Артаксеркс I
Артаксеркс I (туған жылы белгісіз - б. з. д. 424 жыл) — Ахемен әулетінен шыққан парсы патшасы. Артаксеркс I әкесі Ксеркс І сарай маңындағылардың қастандығынан қаза тапқаннан кейін таққа отырып, б. з. д. 465 — 424 жылдары аралығында ел билеген. Патшалық құрған алғашқы жылдарында Артаксеркс I Афинаның қолдауына сүйенген мысырлықтардың көтерілісін басып-жаншып, б. з. д. 454 жылдары Ніл атырауында афиналықтардың флотын күйретті. Бірақ б. з. д. 449 жылы Саламин маңайында (Кипр аралында) афиналықтардың жетекшісі Каллий мен Артаксеркс I арасында грек-парсы соғысын аяқтаған бітімге қол қойылды. Бітім бойынша Кіші Азиядағы грек қалаларының саяси тәуелсіздігі мойындалды, парсы флоты Эгей теңізінде жүзбейтін болды. Парсы ақсүйектерінің арасында жікшілдік әрекеттердің күшейе түскеніне (мысалы, б. з. д. 449 жылы Мегабиз бүлігі), бағындырылған халықтардың дүркін-дүркін көтеріліске шыққанына қарамастан, Артаксеркс I-нің тұсында орталық билік пәрменді болды, Ахемен әулеті мемлекетінің тұтастығы сақталып қалды.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Бұл — тұлға туралы мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |