Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейі
Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы | |
---|---|
Құрылған уақыты | 1979 жыл |
Орналасқан жері | Қазақстан, Түркістан облысы |
Мұражай түрі | Археологиялық мұражай |
Ашылу уақыты | 09:00—18:00 |
otrarmuseum.kz |
Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы — 1967 жылы Түркістан облысы, Отырар ауданы, Темiр станциясында ашылған.
Алғашқыда мектеп музейi, 1973 жылдан бастап аудандық музей қызметiн атқарса, 1979 жылы Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы болып құрылды.
Музейдiң негiзгi мақсаты - Отырар өңiрiндегi археологиялық, архитетуралық ескерткiштердi қорғау, ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық жұмыстармен айналысу. Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы құрамына Отырар қалажұрты, Арыстан баб кесенесi және осы өңiрдегi барлық ежелгi қала орындары, қорғандар, суландыру жүйелерi, шеберханалар енедi және бұлар көрермендерге экспозициялық қызмет атқарады.
Музейде бiрнеше бөлiмдер және кiтапхана жұмыс iстейдi. 1993 жылы музей қарамағына 110 тарихи ескерткiш бекiтiлiп берiлдi, қорғау аймағы 11547 гектар болып ұлғайды. Қазiргi кезде Отырар өңiрiнде 160-тан астам тарихи-мәдени ескерткiш бар.[1][2]
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]«Отырар» археологиялық мемлекеттік музей-қорығы 1979 жылы 11-мамырда Қаз КСР министрлер Кеңесі шешімімен ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және археологиялық ескерткіштерді қорғау мекемесі ретінде құрылған.
Бұл Қазақстан аумағында құрылған алғашқы археологиялық музей-қорық. 1998 жылы 25- желтоқсанындағы № 1335 Үкіметтің қаулысына сәйкес «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы республикалық бағыныстағы мемлекеттік мекеме болып қайта құрылды. Ол заңды мемлекеттік мекеме ретінде 1999 жылы 27-сәуірде қайта тіркелді. Музей-қорық мекемесі Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Жібек жолы даңғылының бойында үш қабатты ғимаратта орналасқан.
Музей-қорықта бес ғылыми-зерттеу бөлімі жұмыс істейді:
- Археология және тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімі;
- Қор сақтау бөлімі;
- Реставрация және консервация бөлімі;
- Этнография бөлімі;
- Экспозиция, экскурсия және қоғаммен байланыс бөлімі;
- Тарихи ескерткіштерді қорғау ғылыми-зерттеу бөлімі.
- Ғылыми кітапхана (оның қорында 1511 дана кітап) бар.
Көпшілік көрермендерге музей ғимаратымен қоса, Арыстанбаб кесенесі, Отырар қалажұрты, «Қоржын там» этнографиялық кешені қызмет көрсетеді.Қоржын үйдің жалпы ауданы 3048,5 м, экспозиция ауданы 1052 м, қор бөлімінің ауданы 254 м.
Музей ұжымы «Мәдени мұра» және «Көне Отырарды жаңғырту» бағдарламалары негізінде Отырар өңірінде жүргізілген археологиялық және реставрациялық жұмыстарға қатысып бірнеше ғылыми есептер жазды. 2004 жылы күзде осы жұмыстарға орай музей ішінен жаңа реставрация және консервация бөлімі ашылды.
Музей-қорықта қазақ халқының көне тарихы насихатталады.
Музей-қорықтың негізгі мақсаты - Отырар өңіріндегі археологиялық, архитектуралық ескерткіштерді қору, ғылыми зерттеу және насихаттау мен мәдени ағартушылық жұмыстарымен айналысу.
Қазір Отырар оазисінде 5 республикалық, 150-ден астам археологиялық-архитектуралық ескерткіштер анықталған. Ғасырлар қойнауынан жеткен, осы өңірдің тарихында ерекше маңызы бар, Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан Отырар аймағындағы ежелгі және ортағасырлық қалалар мен мекендер – Отырартөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Жалпақтөбе, Оқсызтөбе, Пышақшытөбе және ХІІ ғасырға тән ескерткіш Арыстанбаб әулие кесене-мешіті, тағы басқа тарихи-мәдени археологиялық ескерткіштер.
Сонымен қатар, Отырар қаласының маңында әулиелі, қасиетті орындар аз болмаған. «Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, Сайрамда бар сансыз баб, ең үлкені Арыстанбаб» деп дәріптелген бүкіл мұсылман қауымына белгілі шейх Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы әулие Арыстанбаб осында жерленген. Арыстанбаб тек Отырар өңіріне ғана емес, бүкіл түркі әлемінің исламдануына септігін тигізген ірі тұлға болған.
Қазіргі кезде Арыстанбаб кесенесі Қазақстан мен Орта Азия мұсылмандарының зиярат ететін қасиетті орны болып саналады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң кесенеге ерекше назар аударыла бастады, оған толығымен реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, кіреберіс қақпа, зияратшыларға қызмет көрсететін қонақ үйлер, кітапхана, салт-дәстүр сарайы, тағы басқа құрылыстар салынды.
Отырартөбеде 1884 жылы тұңғы�� қазба жұмыстарын жүргізген шығыстанушы, һәм археолог Н.И.Веселовский. Отырардың қираған орны және осы аймақтың басқа да ескерткіштерін зерттеу үшін ХІХ ғасырдың аяғында Ташкентте жұмыс істей бастаған археология әуесқойлары Түркістан үйірмесінің күшімен 1895-1904 ж.ж. қазба жұмыстары жүргізілген. (А.К.Кларе, А.А.Черкасов жүргізген). 1947-1948 ж.ж. мұнда шығыстанушы ғалым А.Н.Бернштамның жетекшілігімен Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Кең ауқымды зерттеулер 1969 жылы К.Ақышевтің басшылық еткен Қазақ ССР Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы тарапынан басталып, қазіргі Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы жүргізіп жатқан қазба жұмыстарымен жалғасып келеді. Ғалымдар тарихтың жаңа беттерін осылайша бірте-бірте аша бастады.
Орта Азияның батыс бөлігінде орналасқан отырықшылық пен көшпелі мәдениеттің түйіскен жеріндегі археологиялық көрнекті ескерткіштерді, Орта Азия мен Қазақстан тарихын зерттеуде, Отырар оазисінің тарихи-мәдени маңыздылығы зор. Ұлы Жібек Жолы бойындағы ескерткіштер әлі күнге дейін зерттеушілер назарын аударып келеді. Оның айғағы ретінде 2001-2004 ж.ж. Отырардағы халықаралық ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапония жобасы бойынша жұмыстарды айтуға болады.
Отырар алқабының ескерткіштері ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұра бағдарламасының алдын-ала тізіміне енген. 2001 жылы тамыз айында Қазақстан Республикасы мен ЮНЕСКО арасындағы Ежелгі Отырар қаласын қалпына келтіру және сақтау туралы келісімге қол қойылып, оған қоса ЮНЕСКО-ның қаржылай көмегі көрсетілді.
2001-2004ж.ж. ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапония «Көне Отырарды сақтау және реставрациялау» жобасының аясында Отырар қалажұртындағы аршылған бірқатар құрылыс нысандарына консервациялау жұмыстары жүргізілді. Аталған жобаға Қазақстан, Ұлыбритания, Жапония, Бельгия, Италияның мамандарымен бірге Отырар музей-қорығының қызметкерлері де қатысты. Жобаның мақсатында Отырар ескерткіштерін ғылыми құжаттандыру, көпшілікке таныту, ескерткіштерді пайдалануға бағыттау, сонымен қатар, қалпына келтіру мен сақтаудың бірегей әдісін жасап шығару жұмыстары баса айтылған.
Тұңғыш Президенттің бастамасымен қабылданған Қазақстан Республикасының 2004-2006 ж.ж. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында Отырардағы жұмыстар «Ежелгі Отырардың қайта өркендеуі» бағдарламасы бойынша жалғастырылды.
Отырар қалажұртының бірқатар ескерткіштерін (ХVІ ғ. жұма мешіті, ХVІ ғ. тұрғын үй орамы, ХІ-ХІІ ғ.ғ тұрғын үй жайлары, қабырғалар) зерттеу, консервациялау, музейлендіру жұмыстары бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. ЮНЕСКО-ның қолдауымен аэрофотоқұжаттау іске асырылып, 8 мыңнан астам аэросуреттер түсірілді. Сырдарияның екі жағалауындағы бұрын белгісіз болып келген ескерткіштерге музей тарапынан бірнеше барлау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде отыздан астам жаңа тарихи ескерткіштер анықталып, есепке алынды.
2008 жылы Отырартөбенің оңтүстік-батыс жағындағы ХІV ғасырға тән шығыс моншасына Қазреставрация мамандарымен бірлесе реставрация-консервация жұмыстары жасалынып, моншаның үсті түгелдей шатырмен жабылды. Сонымен бірге, Отырарда жүргізілген қазба барысында көптен бері ғалымдар айтып келген Отырардың оңтүстік қақапасының табылуы елеулі жетістіктеріміздің бірі болды. Бағдарлама бойынша қазба жұмыстарын бір ізге түсіру мен түрлі жобалар дайындалып, ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, оларды музейге тапсыру жұмыстары кешенді жүргізілуде. Сонымен қатар, ғылыми әдебиеттер шығарылып, бейнефильмдер түсірілді.
Түптеп келгенде, осы мәдени іс-шаралардың барлығы Отырарды Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қайта өркендетуге, Отырар ескерткіштерін сақтап, оны өскелең ұрпақтың рухани игілігіне айналдыруға бағытталған.
45 жылға жуық көпшілікке археологиялық және этнографиялық көрме залдары қызмет көрсететіп келеді. «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Көне және Ортағасырлық Отырар» атты тақырыптық экспозициялық жоспары жасалды. Отырар музей-қорығының экспозициясы жаңартылып, қайта жасақталды.
Ондағы жәдігерлер тақырыптық және мазмұны жағынан жоспарланып қойылған. Залда Отырар және оның төңірегіндегі бірнеше қалалар мен қалашықтардан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған неолит және қола дәуірінен бастап ХVІІІ ғ. дейінгі саздан күйдіріліп жасалынған тұрмыстық заттар – құмыра, табақ, көзе, сапты аяқ, орта кесе, майшам, сия сауыт т.б. әсем ғимараттарды безендіруге арналған сырлы жапсырма қыштар, терракоталарды, құббаларды көруге болады. Қоладан жасалған келі, тұғыр, майшам, тұмаршалар, күмістен, мыстан соғылған теңгелер, темірден жасалған жебе ұштары, кетпен, қылыш және шыныдан, сүйектен жасалған бұйымдар қойылған.
Отырар музей-қорығының үшінші қабатында ХVІІІ-ХХ ғғ тән қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, қолөнері мен мәдениетін көрсететін ағаштан, жүннен, теріден, металдан жасалған жәдігерлер өз алдына бір бөлек этнографиялық экспозицияны құрайды. Сондай-ақ, музейдің екінші қабатында заманауи технологиялармен жабдықталған мәжіліс залы, алтын жәдігерлер залы бар. Экспозицияны ақпараттық киоскілер, деректі фильмдер көрсететін телевизорлар, ҚР Мемлекеттік рәміздері мен карталары толықтыра түседі. Музейдің кіре берісіндегі led экран арқылы музей тарихы туралы мол мағлұмат береді.
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұжымы өзінің құрылымдық қызметіне сәйкес ғылыми жинастыру, ғылыми зерттеу және мәдени ағарту, ғылыми экспозициялық, ғылыми экспедициялық, ғылыми қор, ғылыми қайта жаңғырту, ғылыми баспа, ғылыми байланыс жұмыстарын жемісті жүргізіп келеді.
Отырар музей-қорығындағы жәдігерлер археологиялық қазба жұмыстары барысында, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы қызметкерлерінің әр жылдары ұйымдастырылған ғылыми-зерттеу экспедициялары барысында және халық қазынасына қамқор бола білген, қолөнерді шын сүйіп қастерлейтін қолөнершілер мен қарапайым ел азаматтарының, жәдігер жанашырларының музейге сыйға тартуымен жиналды.
Музей өз тарапынан «Қызылқұм шөліндегі тарихи ескерткіштер», «Әбу Нәсір әл-Фараби ізімен», «Сыр бойы мен Қаратау атырабы шайырлары ізімен», «Көксарай археологиялық экспедициясы», «Қолөнер – халық қазынасы, ғасырлар мұрасы», «Тәуелсіз елдегі өресі биік, өрісі кең өнер», «Қолөнер ұрпаққа аманат», «Сыр өңірінің шежіресі», т.б. тақырыптарда археологиялық, этнографиялық, фольклорлық экспедициялар ұйымдастырды.
Музейдің ғылыми қызметкерлері Астана, Алматы, Семей, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Түркістан, Шымкент қалаларында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, форумдарға, семинарларға қатысып, баяндамалар оқыды. Сондай-ақ халықаралық, республикалық, аймақтық конференция, семинарлар, дөңгелек үстелдер, байқаулар өткізді.
Музей қызметкерлері музей коллекциялары бойынша жүздеген ғылыми мақалалар жазып, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде кітаптар, кітапшалар, буклеттерді жарыққа шығарды. Заттық және рухани мұрамызды насихаттау мақсатында көптеген телерадио хабарлар берілді.
Музей қорындағы жинақталған түпдерек құжаттарды оқушыларға таныстыру мақсатында мектептерде кездесу кештері өткізіліп, әр түрлі тақырыптарда лекциялар оқылды.
Музей саласында көрмелерді ұйымдастыру және өткізу жұмыстарын мәдени-ағарту саласына жатқызуға болады. Көрмелер белгілі жоспар бойынша және жоспардан тыс болып өткізіледі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен елімізде алғаш рет Отырар қалажұртының маңынан «Сапар орталығын» салудағы мақсат – Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шет елдерде насихаттау, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау, сақталуын қамтамасыз ету, туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталық жасау болды.
2019 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында археологиялық, архитектуралық ескерткіштерді еліміз бен шетелдік туристерге кеңінен насихаттау, таныту, республика туризмін халықаралық деңгейге жеткізу мақсатында заманауи талаптарға сай «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығына қарасты «Сапар орталығы» ашылып, «Отырар қалажұрты – Қазақстанда археологиялық ескерткіштерді зерттеу, сақтау, пайдалану ісінің озық үлгісі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.[3]
Музей қорын толықтыру мақсатында бірнеше рет «Музейге сый» акциясы өтті. Жергілікті қолөнершілердің қолынан шыққан туындыларын көпшілік назарына ұсыну мақсатында әр түрлі тақырыпта жыл сайын халықаралық, республикалық, аймақтық жәрмеңкелер ұйымдастырлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған балалар үйірмесінің құрылуына байланысты «Жас өлкетанушы» атты үйірме құрылды. Оқушыларды азаматтық пен ұлтжандылыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, туған өлке тарихын оқыту, таныстыру арқылы өз жерін сүю, туған жер тұлғаларын құрметтеу мақсатында құрылып, қазіргі кезде үйірме сабақтары жалғасын тауып келеді.[4]
Отырар қалажұртында 2020-2022 ж.ж. аралығында үш жылдық жоба бойынша археологиялық және реставрациялық жұмыстар жүргізілген еді. Нәтижесінде археологтар Ақ Орда билеушісі Ерзен Хан салған Ханакасының ХV ғасырға тән Сағаналы кесенесінің орнын тапты. Қалаға «Жарақты» қақпасы арқылы кірген тұста тұрғын үйлер мен қыш шеберханасы бар кешен табылды. Тұрғын үйлердің маңында өндіріс орындары орналасқан, онда қыш ыдыстар жасалатын екі камералы пеш пен қыш бұйымдар кептірілетін алаң мен ХVІІ ғасыр базар алаңында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.Онда наубайхана кешені, тұрғын үй орамы анықталып, реставрациялау, консервациялау жұмыстары жүргізілді. Күйдірілген кірпіштен қаланған мешіт пен ХV ғасыр басында Әмір Темір, Тоқтамыс ханның елшілерін қабылдаған Бердібек сарайын ішінара қайта қалпына келтірді.[5]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ "Қазақ Энциклопедиясы"
- ↑ Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2
- ↑ https://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy
- ↑ https://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-kazakstan-halkyna-zholdauy-2020-zhylgy-1-kyrkuiek
- ↑ https://twitter.com/informburo_kz/status/1601958153339404289?t=R804JZEBEx892qAtu0AlKw
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |