Құран тарихы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Құран тарихы — мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран Кәрімнің Мұхаммед пайғамбардың ﷺ және әділетті халифа Әбу Бәкрдің кезінде парақтарға жиналуы туралы және үшінші халифа Осман ибн Аффанның кезінде Құранның бір нұсқа ретінде қабылдануы туралы баяндайды.

Аянның басталуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Алланың елшісі Мұхаммедтің ﷺ пайғамбарлығы ол 40 жасқа толғанда басталып, келесі 23 жыл бойы өмірінің ақырына шейін созылды. Ол пайғамбарлық кезеңінің алғашқы 13 жылын Меккеде, қалған 10 жылын Медине қаласында өткізді.

Ең алғашқы уахи Мекке маңындағы Нұр тауындағы Хира үңгірінде дүйсенбі күні, 17, 21 немесе 24 рамазанда (милади күнтізбе бойынша 620 жылдың 10 тамызын) және шииттердің пайымдаунша Раджаб айының 27 жұлдызында түскен.

Иман келтіргендердің анасы Айша айтқан:

« Аллаһтың елшісіне уахидың түсуі түсіндегі жақсы аяндардан басталды. Және ол (аянды) көргенде, олар таң шапағы сияқты келетін еді. Одан кейін оның жүрегіне оңашалануға деген сүйіспеншілік орнатылды да, ол отбасына қайтқысы келгенше Хира тауындағы үңгірде Аллаһқа құлшылық ету арқылы көп түндер бойы салихалы амалдар жасап, оңашалана бастады. Әдеткіде ол керек-жарақтарын алып, олар біткенде Хадишаға қайтып келіп келесі оңашалануға керек-жарақты алатын еді. Сонымен, ол Хира үңгірінде болғанда, оған ақиқат ашылды. Оған періште келіп: «Оқы» деді. Ол: «Мен оқу білмеймін» деп жауап қатты. Пайғамбар айтатын еді: «Сонда ол мені ұстап алды да, мен булыққанша қысты. Сосын ол мені жіберіп „Оқы!“ деп айтты. Мен: „Мен оқу білмеймін“ деп айттым. Сонда ол мені екінші қайтара булыққанша қысып, сосын жіберіп қайтадан: „Оқы“ деп айтты. Мен қайтадан: „Мен оқу білмеймін“ деп айттым. Сонда ол мені үшінші мәрте қысып, сосын жіберіп: „Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы, сенің Раббың Ең Жомарт“ деді». Жүрегі қорқынышқа толған Аллаһтың елшісі Хадишаға оралып: «Мені бүркеңдер! Мені бүркеңдер!» деді. Оны бүркеп, қорқынышы кеткен соң, ол Хадишаға болған оқиғаны айтып: «Мен өзім үшін қорқамын» деді. Хадиша оған: «Жоқ! Аллаһ сізді ешқашан масқара қылмайды! Себебі сен туыстық қатынасты үзбейсіз, ауырлықты жеңіл етесіз, жоқ-жітіктеге көмектесесіз, адамдарға қонақжайлық көрсетесің және қиыншылықты көтеруге көмектесесіз» деді.[1] »

Бұл оқиғадан кейін Хадиша Мұхаммед пайғамбармен ﷺ бірге немере ағасы Уарақа ибн Нәуфалға барады. Ол христиан дінін қабылдап, Інжілден яһудилердің жазуы арқылы керек нәрселерін жазатын болған. Бұл кезде ол жасы үлкен қарт еді. Мұхаммед ﷺ пайғамбардан болған оқиғаның сипатын естіген соң, ол оған Мұса пайғамбарға жіберілген құпиялардың сақшысы (Намус) келген екенін айтады. Сонымен қоса ол болашақта халқынан қуғын-сүргінге ұшырайтынын ескертеді, себебі кімде кім бұндай затпен халқына келсе, олар онымен жауласатын еді.

Бірінші аяннан кейін Мұхаммед пайғамбарға ﷺ біршама уақыт бойы уахи түспейді. Кейбір ғалымдар бұл үзіліс үш жылға созылды дейді, бірақ оның алты ай екенін тұжырымдаған ғалымдар да болған. Бірақ уахидың түспеуі деген Құранның аяттарының түспегенін білдіреді, ал Жәбірейіл оған келген жоқ дегенді емес[2]. Джабир ибн Абдуллаһтан келген хадисте Пайғамбар ﷺ айтқан:

«

Бірде мен жолда келе жатып аспаннан дауыс естідім. Мен басымды көтеріп, маған Хира тауында келген періштенің аспан мен жердің арасында тақ үстінде отырғанын көрдім. Мен одан қорықтым да, үйіме қайтып: «Мені ораңдар, мені ораңдар» дедім. Содан кейін Аллаһ «Йә оранған! Тұр да ескерт! Раббыңды ұлықта! Киіміңді тазала! Және жамандықтан аулақ бол!» (Муззәммил сүресі) деген аяттарды түсірді[3].

»

Бұл аяттар Хира үңгіріндегі Аләқ сүресінің алғашқы аяттарынан кейінгі алғашқы аян болды. Ғалымдар Мұхаммед пайғамбар ﷺ Аләқ сүресінің алғашқы аяттарының түсуімен пайғамбар, Муззәммил сүресінің аяттарының түсумен елші (расул) болды деп есептейді[4].

Мұхаммед пайғамбардың Меккеде өмір сүрген 13 жылда 83 немесе 85 сүре түскен[5], олардың ең алғашқысы Аләқ сүресі, ал ең соңғысы әл-Муминун немесе әл-Анкәбут сүресі саналады.

Құрайыш тайпасының қысымы төзімсіз болып кеткесін Мұхаммед пайғамбар ﷺ Ясриб қаласына һижра жасауға мәжбүр болады. Содан бері ол қала «Мәдина ән-нәбәуийа» (Медине) деп аталатын болды. Мединеде түскен сүрелер саны 31 немесе 29 сүре деп есептеледі. Мединеде түскен алғашқы сүре әл-Мутаффифин сүресі, ал соңғы сүре Тәубе сүресі болды. Бірақ Ибн Хаджар әл-Асқаланидің «Сахих әл-Бұхариге» жазған түсініктемесінде Мединедегі ең алғашқы сүре Бақара сүресі болғаны айтылған, ал ән-Насафидің тәпсірінде ең алғашқы Мединелік сүре Қадр сүресі делінген.

Құран түсірілуінің сипаты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Уахи Мұхаммед пайғамбарға ﷺ Аллаһтан әртүрлі сипатта келетін болған. Ең алғашқы аяндарды ол түсінде көріп, олар таңның атуы секілді орындалатын болған. Уахидың бұл түрі оған пайғамбарлық міндеті жүктелмей тұрып келген.

Уахидың екінші кейіпі — иландыру. Жәбірейіл періште уахиды Мұхаммед пайғамбарға ﷺ иландырып, ол оның ақылы мен жүрегіне жететін болған. Әбу Умамадан келген хадисте Мұхаммед пайғамбар ﷺ айтқан:

« Шын мәнінде қасиетті рух маған адамның өз пешенесіне жазылған ризығын бітірмейінше өлмейтінін иландырды...[6] »


Үшінші түрі — періштенің адам кейібінде келіп, Аллаһтың аянын жеткізуі. Оның мысалы ретінде Омар ибн әл-Хаттабтан имам Муслим келтіретін «Жәбірейіл хадисы» деген атпен танымал хадис. Ол хадисте Жәбірейіл періштенің Мұхаммед пайғамбарға ﷺ аппақ киім киген, қара шашты ер адам түрінде келгені туралы айтылған. Ән-Нәсәи жеткізген хадисте Жәбірейіл Дихйа әл-Кәлбидің түрінде келгені туралы айтылған[7].

Төртінші түрі — періштенің қоңыраудың үні сияқты дауыспен бірге келуі. Айша Мұхаммед пайғамбардан ﷺ уахидың қалай түсетіні туралы сұрағанда ол былай жауап берген:

« Кейде ол маған қоңыраудың үні сияқты келеді — бұл маған ең ауыр түрі. Ол мен оны жадыма сақтағаннан кейін кетеді. Кейде періште маған ер адамның кейібінде келеді. Ол менімен сөйлеседі де, мен оның айтқандарын есте сақтаймын »

Айша айтқан: «Мен оған уахидың қатты суық күні келгенін көрдім — уахи тоқтағанда оның маңдайынан тер құйылып тұратын еді» (Сахих әл-Бұхари). Аянның бұл түрінің ауырлығы соншалықты Айшадан келген тағы бір хадисте айтылған: «Пайғамбар түйенің үстінде отырып аян алғанда, ол түйе тізерлеп отырып, қозғала алмай қалатын еді»[8].

Бесінші түрі — Жәбірейілдің шынайы түрінде келуі. Бұл Мұхаммед пайғамбардың ﷺ өмірінде екі рет болған. Ол туралы Құранның өзінде[9] және Айшадан келетін хадисте айтылған[10].

Алтыншы түрі — Аллаһтың ешбір делдалсыз Мұхаммед пайғамбарға ﷺ тікелей аян беруі. Бұған мысал ретінде бес уақыт намаздың парыз болған кезін айтуға болады[11].

Жетінші түрі — Мұхаммед пайғамбардың ﷺ Аллаһпен жамылғының артынан тікелей сөйлесуі. Бұл секілді Мұса пайғамбар да Аллаһпен сөйлескен. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбардың ﷺ Миғраж түніндегі саяхаты туоралы мәшһүр хадисте айтылған[12].

Кейбір тәпсір ғалымдары Мұхаммед пайғамбардың ﷺ Аллаһты ешбір жамылғысыз тікелей көріп, сөйлесуі туралы айтып, соны уахидың сегізінші түрі деген. Бірақ бұл пікір Айшадан келген хадиске және Аллаһты бұл дүниеде ешкім көре алмайтыны туралы аяттарға қайшы. Барлық сахабалар Айшаның хадисіндегідей пікірді ұстанған[11].

Құранның «Лаух әл-Махфуз»-дан түсірілуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Құран Лаух әл-Махфуздан Рамазан айындағы Қадір түнінде түсірілген. Аллаһ айтады:

Шын мәнінде Біз оны Қадір түнінде түсірдік[13]

Ибн Касир өзінің тәпсірінде бұл аят туралы былай жазған:

«

Ұлы Аллаһ Құранды Қадір түнінде түсіргенін хабарлады. Ол — қасиетті түн, ол туралы Аллаһ айтады: «Рамазан айында Құран түсірілді — ол адамдарға тура жол, тура жолдың дәлелдері мен айырушы (фурқан)»[14]. Ибн Аббас және басқа муфассирлер айтқан: «Аллаһ Құранды толығымен Лаух әл-Махфуздан жақын аспандағы Байт әл-Иззаға түсірілді. Содан кейін ол Пайғамбарға жағдайына қарай бөлек-бөлек болып 23 жыл бойы түсірілген».[15]

»

Хафиз әс-Сахауи айтады:

« Құранның түгелімен аспанға түсірілуі — адамдарға деген құрметті және оларды періштелердің алдында ұлықтауды білдіреді, бұл Аллаһтың адамдар туралы ойлайтынын, оларға Меірімді екенін білдіреді. »


Қадір түнінің нақты қай күні екені белгісіз. Ибн Хаджар әл-Асқалани өзінің «Сахих әл-Бұхари» кітабының түсіндірмесінде бұл туралы қырықтан астам пікі келтіріп, ең дұрыс пікір бойынша Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің тақ күндерінде әр жылы әр түрлі күндерде келетінін тұжырымдаған[16].

Құранның жиналуының қысқаша тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қасиетті Құран Мұхаммед пайғамбарға ﷺ 23 жыл бойы үзік-үзік болып түсірілген — бұл оның бірден түсірілген басқа қасиетті кітаптардан айырмашылығы боп табылады. Пайғамбарға ﷺ аят түскен сайын, ол қасындағы хатшы сахабаларға оларды оқитын болған. Олардың саны қырыққа дейін жетіп, тіпті пайғамбарлықтың ең ауыр кезеңінде де олар Пайғамбардың ﷺ қасында жүріп, Құранды жазуды тоқтатпаған.

Меккедегі Құранды ең бірінші болып жаза бастаған адам Абдуллаһ ибн Сағд ибн Сарх болған. Ал Мединеде ең бірінші жаза бастаған адам Убәй ибн Кағб болған. Құранды хатқа түсірушілердің ішінде Әбу Бәкір, Омар ибн әл-Хаттаб, Осман ибн Аффан, Әли ибн Әбу Талиб, әз-Зубайр ибн әл-Аууам, Халид ибн Сағид ибн әл-Ас және т.б. болған[17].

Құран түсіп жатқан заманда оны құрма ағашының жапырақтарына, тастарға, теріге және т.б. материалдарға жазатын болған. Бұл жазбалар аяттардың түсуіне байланысты жасалатын болған. Сүрелер мен аяттар аралас түсетін болғасын, Мұхаммед пайғамбар ﷺ сахабаларына қай аятты қай сүреге жазу керек екендігі туралф айтатын болған. Ибн Аббас Осман ибн Аффаннан жеткізген хадисте айтылған:

« Бірнеше сүре бірден түсіп, Аллаһтың елшісіне уахи келгенде, ол өзіне хатшыларының бірін шақырып айтатын еді: «Бұны мынандай да мынандай зат туралы айтылатын сүреге орналастырыңдар»[18] »


Жазуға түсірумен қатар Құранды сақтауда оны жаттап алған адамдар үкен роль атқарды. Құранды жатқа білетін, оны оқитын адамдарға уәде етілген сауап турасында көптеген аяттар мен хадистер келеді. Аллаһ айтады (әл-Анкәбут сүресі, 49 аят):

Бірақ ол — білім берілгендердің жүректеріндегі анық аяттар және тек қана залымдар ғана Біздің аяттарды жоққа шығарады


Сонымен Мұхаммед пайғамбар ﷺ жыл сайын Құранды Жәбірейіл періштеге оқып, тексеретін болған. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Жәбірейілдің осы үшін жыл сайын бір рет, ал Пайғамбар ﷺ қайтыс болатын жылы ек рет келіп тексергені айтылған[19]. Фатимадан келген хадисте Мұхаммед пайғамбардың ﷺ сол жылы Құранды екі рет тексерілгенін айтып, өмірінің соңы жеткенін сезгені туралы айтылған[19].

Мұхаммед пайғамбардың ﷺ тірі кезінде Құранның жазбалары бір қалыпқа бекітілмегенмен, сахабалар сүрелерді өздері хатқа түсіріп, арнайы тізімдер жасайтын болған. Бұндай тізімдер Абдуллаһ ибн Масғұдта, Убәй ибн Кағбта, Зәйд ибн Сабитта және т.б. сахабаларда болған. Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Астан келген хадисте айтылған:

«

Құранды төрт адаман алыңдар: Абдуллаһ ибн Масғұдтан, Салимнан, Муаз ибн Жәбәлдан және Убәй ибн Кағбтан[19]

»


Бұл аталған есімдермен қатар Құранды жатқа білген және оның сақтаушысы (хафиз) болған адамдардың қатарына Әбу Бәкірді, Омар ибн әл-Хаттабты, Осман ибн Аффанды, Әбу Мұса әл-Ашғариды, Сағд ибн Әбу Уаққасты, Хузайфа ибн әл-Йаманды, Әбу Һурайраны, Амр ибн әл-Асты және т.б. сахабаларды атайды. Әйелдердің арасынан Құранды Айша, Хафса бинт Омар, Умм Сәләмә және т.б. жатқа білген. Мұхаммед пайғамбардың ﷺ кезіндегі көптігінің мысалы ретінде Маун құдығының қасындағы шайқасты атауға болады. Бұл шайқаста мушриктердің қолынан 70-тен аса Құранды тоығымен жатқа білетін сахаба қайтыс болған[20].

Әбу Бәкр нұсқасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Түйенің сүйегіне жазылған әл-Фатиха сүресі

Әбу Бәкр әс-Сиддиқтың халифалығы кезінде мұсылмандар өзін пайғамбармын деп жариялаған Мусайлиманың жақтастарымен Халид ибн Уәлидтің басшылығымен «өлім бағының» қасында шайқасады. Әл-Йамаманың тұрғындарымен болған бұл шайқаста 700-ден астам сахаба мерт болады. Көптеген хафиздердің өлімін көріп, Құранның жоғалуынан қорыққан Омар ибн әл-Хаттаб халифа Әбу Бәкрге Құранды толығымен жазып жинауға ұсыныс айтады. Онымен келіскен Әбу Бәкр Мұхаммед пайғамбардан ﷺ Құранды жазып жүрген Зәйд ибн Сабитке осы ұсынысты айтады. Зәйд ибн Сабиттің айтуы бойынша «оның ұсынысы бойынша Құран жинағаннан гөрі тауды орнынан қозғалту оңайырақ еді». Бұл істе жақсылық бар екеніне келіскен ол құрма ағашының жапырақтарына, тегіс тастарға және адамдардың жүрегіне сақталған Құранды жинай бастайды. Бұл парақтар бірінші Әбу Бәкрде, сосын Омарда, оның өлімінен кейін Хафса бинт Омарда сқатаулы болды[21]. Ибн Әбу Дәуд «әл-Масахиф» кітабында Әли ибн Әбу Талибтың мынадай сөзін келтірген:

«

Құранның нұсқаларын таратқан үшін ең үлкен сауапты Әбу Бәкр алады. Аллаһ Әбу Бәкрге рахым етсін! Ол Аллаһтың кітабын жинаған алғашқы адам болды[22].

»

Құранның Мұхаммед пайғамбардың ﷺ кезінде-ақ жинала бастағаны туралы Құранның өзінде айтылған: «...Тазартылған парақтарды оқитын Аллаһтың елшісі» (әл-Бәйинә сүресі, 2 аят). Қазы әл-Бақиллани айтады:

« Омар Пайғамбардың Құранды бір кітапқа жинамауы бұл істің тыйым салынғандыңын білдірмейтінін түсінді. Бұл ойдың дұрыстығын түсінген Әбу Бәкр да осыған келіседі. Қасиетті мәтіндер де, ақыл-парасат та бұған еш қайшы келген жоқ. Оған қоса бір кітаптың болмауы уахидың бір бөлігінің жоғалуына алып келуі мүмкін еді. Содан соң олардың ойымен Зәйд және басқа сахабалар келісті[23]

»


Осман нұсқасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мұхаммед пайғамбардың ﷺ өлімінен кейін сахабалар өздері білген әдіске сәйкес жеті түрлі оқитын болған. Бірақ Ислам діні әлемге таралып, мұсылмандардың қоластына көптеген жаңа жерлер енгесін, сол сахабалар дінді қабылдағандарға Құранды өз әдісімен үйретіп, ол оқушы Құранның басқа әдіспен оқылуын естігенде жанжалдар пайда бола бастады. Мысалға Ирактың мұсылмандары Құранды Абдуллаһ ибн Масғұдтың әдісімен, ал Шамның тұрғындары Убәй ибн Кағбтың әдісімен оқыитын болған.

Һижра жыл санағы бойынша 14 немесе 15 жылы халифа Османның әскерлері Арменияны бағындыруға аттанады. Халифаның әмірімен Ирақ пен Шамны әскерлері бір-бірімен қосылады. Ирақ әскерлерінің құрамындағы әл-Мадаинның әскерінің қолбасшысы болған Хузайфа ибн әл-Йаман осы жерде жиналған қолдың арасында Құранды оқу әдісінің кесірінен болған жанжалдың куәгері болады.

Соғыстан қайтқан соң, Хузайфа өз үйіне кірместен халифа Осман ибн Аффанға барып, болған жайтты айтады:

«

Мен Арменияның шекарасында шайқастым. Шам өлкесінің тұрғындары Құранды Убәй ибн Кағб оқыған сияқты оқиды да, Ирақтың тұрғындары естімеген заттарды айтады. Ал Ирақтың тұрғындары Құранды Абдуллаһ ибн Масғуд оқыған сияқты оқиды да, Шамның тұрғындары естімеген заттарды айтады. Сосын олар бір-бірін күпірлікте айыптайды[24].

»

Жанжалдардан қорыққан халифа Осман Зәйд ибн Сабитке, Абдуллаһ ибн әз-Зубайрға, Сағид ибн әл-Асқа, Абдуллаһ ибн әл-Харис ибн Һишамға Хафса бинт Омарда сақталған Әбу Бәкр кезінде жиналған Құран нұсқасын көшіріп, таратуға әмір етеді. Ол парақтарды көшіріп болғаннан кейін, Осман түпнұсқаны Хафсаға қайтарып, жиналған Құранды түрлі аудандарға жіберіп, оған сәйкес емес Құран нұсқаларын өртеп жіберуге бұйырады[25].

Османның бұл шешімі тек атақты да сыйлы сахабалармен болған келісімнен кейін іске асты. Әли ибн Әбу Талиб айтқан:

«

Осман туралы тек жақсылық айтыңдар. Аллаһпен ант етемін, ол Құран парақтарымен істеген ісін тек бізбен ақылдасқаннан кейін ғана іске асырды. Ол бізге айтты: «Бұл оқылу туралы не айтасыңдар? Маған сендердің кейбіреулерің өзінің оқуы басқа оқылулардан артық деп айтатыны туралы қауесет жетті. Бұл сөздер күпірлік болуға жақын». Біз айттық: «Сен не ұсынасың?». Ол айтты: «Мен адамдарға өзгешелік пен қарама-қайшылықтар болмауы үшін (Құранның) бір нұсқасын қабылдауын ұсынам». Біз айттық: «Сенің ұсынысың қандай жақсы!»[26]

»


Ақыр соңында Зәйд ибн Сабиттың және басқа да сахабалардың атқарған үлкен еңбегінен кейін Құран бір қалыпқа келіп, оның жалғыз оқу әдісі болып құрайыштардың диалекті танылады. Осман жинаған Құран нұсқаларының саны жөнінде әртүрлі пікірлер бар: олардың саны төрт, бес немесе жетеу болған деген пікірлер бар. Ибн Әбу Дәуд Әбу Хатим әс-Сиджистанидің мынадай сөзін жеткізген: «Құранның Мекке, Шам, Йемен, Бахрейн, Басра және Куфа үшін жазылған және Медине қаласында қалған жеті нұсқасы жазылды».

Ал осы нұсқалардын басқа Құранның нұсқалары өртелуге немесе өшіруліге бұйырылды. Әли ибн Әбу Талиб айтқан: «Османның Құранның нұсқаларын жағу шешімі туралы жақсылықтан басқа ештеңе айтпаңдар!»[27].

Әбу Бәкр нұсқасының арғы тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Құранның бір нұсқасы бекітіліп, халифа Осман басқа барлық Құран нұсқаларын жоюға бұйырғанымен, Хафса бинт Омарда Әбу Бәкр кезінде жиналған Құран нұсқасы сақтаулы қалып қойды. Медине қаласының әмірі болып Маруан ибн әл-Хакам тағайындалғанда ол Хафсадан сол парақтарды өзіне беруін сұрайды, бірақ Хафса оған келісімін бермейді. Тек Хафсаның қайтыс болуынан кейін ғана Абдуллаһ ибн Омар сол нұсқаны Маруанға беріп, ол өз кезегінде оның жазуын сумен шайып, жойды (немесе басқа риуаятта: жағып жіберді)[28].

Маруан ибн әл-Хакам бұл ісінің себебін былай түсіндірген:

«

Менің бұл ісімнің себебі, уақыт келе осы нұсқаның себебінен күманға түсетін адамдар шыға ма екен деп қорқамын[29]

»


Құранның ерекше қолжазбалары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: Көк Құран
Көк Құран, 30 сүре:28-32 аят. Метрополитен Өнер мұражайы, Нью Йорк.

Көк Құран (араб.: المصحف الأزرق‎) — IX ғасырдың аяғы X ғасырдың басында араб каллиграфиясының куфалық үлгісімен жазылған Тунистік Құран нұсқасы. Оның ерекшелігі — ол көк түсті (индиго) пергаментке алтынмен жазылған (кризография). Бұл Құран нұсқасы Ислам өнерінің ең танымал туындысы және тарихтағы ең ерекше, әрі бай қолжазба саналады[30][31]. Бұл қолжазба Осман империясы кезінде бөлшектелініп, көп бөлігі Тунистің өнер және археология Ұлттық Институтының мұражайында сақталған[32][33]. Бөлек фолианттары әлем мұражайларының мұрағатында бар. Олардың кей бөлігі Раққададағы Ислам өнерінің Ұлттық Мұражайында көрмеге қойылған.

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Фатх әл-Бари», 1 т., 29-30 бб.; Ибн Хаджар әл-Асқалани
  2. «Фатх әл-Бари» (1/37)
  3. «Сахих әл-Бұхари» (4), «Сахих Муслим» (161)
  4. «Усуль фит-тафсир», Мұхаммед әл-Усәймин
  5. مركز الفتوى: عدة السور التي نزلت بمكة والمدينة  (ар.). Islamweb.net. Тексерілді, 27 наурыз 2007.
  6. «Хилйат әл-аулия», Әбу Нуғайм
  7. «Зад әл-Мағад», Ибн әл-Қаийм әл-Джәузия (1/73)
  8. Имам Ахмад, әл-Хаким ән-Найсабури
  9. «ән-Нәджм» сүресі
  10. әл-Бұхари, Муслим, әт-Тирмизи
  11. a b «Зад әл-Мағад» Ибн әл-Қаийм әл-Джәузия (1/79)
  12. «Тафсир Ибн Касир» (3/5-34)
  13. әл-Қадр сүресі, 1 аят
  14. әл-Бақара, 185 аят
  15. «Тафсир Ибн Касир» (4/685)
  16. «Фатх әл-Бари» (4/338)
  17. «Фатх әл-Бари» (9/29)
  18. Ахмад, Әбу Дәуд, әт-Тирмизи, ән-Нәсәи жеткізген. Ибн Хиббан мен әл-Хаким сахих деген. «Фатх әл-Бари» (9/29)
  19. a b c «Сахих әл-Бұхари»
  20. «Зад әл-Мағад» (3/221-222)
  21. «Сахих әл-Бұхари», «Сунан әт-Тирмизи»
  22. «Фатх әл-Бари» (9/17)
  23. «Фатх әл-Бари» (9/18)
  24. «Фатх әл-Бари» (9/23)
  25. «Фатх әл-Бари» (9/15)
  26. «Фатх әл-бари» (9/24)
  27. «Фатх әл-Бари» (9/27)
  28. «Фатх әл-Бари» (9/26-27)
  29. Ibrahim Canan, «Kutub-i Sitte muhtasari», c. 4, s. 492
  30. "Folio from the Blue Qur'an (Probably North Africa (Tunisia)) (2004.88)". In Heilbrunn Timeline of Art History. New York: The Metropolitan Museum of Art, 2000–. (қазан 2008; retrieved 1 ақпан 2012)
  31. Folio From the Blue Qur'an, Бруклин мұражайы
  32. Bifolium from the Blue Qur'an Мұрағатталған 1 қарашаның 2013 жылы., Аға Хан мұражайы
  33. Folio from the Blue Quran(қолжетпейтін сілтеме) LACMA коллекциясында