Кәрім Мыңбаев
Кәрім Мыңбаев (15.8. 1906, қазіргі Қарағанды облысы Нұра ауданы Ивановка ауылы – 30.9.1948, Алматы) – қоғам қайраткері, ғалым, биология ғылым докторы (1944), Қазақ КСР ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1946).
Арғын тайпасы Қуандық руының Тоқа бөлімінен шыққан.[1].
Орта Азия мақта-ирригация институтын бітірген (1932). 1932 – 36 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтында және Алматы селекция станциясында ғылыми-педогокикалық жұмыстарда болды. 1936 – 42 жылы Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында (Ленинград) аспирант, академик Н.И.Вавиловтың жетекшілігімен кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, сол институттың каучукты өсімдіктер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
1942 – 44 жылы ҚазКСР Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1944 жылдан өмірінің соңына дейін Бүкілодақтық ауыл шаруашылғы академиясы Шығыс бөлімшесінің (ВАСХНИЛ) Қазақ бөлімшесінің Төралқасының төрағасы болды, Қазақ ауыл шаруашылық институтында өсімдіктер селекциясы және генетикасы кафедрасын, ҚазМУ-де дарвинизм кафедрасын басқарды. Сондай-ақ оның басшылығымен Алматы облысы Жамбыл ауданында тәжірибе танабы мен Ақмола облысындағы Шортанды ауыл шаруашылық тәжірибе станция ұйымдастырылды.
Негізгі ғылыми еңбектері өсімдіктер генетикасы мен селекциясына арналған. Мыңбаев көксағыздың биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны сұрыптау әдістерін тапты. Дәнді дақылдар, оның ішінде бидайдың өнімділігін арттыру үшін оны тек суармалы жерлерде ғана емес, сонымен қатар Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарының тәлімі жерлерінде де егуге болатынын дәлелдеді. Сондай-ақ Мыңбаев Қазақстанда қант қызылшасы мен кендірді биологиялық-селекциялық жағынан ғылыми тұрғыда сипаттаған алғашқы ғалым болып саналады.
Ол 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
Алматы облысы Жамбыл ауданындағы бір ауылға және Алматы қаласындағы көшеге Мыңбаев есімі берілген.[2]
Еңбектері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Кок-сагыз. Биологические особенности развития и новые методы селекции, А.-А., 1946;
- Пути повышения урожайности сельскохозяйственных культур, А.-А., 1948;
- Пустыня Бетпак-Дала, А.-А., 1948;
- За передовую сель-скохозяйственную науку, А.-А., 1949.[3]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Бикенов Ж.Б. Жәкенов Ж.М. Исабек Т.К. Тоқа шежіресі — Қарағанды: Қарағанды полиграфиясы ААҚ, 2000. — 402 б. — 1000 таралым. — ISBN 5-7667-9037-6.
- ↑ Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5
- ↑ Қазақ Энциклопедиясы
- 15 тамызда туғандар
- 1906 жылы туғандар
- Нұра ауданында туғандар
- 30 қыркүйекте қайтыс болғандар
- 1948 жылы қайтыс болғандар
- Қазақстан қоғам қайраткерлері
- Қазақстан биологтары
- Биология ғылымдарының докторлары
- Қызыл Ту орденінің иегерлері
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытушылары
- КСРО селекционерлері
- Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 2-шақырылымының депутаттары
- Алматыда қайтыс болғандар
- Қазақ КСР ғылым академиясы корреспондент мүшелері
- Орта Азия мақта-ирригация институты түлектері
- Қазақ ұлттық аграрлық университеті қызметкерлері
- Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты түлектері