Мазмұнға өту

Темірболат Мұхаметжанұлы Телжанов

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
21:07, 2021 ж. ақпанның 22 кезіндегі Ерқанат Рыскулбеков (талқылау | үлесі) жасаған нұсқа (Сілтемелер)
(айырма) ← Ескірек нұсқа | Соңғы нұсқа (айырма) | Жаңарақ нұсқа → (айырма)

Телжанов Темірболат Мұхаметжанұлы (1898, Омбы – 1938, Ленинград) – қоғам қайраткері. 1929 жылы Ленинград политехника институтын бітірген. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Омбыдағы жастар қозғалысына белсене араласты. 1919 – 1921 жылдан Омбыда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжановпен бірге РК(б)П Сібір бюросының қырғызауытатар бөлімінде қызмет атқарды. Өлкелік “Кедей сөзі” газетінің редакторы болды. Онда газет жұмысына белгілі қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевты тартты, 1921 – 1924 жылы Сибревкомдағы Қазақ АКСР-інің өкілі ретінде Сібір өлкесі мен Қазақстанның шекарасын межелеуге қатысты. Ақмола губкомында қызмет атқарды, Қазақ АКСР-і ОАК-нің мүшесі ретінде Орынборда шығарылған “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетін ұйымдастырушылардың бірі болды. 1924 – 1929 жылы Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) политехникалық институтта оқыды және бір мезгілде осы қаладағы көркемөнер техникумында саяси экономикадан сабақ берді. 1931 – 1937 жылы Ленинградтағы шығыстану ин-тында доцент, Мәскеудегі халық шаруашылығы ин-тында директордың көмекшісі, марксизм-ленинизм университеті директорының орынбасары болды. Ленинградта тұрған жылдарында жергілікті қазақтар бірлестігінің төрағасы ретінде Қазақстаннан оқуға келген жастарға пәтер жағынан және материалдық көмек көрсетуді ұйымдастырды. 1937 жылы 4 қарашада Алашорда қозғалысына қатысқан деген айыппен Ленинградта тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1958 жылы 13 маусымда Ленинград әскери округі әскери трибуналының шешімімен толық ақталды.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том