Астана медалі
«Астана» медалі | |
---|---|
Мемлекет | Қазақстан |
Түрі | Медаль |
Жағдайы | беріледі |
Негізделді | 2 маусым 1998 жыл |
Төменгі марапаты | «Жауынгерлік epлiгi үшін» медалі |
Astana Medal Ортаққорда |
«Астана» медалі — Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 2 маусымдағы №3963 Жарлығы негізінде Қазақстан Республикасы астанасының тұсаукесері құрметiне арналған Қазақстан Республикасының естелік медалі[1].
"Астана" Естелiк медалi туралы ереже
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақстан Республикасы астанасының тұсаукесерi құрметiне арналған "Астана" Естелiк медалiмен (бұдан былай - Естелiк медаль) Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуына, Қазақстанның астанасын абаттандыру мен оның құрылысына елеулi үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтары наградталады.
Естелiк медальмен наградтауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентiне Үкiмет, министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, шығармашылық одақтар мен басқа да ұйымдар енгiзедi. Естелiк медальдi Қазақстан Республикасының Президентi тапсырады.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң атынан және оның тапсыруы бойынша Естелiк медальдi, сондай-ақ:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы;
2) Астана, Алматы қалаларының, облыстардың әкiмдерi, сондай-ақ Мемлекет басшысы осыған уәкiлдiк берген басқа да лауазымды тұлғалар тапсыра алады.
Естелiк медальдi тапсыру салтанатты жағдайда және жариялы жүргiзiледi. Ол наградталушының жеке өзiне тапсырылады. Естелiк медаль тапсырылар алдында Қазақстан Республикасы Президентiнiң наградтау туралы Жарлығы жария етiледi.
Естелiк медаль тапсырылғаны туралы тапсыру хаттамасы (хаттама нысанын президент Әкiмшiлiгi белгiлейдi) жасалып, ол награда тапсырған адамның қойған қолымен, тапсырған органның мөрiмен бекiтiледi, содан кейiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жiберiледi.
Қазақстан Республикасы астанасының тұсаукесерi құрметiне арналған "Астана" Естелiк медалi омыраудың сол жағына тағылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары бар болған жағдайда, Естелiк медаль солардан кейiн орналасады.
Әрбiр наградталған адамға Естелiк медальдi тапсырумен бiрге медальға куәлiк берiледi, ол тапсыру жасалған жерде толтырылады.
Жасалған наградтау есебiн, сондай-ақ Естелiк медальдардың тапсырылуы туралы есептiлiктi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүргiзедi.
Сипаттамасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақстан Республикасы астанасының тұсаукесерi құрметiне арналған "Астана" Естелiк медалi диаметрi 34 мм болатын шеңбер пiшiндес нысанды болып келедi. Медалдiң бет жағында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентiнiң Резиденциясы бейнеленген. Оның аясында сол жақта Қазақстан Республикасы Парламентiнiң үйi, оң жағында - биiк ғимарат сұлбасы бар. Естелiк медальдiң жоғарғы жағында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туындағы күннiң бiр үзiгi, күннiң астында "Қазақстан" жазуы бедерленген. Медальдiң төменгi жағында түрiк өрнегiндегi шрифтпен орындалған "Астана" жазуы бар. Жазудың астында ұлттық ою кескiленген.
Медальдiң сыртқы бетiнде орта шенде мифологиялық қанатты барыс бейнеленген. Оның астында "1998" деген дата ойылып жазылған. Айнала жиегiнде жұлдызшалармен бөлiнген "СТОЛИЦА", "АСТАНА", "CAPITAL" жазулары орналасқан.
Медаль томпактан жасалған.
Медаль құлақша мен шығыршық арқылы бесбұрыш нысанындағы тағанмен ұштасады. Тағанның биiктiгi - 50 мм, ең үлкен енi - 50 мм. тағанның төменгi сол жағы - қызыл түстi, жоғарғы оң жағы - Қазақстан Республикасының туымен түстес таспамен көмкерiлген.
Медаль Өскемендегі Қазақстан теңге сарайында дайындалды.