Жарма ауданы құрылды. Орталығы Жарма станциясы маңындағы кент болды (1928 жылы 3 қыркүйекте БОАК-мен бекітілген).
1930 жылы 17 желтоқсаннан бастап округтік бөліністің жойылуына байланысты таратылған Жаңасемей, Өскемен аудандарының кейбір бөлігі Жарма ауданына қосылып, аудан ірілендірілді.
1932 жылы 20 ақпанда Жарма ауданы Шығыс Қазақстан облысының құрамына енді (1932 ж. 10 наурызда БОАК-мен бекітілген).
1939 жылы 14 қазанда Жарма ауданы Шығыс Қазақстан облысынан жаңадан құрылған Семей облысының құрамына өтті.
1939 жылы 16 қазанда Шар ауданы бөлініп шығып, оған Афанасьев, Божығұр, Кезеңсу, Кудасов, Шалабай ауылдық және Шар кенттік кеңестері берілді.
1942 жылы «Қазаншұңқыр» кеніші маңындағы елді мекен кент мәртебесін алды.
1952 жылы Мырзағұл ауылдық кеңесі таратылды.
1953 жылы Балажал және Қазаншұңқыр кенттік кеңестері ауылдық кеңеске айналды.
1954 жылы Қазаншұңқыр, Балажал, Сталин ауылдық кеңестері жойылды. Таратылған Сынтас ауылдық кеңесінің орнына Бөке кенішінде Ленин кенттік кеңесі ұйымдастырылды.
1957 жылы Малай ауылдық кеңесі Михайловка ауылдық кеңесі болып өзгертілді.
1958 жылы Түрксіб, 1961 жылы Маринов ауылдық кеңестері таратылды.
1963 жылы 2 қаңтарда Жарма ауылдық ауданы құрылып, оған Шар ауданынан Божығұр, Делбегетей, Кезеңсу, Киров, Мұрат, Ново-Баженов, Шалабай ауылдық кеңестері қосылды.
1964 жылы 31 желтоқсанда Жарма ауылдық ауданы мен Шар өнеркәсіптік ауданы біріктіріліп, орталығы Георгиевка ауылы болды.
1966 жылы Мұрат ауылдық кеңесі Қарасу, Шар ауылдық кеңесі Георгиевка, Балықтыкөл ауылдық кеңесі Белтерек ауылдық кеңесі болып өзгертілді. Делбегетей ауылдық кеңесі Жаңасемей ауданына берілді.
1972 жылы 10 наурызда Жарма ауданынан қайта құрылған Шар ауданына Белтерек, Божығұр, Кезеңсу, Октябрь ауылдық кеңестері мен Әуезов кенті берілді.
1978 жылы Криуши, 1981 жылы Ново-Реченск ауылдық кеңестері құрылды.
1985 жылы Бөке жұмысшылар кенті есептік деректерден шығарылып, Юбилейный кентіне жұмысшылар кенті мәртебесі берілді.
1996 жылы Ново-Реченск ауылдық округі таратылып, Солнечный кенті ауылдық елді мекенге айналып, Жаңғызтөбе кентінің қарамағына өтті.
1997 жылы 3 мамырда Семей облысы таратылып, аудан Шығыс Қазақстан облысының құрамына енді.
1997 жылы 23 мамырда Жарма ауданына таратылған Шар ауданының аумағы енді.
2007 жылы аудан орталығы Георгиевка ауылының атауы Қалбатау болып өзгертілді.[3]
Климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі
өңдеуКлиматы тым континенттік. Қаңтардағы орташа ауа температурасы –16 – 18°С, шілдеде 20 – 21°С. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлш. 200 – 300 мм. Жер беті суын ауданның шығыс жағында – Шар мен Қызылсу өзендері құраса, оңтүстігінде Шардың сол саласы – Жарма өзені мен Зайсан көліне құятын Көкпекті мен Ащысу өзендері құрайды. Көлдер ауданның тек батыс жағында кездеседі. Ірілері: Қазылжан, Балықшы көлдері, Шолақтерек, Ақсор, Тұздыкөл, Ащыкөл, Қарасор. Шар өзенінде Ақжол мен Бөке кенттерін сумен қамтамасыз ету үшін Шар бөгені салынған. Аудан жерінде негізінен қара, қызғылт қоңыр және боз топырақтар тараған. Онда бұта аралас селеу, көде, бетеге, жусан өседі. Өзен бойларында көптеп тоғайлар кездеседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қоян, биік тауларда арқар, сарышұнақ, суыр, көлдер мен өзен бойларында қаз, үйрек, шағала, аққу, далалы жерлерде бозторғай, безгелдек, бұлдырық, дала бүркіті мекендейді. А. ш-на пайдаланылатын жерінің аумағы 2,17 млн. га (2008), жыртылған жері 26,5 мың га, шабындығы 128,2 мың га, жайылымы 1,97 млн. га. Аудан жерімен «Түрксіб» т. ж. мен респ. маңызы бар Алматы – Семей автомобиль жолы өтеді.
Халқы
өңдеу1939 | 1959 | 1970 | 1979 | 1989[4] | 1999 | 2009[5] | 2021 | 2023 |
---|---|---|---|---|---|---|---|---|
57873 | ▼39166 | ▲73705 | ▼42764 | ▲42786 | ▲60247 | ▼44770 | ▼37460 | ▼36518 |
Тұрғындары 38 048 адам (2019). Ұлттық құрамы: қазақтар – 92,26%, орыстар – 5,86%, басқа ұлт өкілдері – 1,88%.
Әкімшілік бөлінісі
өңдеу50 елді мекен 1 қалалық, 4 кенттік әкімдік пен 14 ауылдық округке біріктірілген:
Ауылдық округтері | 2009 | 2021 | 2021 2009-ға пайызбен | Ерлер 2009 | Ерлер 2021 | 2021 2009-ға пайызбен | Әйелдер 2009 | Әйелдер 2021 | 2021 2009-ға пайызбен |
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
Ақжал ауылдық округі | 2063 | ▼ 1655 | 80,2 | 1001 | ▼ 859 | 85,8 | 1062 | ▼ 796 | 75 |
Аршалы ауылдық округі | 581 | ▼ 376 | 64,7 | 278 | ▼ 192 | 69,1 | 303 | ▼ 184 | 60,7 |
Әуезов кенттік әкімдігі | 2834 | ▲ 2859 | 100,9 | 1405 | ▲ 1421 | 101,1 | 1429 | ▲ 1438 | 100,6 |
Белтерек ауылдық округі | 813 | ▼ 525 | 64,6 | 417 | ▼ 268 | 64,3 | 396 | ▼ 257 | 64,9 |
Божығұр ауылдық округі | 915 | ▼ 692 | 75,6 | 484 | ▼ 365 | 75,4 | 431 | ▼ 327 | 75,9 |
Бірлік ауылдық округі | 823 | ▼ 811 | 98,5 | 432 | ▼ 410 | 94,9 | 391 | ▲ 401 | 102,6 |
Бірлікшіл ауылдық округі | 583 | ▼ 435 | 74,6 | 304 | ▼ 230 | 75,7 | 279 | ▼ 205 | 73,5 |
Жаңғызтөбе кенттік әкімдігі | 4325 | ▼ 3675 | 85 | 2116 | ▼ 1741 | 82,3 | 2209 | ▼ 1934 | 87,6 |
Жарма кенттік әкімдігі | 1165 | ▼ 745 | 63,9 | 598 | ▼ 386 | 64,5 | 567 | ▼ 359 | 63,3 |
Жарық ауылдық округі | 1234 | ▼ 716 | 58 | 657 | ▼ 368 | 56 | 577 | ▼ 348 | 60,3 |
Қалбатау ауылдық округі | 10871 | ▲ 11306 | 104 | 5276 | ▲ 5684 | 107,7 | 5595 | ▲ 5622 | 100,5 |
Қапанбұлақ ауылдық округі | 1011 | ▼ 752 | 74,4 | 541 | ▼ 402 | 74,3 | 470 | ▼ 350 | 74,5 |
Қарасу ауылдық округі | 1318 | ▼ 742 | 56,3 | 696 | ▼ 426 | 61,2 | 622 | ▼ 316 | 50,8 |
Қаратөбе ауылдық округі | 1316 | ▼ 938 | 71,3 | 669 | ▼ 482 | 72 | 647 | ▼ 456 | 70,5 |
Қызылағаш ауылдық округі | 823 | ▼ 399 | 48,5 | 419 | ▼ 210 | 50,1 | 404 | ▼ 189 | 46,8 |
Суықбұлақ кенттік әкімдігі | 2358 | ▼ 1418 | 60,1 | 1240 | ▼ 740 | 59,7 | 1118 | ▼ 678 | 60,6 |
Үшбиік ауылдық округі | 1436 | ▼ 1265 | 88,1 | 696 | ▼ 637 | 91,5 | 740 | ▼ 628 | 84,9 |
Шалабай ауылдық округі | 1189 | ▼ 928 | 78 | 616 | ▼ 496 | 80,5 | 573 | ▼ 432 | 75,4 |
Шар қалалық әкімдігі | 9112 | ▼ 7223 | 79,3 | 4514 | ▼ 3634 | 80,5 | 4598 | ▼ 3589 | 78,1 |
ЖАЛПЫ САНЫ | 44770 | ▼ 37460 | 83,7 | 22359 | ▼ 18951 | 84,8 | 22411 | ▼ 18509 | 82,6 |
Мәдениеті
өңдеуЖарма жері ертеден-ақ оңтүстік пен солтүстікті керуен жолдарымен байланыстырып жатыр. Бұл өлке саяхатшылар мен географтарды қатты қызықтырған, олардың көпшілігі жергілікті жердің табиғат көркі, тұрғылықты халықтың тұрмысы мен шаруашылық ерекшеліктері туралы мәліметтер қалдырған. Мәселен, бұл жерлерде Ш.Уәлиханов, П. Семенов-Тян-Шанский, Г.Потанин, В. Обручев, А. Янушкевич сияқты басқа да көптеген атақты ғалымдар мен зерттеушілер болған.
Ауданның тарихи және мәдени мұрасы ретінде 89 ескерткіш сақталған, олардың 54-і археологиялық, 7-і тарихи және 28-і мәдени. Олардың барлығы да мемлкеттік қорғауға алынған. Өлкенің тарихы мен мәдениетінің құжаттары және мұрағаттары аудандық тарихи-өлкетану мұражайында және 10 мектеп мұражайында жинақталған.
Жарма жері өзінің бай тарихын орынды мақтан етеді. Ел мен жерді қорғаудың өшпес үлгісін көрсеткен Еспенбет пен Боранбай би, Қонақай мен Нарбота, Қарақожа мен Жәнібек, Жалаңаш пен Бекжан, Ақтамберді, Итқара, Барақ және басқа да батырлар осында жоңғарлармен соғысқан. Жарма - әйгілі ақындар мен әншілер елі. Ақтайлақ би бастаған Сыбанның Байғара руынан 17 ақын шыққан. 19-шы және 20-шы ғасырларда есімдері өлкеден алыс жерлерге белгілі болған Әріп Тәңірбергенов, Сапарғали Әлімбетов, Төлеу Көбдіков, Қалихан Алтынбаевтың дәстүрлерін кейіннен Кеңесбек Қалиев, Дәмеш Омарбаева сынды ақындар жалғастырды.
Халық сталиндік репрессияның құрбандары болған Әзімбай Лекеров, Ыдырыс Мұстанбаев, Тұрлыхан Хасенов тәрізді жерлестерін, көрнекті қоғам қайраткерлерін, ағартушыларды еш уақытта ұмытпайды. Евразияның дәл орталығынан орынтепкен осынау кішкене ғана жердің көптеген тамаша таланттар сыйлау құдыретіне таңданбасқа болмайды. Кембридж Халықаралық өмірбаяндық орталығы «Планетаның көрнекті адамы» деп таныған атақты жазушы, белгілі қоғам қайраткері Әди Шәріпов немесе Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов сынды жерлестерімізді неге мақтан тұтпасқа. Талант пен атақ-даңқ жармалық әйелдерді де айналып өтпепті. Жұртшылыққа Қазақстанның халық жазушысы, ақын Тұрсынхан Әбдірахманованың, республикалық хор капелласының бірінші әйел-дирижері Гүлжазира Ахметованың, қазақ әйелдерінен шыққан бірінші биология ғылымдарының докторы, академик Нәйла Базанованың есімдері жақсы таныс. Ал, Роза Рымбаеваның кристалдай таза дауысы эстрададан естілгенде, бүкіл ел қалт етпей «Әлияны» тыңдады емес пе! Тентектеу өскен Шардың шалдуар ұлы Бари Алибасовтан есімі әлемге танымал продюсер шығады деп кім ойлаған.
Сұрапыл соғыс жылдарында жармалықтар Отан қорғаушылар сапында жауға қасқая қарсы тұрды. Тоғыз жармалыққа Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді: олар – Қапай Ысқақов, И.И.Варепа, И.М.Ландышев, Г.Д.Будник, П.Г.Карелин, Н.Е.Лут, П.И.Теряев, К.Шәкенов, В.А.Шулятиков. Ф.Әділбаев пен Н.И.Киселев Даңқ ордендерінің толық иегерлері атанды. Көптеген жармалықтар халық шаруашылығының әр түрлі салаларындағы жемісті еңбегі үшін Отанның жоғары наградаларына ие болды. Балғабек Сүлейменов Социалистік Еңбек Ері атанса, Қабылқақ Сүтбаев пен Федор Васильевич Будник Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімдері болды. Асқар Темірханов пен Сағындық Қараханов, Манап Кәріпжанов пен Ахметхан Ботаханов – құрметті теміржолшылар; Жұбайхан Шекембаев – КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Қызырхан Ағымбаев – Қазақ КСР-і мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Жұмағазы Келденов, Ережеп Жұртбаев – ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкерлер атғына ие болды. Кәми Уәлиева мен Зағипа Ағайсенова КСРО Жоғары Кеңесінің детутаттығына сайланды.
Өлке спортшыларымен де даңқты. Қазақстандағы еркін күрестен тұңғыш спорт шебері, Қабден Байдосовтың, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, Еуропа, Азия және әлем чемпионы, олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Тұрлыхановтың есімдері кеңінен танымал. Ауданда екі газет: "Рауан - Восход", "Шар тынысы - Шарский вестник" газеттері шығарылады. Бірнеше қоғамдық бірлестіктер жұмыс істейді: "Отан" республикалық саяси партиясының аудандық өкілдігі, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі, «Келешек – Будущее» (Шалабай ауылы), «Ауғанстан соғысы ардагерлерінің Жарма ауданындағы ұйымы», «Қарасу» бірлестікті дамыту қоғамдық қоры». 4 діни бірлестік тіркеліп, жұмыс істейді: Георгиевка ауылы мен Шар қаласындағы мұсылмандар мешіті, рим-католик шіркеуі, "Рахим - Благодать" қайырымдылық миссиясы. «Иман жолы» Інжіл Баптис мәсіхшілерінің қауымы» діни бірлестігінің Георгиевка аулындағы филиалы.
Дереккөздер
өңдеу- ↑ Қазақстан Республикасы халқының жынысы және жергілікті жердің типіне қарай саны (2023 жылғы 1 қаңтарға)
- ↑ Қазақстан Республикасының этностары бойынша халқының саны (2023 жыл басына)
- ↑ Жарминский район. Административно-территориальные изменения
- ↑ Ресей империясы, КСРО халық санақтары
- ↑ ҚР халық санақтары
- ↑ 2021 жылғы ұлттық халық санағының қорытындылары