Мазмұнға өту

Үңгіртану

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Үңгіртану, спелеология — үңгірлерді зерттейтін ғылым.

Ол үңгірлердің түзілуін, морфологиясын, микроклиматын, суын, өсімдіктерін, қазіргі және ежелгі үңгір фаунасын, адамдардың тас ғасырлардағы мәдени материалдық қалдықтарын, жартастарындағы суреттер мен бейнелерді, қазіргі уақытта пайдаланылуын зерттейді.

Үңгіртануының тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
A.
Зерттеу жүргізу кезінде.

Бұл ғылым саласы 20 ғасырдың 2-жартысында қалыптаса бастады. Оның пайда болуы француз ғалымы Э.А. Мартель, австриялық ғалымдар А.Шмидль, Ф.Краус, А.Грунд, В.Кнебель есімдерімен байланысты. Ірі үңгірлер көп жағдайда тау жыныстарының еруі нәтижесінде пайда болатындықтан, карст құбылысына жатады. Сондықтан Үңгіртану карсттану ғылымымен тығыз байланысты.

Үңгіртану карст үңгірлерімен қатар мору, дефляция, абразия, суффозия, тектоникалық күштер әрекеті (үңгір-жарықшақтар), лаваның ағуы мен қатуы, мұздақтардың еруі (мұздық гроттары), травертиннің шөгуі нәтижесінде түзілген, сондай-ақ адамдар үңгіп жасаған жасанды үңгірлерді де зерттейді.

Үңгіртану жер асты ландшафт құраушыларын зерттеумен айналысатындықтан, ол геология, минералогия, геоморфология, гидрогеология, гидрология, метеорология, климатология, ботаника, ландшафттану, зоология, палеонтология, археология, т.б. ғылымдармен тығыз байланысты. Үңгірлердің табанында жер асты бұлақтары, өзендер мен көлдер кездеседі. Үңгір қабырғалары, төбесі мен табанындағы минералдық түзілімдер ғылым үшін де, туризм үшін де қызық.

Қазақстандағы спорт үңгіртануы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
A.
Мұзды үңгір.

Үңгірлерді зерттеуде басты рөлді спелеолог-спортшылар (спелеотуристер) атқарады, өйткені олар үңгірдің терең қуыстарына ену үшін күрделі өрмелеуі мен төмен түсуі, су кедергілерінен (сифондардан) өтуі үшін арнайы құрал-жабдықтар мен аспаптарды пайдаланып, зерттеулер жүргізеді. Көптеген елдерде ғылыми және спорттық спелеол. қоғамдар, клубтар жұмыс істеп, ұлттық ұйымдарға бірігеді.

Үңгірлерді зерттеу археологиялық деректер мен ежелгі мәдениет ескерткіштері арқылы жүзеге асырылады.
Мысалы, Қазақстанның Қаратау жотасындағы Қараүңгір тұрағында табылған мәдени жәдігерлер бойынша оны адамдар осыдан 7 мың жыл бұрын мекендегені анықталды. Қараүңгірден неолит адамдарының тас пен сүйектен жасалған қарулары, еңбек құралдары, әшекейлік бұйымдар табылды.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. "Қазақ Энциклопедиясы" 9 том