Мазмұнға өту

Борат

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Бораттар бетінен бағытталды)

Борат бор қышқылының тұздары. Табиғатта ашарит, гидроборацит, бура, т.б. минералдар түрінде кездеседі. Бұлардың ең маңыздысы тетрабор қышқылының натрий тұзы – бура. Борат ромбылық, моноклиндік, ішінара кубтық және тригональдық сингонияларда кристалданады. Борат сусыз және сулы болып топталады.[1] Түрі түзсіз, аморфты немесе кристалды. Сусыз Бораттың балқу t 500 – 2000°С аралығында. Сулы Бораттың қаттылығы 2 – 5, ал сусыз Бораттікі 9. Борат кен орындары жанартаутекті шөгінді, эндогенді жапсарлы-метасоматитті және галогенді шөгінді болып бөлінеді. Қазақстанда Бораттың ірі кен орны Атырау облысы Индер ауданында орналасқан Индер тұзды күмбезі.[2] Борат керамика, тоқыма, шыны, эмаль өнеркәсібінде, металл дәнекерлеуде және кір жуатын ұнтақ заттар дайындауда, сондай-ақ бор қосылыстарын алу үшін пайдаланылады.[3] Бор қышқылдары негізінде орта борат аталатын қышқылдан (Н3ВО3) шығады. Осы қышқылдан біраз су бөліп шығарсақ, ол метабор кышқылына айналады: Н3ВО3—Н2О = НВО2 . Орта борат қышқылының 4 бөлшегінен 5 бөлшек суды алып тастатын болсақ , онан полибор қышқылдарының бірі — Н2В4О7 шығады. Осы сияқты жолмен шығатын бор қышқылдарының түрі өте көп.

Осы келтірілген мысалдарға қарағанда бораттар бір, екі, үш және онан басқа да валентті металдардан түзіле алатындығы түсінікті. Алайда бор үш валентті элемент болғандықтан, оның негізгі қышқылы орта бор болады, яғни көбінесе үш валентті комплексті анион [ВО3]3— оның тұрақты түрі болып табылады. Сонымен қатар бораттар галоид тұздармен бірге көл шөгінділерінде көп кездеседі. Бұл жағдайда олар көбінесе гидробораттар құрайды.[4]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Қ 17 Геология/Жалпы редакциясын басқарған — түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Қ.Құсайышов — Алматы: "Мектеп" баспасы" ЖАҚ , 2003. — 248 бет. ӀSВN 5-7667-8188-1 ӀSВN 9965-16-512-2
  2. Мұнай және газ геологиясы танымдық және кәсіптік-технологиялық терминдерінің түсіндірме сөздігі. Анықтамалық басылым. — Алматы: 2003 жыл. ISBN 9965-472-27-0
  3. Қазақ Энциклопедиясы
  4. Кристаллография, минералогия, петрография. Бұл кітап Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік педагогты институтының, география факультетінде оқылған лекциялардың негізінде жазылды, 1990. ISBN 2—9—3 254—69