Гаструла
Гаструла (грек. gaster — асқазан) — көп клеткалы жануарлардың ұрықтық дамуының бір сатысы. Гаструла сатысында ұрық екі қабатты қап тәрізді қуыстан (гастроцель) және оны сыртқы ортамен байланыстыратын бластопор тесігінен (алғашқы ауыздан) тұрады. Оның сыртқысы эктодерма, ал ішкісі энтодерма деп аталады. Бұлар — алғашқы ұрық жапырақшалары. Губкалар мен ішекқуыстылардан басқаларында Гаструла ортаңғы қабат — мезодерма қалыптасады. Әр түрлі жануарлар түрлерінде Гаструла құрылысы бірдей емес. Көптеген жануарлар түрлерінде ұрықтың Гаструла сатысы жұмыртқа қабығының ішінде немесе анасының денесінде өтеді; кейбір ішекқуыстыларда Гаструла — еркін тіршілік ететін дернәсіл (планула) түрінде кездеседі. Сүйекті балықтардың ұрығы даму кезеңінде гастроцелінің, ал кейбір ішекқуыстыларда Г-ның бластопорының болмауымен ерекшеленеді. Құстар мен сүтқоректілерде Гаструла дискобластуланың екі қабат пластинкаға жарылуынан қалыптасады. Оның сыртқы қабаты — эпибласт, ал ішкі қабаты — гипобласт.[1]
Эпибласттан эктодерма, хорда, мезодерма, ал гипобласттан эндодерма түзіледі.
Көптеген көпклеткалы организмдегі қос қабатты ұрықтың (эктодерма, энтодерма) түзілу процесін гаструлалану деп атайды. Гаструлану басталмас бұрын көпклеткалы бластулада бластомерлер морфогенетик. өзгерістерден өтіп, болашақ организмдегі тіндердің негізін құру үшін ықтималды (презумптивті) бастамалар түзеді. Бұл кезде қос қабатты жануарлардан басқаларында үшінші ұрық жапырақшасы — мезодерма бөліне бастайды. Гаструлаланудың 4 түрі бар:
1) инвагинация немесе ішіне тартылу. Бұл жағдайда бір қабат ұрық (бластула) қабырғасының ішке қарай тартылу нәтижесінде қос қабатты ұрық түзіледі;
2) иммиграция немесе көшу әдісінде бластуланың қабырғасынан жеке клеткалар бластоцельге көшіп, ішкі ұрық жапырақшасы энтодерманы түзеді;
3) эпиболия немесе қабаттап өсу — сары уызы көп қозғала алмай қалған ірілеу клеткалардың айналасына ұсақ клеткалар қосылып, ірі клеткалардың іште қалуы (кейбір құрттарда, моллюскілерде). Жұмыртқаның сары уызы көп болған сайын, эпиболия процесі ұзаққа созылады;
4) деляминация немесе бластула қабырғасының қабаттарға бөлінуі (ішек қуыстыларда).
Жоғарыда айтылған гаструлалану түрлері көптеген жануарларда негізінен аралас түрінде кездеседі. Тікентерілерде, бассүйексіздерде және төм. сатылы омыртқалыларда (дөңгелекауыздыларда, балықтарда, қосмекенділерде) гаструлалану процесінің соңында ортаңғы ұрық қабаты — мезодерма түзіліп, ол ішкі ұрық жапырақшасынан (энтодермадан) бөлектенеді. Жоғары сатыдағы омыртқалы жануарлардағы гаструлалану процесінде үшінші ұрық жапырақшасы — мезодерманың түзілуі хордамен бірге бастау алып, энтодермадан жетіледі.[2]
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Сартаев А., Гильманов М. С22 Жалпы биология: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2006. ISBN 9965-33-634-2
- ↑ Биоморфология терминдерінің түсіндірме сөздігі / — Алматы: «Сөздік-Словарь», 2009 жыл. ISBN 9965-822-54-9
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақалан�� толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |