Мазмұнға өту

Алаш арыстары — Мұхтар Әуезов мұражайы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Алаш арыстары — Мұхтар Әуезов
Құрылған уақыты 1997 жыл
Орналасқан жері Семей,  Қазақстан
Ашылу уақыты 10:00—19:00

Алаш арыстары — Мұхтар Әуезов мұражайы Семей қаласында орын тепкен.

1997 жылы қазақ әдебиетінің классигі М. Әуезовтің 100-жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтті. Мерейтойға орай Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің қызметкерлері жазушының өмірі мен шығармашылығын, қоғамдық қызметін зерттей отырып, Әнияр Молдабаев үйінде жаңа мұражайды ашуды жоспарлады. Мұражай экспозициясында М. Әуезов өмірінің Семейдегі кезеңін, Алаш қозғалысымен байланысын, Алаш зиялыларымен қарым-қатынасын көрсетуді мақсат етілді. Бұл Алашқа арналған тұңғыш музей болатын. Баспа бетінде жарық көрген материалдар мен фотосуреттер, Алаш тұлғаларының сол кезде шыға бастаған басылымдары мен архивтерден алынған деректерді жинау қолға алынды.[1]

Мұражай орналасқан екіқабатты үй ХІХ ғасырдың ІІ жартысында бой көтерген. Оның бірінші қабаты кірпішпен өрілсе, жоғарғы қабаты ағаштан құрастырылған. Үй иесі болған Әнияр Молдабаев — «Абай жолы» роман-эпопеясындағы кейіпкер Данияр Қондыбаевтың прототипі. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, бұл үйді Ә. Молдабаев Абайдың қаржылай қолдауымен Москвин деген көпестен 1898 жылы сатып алады. Қалаға келген сапары кезінде ұлы ақын осы үйге тоқтап, екінші қабаттағы өзіне арнайы бөлінген бөлмеге орналасады екен. Мұнда жиі атбасын бұратын қонақтардың қатарында Абайдың ұлдары, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы және басқа да тарихи тұлғалар болған. Мұхтар Әуезов те өз қолымен толтырған құжаттарында өзінің тұрғылықты мекен-жайы ретінде осы үйді көрсетіп отырған. Бұл үйде Ахмет Байтұрсынұлы зайыбымен бірге біршама уақыт тұрған. Алашорда жетекшілері Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов пен өзге де қайраткерлер мәслихат құру үшін осы шаңырақта жиі бас қосып отырған.[2]

1944 жылы алғашқыда бұл үй «Абайдың әдеби-мемориалдық музейі» ретінде көрермендерге есігін айқара ашқан еді. Ал, 1967-1990 жылдары қалалық балалар кітапханасы болса, 1990 жылы Әнияр Молдабаевтың үйі Абай мұражайының қарамағына беріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1991-1995 жылға дейін Абай музейінің уақытша экспозициясы жасалып, бас музей ашылғанша көрермендерін қабылдады. 1995-1997 жылдары аралығында «Алаш арыстары - М. Әуезов» музейінің кешендік жоспары, музейдің жаңа экспозициясы жасалды. 1997 жылы 23 қыркүйекте жеке мұражай ретінде ашылды.[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]