Мазмұнға өту

Тәуке хан

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Тәуке бетінен бағытталды)

Тәуке хан
Лауазымы
Ту
Ту
Қазақ ханы
1672 — 1715
Ізбасары Қайып хан
Кіші жүз ханы
1652 — 1672
Ізашары Белгісіз
Ізбасары Белгісіз
Өмірбаяны
Діні ислам
Дүниеге келуі 1635
Қайтыс болуы 1715
Түркістан қаласы
Жерленді Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
Әкесі Салқам Жәңгір хан
Анасы Бану ханым
Балалары Болат хан, Сәмеке хан, Тұрсын сұлтан

Тәуке хан, кейде Әз-Тәуке (толық есімі Тәуекел-Мұхаммед Баһадүр Қазы хан, жазба деректерде Тевеккуль-Магаметь-Багатур хан, Баатыр Теука-хан, Тевкей, Тявка-хан, Тевкихан, Девак хан, 1635 жылға дейін - 1715 жылдың жазы/күзі) – 1652 жылдан бастап Кіші жүздің ханы, ал, шамамен, 1672 жылдан кейін Қазақ Ордасының билеушісі. Салқам Жәңгір ханның ортаншы ұлы, Есім ханның немересі. Анасы Бану ханым ойраттың хошоуыт тайпасының билеушісі Күнделен-тайшының қызы. Аппақ сұлтанның інісі, Уәли (Уәлибек) сұлтанның ағасы.

Ішкі саясаты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Тәуке ханның Сығанақ қаласының тұрғындарына жарлығы (1675-1676)

Болашақ ханның саясатқа араласуы 1650 немесе 1651 жылға сәйкес келеді. Жас сұлтан Жәңгір ханның Қашғар билеушісі Абдаллах ханға жіберілген елшіліктің құрамында болған. Әкесінің өлімінен кейін Кіші жүз рубасыларының басым бөлігінің қолдауына ие болды. Хан тағына отырған соң Қазақ Ордасының ішкі және сыртқы саяси жағдайын күшейтуге көңіл бөлді. Ішкі саясаттағы реформаларының бір көрінісі - сан жағынан кішігірім жеті руды біріктіріп, жаңа жетіру рулық одағын және Орта жүздің құрамындағы уақтар мен керейлерден біріккен уақ-керей тайпасын құруы. Сонымен қатар қазақ халқы арасында бұрыннан қолданылып келген ру-тайпалардың ұрандары мен таңбаларын қайта анықтап белгілеген.

Ұйымдастырушылық қабілетке ие болған Тәуке хан XVII ғасырдың 70-ші жылдарына қарай қазақ даласындағы алауыздықтар пен тартыстарды т��қтатып, көршілес жоңғар тайпаларына қарсы сәтті әскери қимылдар жүргізген. Сыртқы жауымен болған ұрыстарда жеңіске жеткен Тәукенің айналасында көптеген қазақ рубасылары топтаса бастайды. Шамамен, 1672 жылға дейін қазақ даласындағы ең беделді хандардың, сұлтандардың, рубасыларының шешімімен хан тағына отырды. Ханның мөріне сәйкес ол қол астындағы көшпенді халықтан «баһадүр» және «қазы» титулдарына ие болған. Кейбір жазба деректер бойынша XVII ғасырдың 50-ші немесе 60-шы жылдары шайқас кезінде екі аяғы ауыр жараланып, мүгедек болып қалған. Сондықтан қала ішінде не ат үстінде, не арнайы жылжымалы төсеніш көмегімен қозғалып отырды.

1672 жылы қазақ ханына жоңғарлардың жаңа билеушісі Қалдан-Бошоқты ханның қудалауынан қашуға мәжбүр болған дербет тайшысы Даян-Омбоның ұлы Малай мен хошоуыт тайшысы Абылайдың ұлы Цаган пана іздеуге келген. Цаган тайшы 1673 жылы қазақ жерінде қайтыс болып, оның қол астындағы адамдары Тәуке ханға қызмет ете бастады.

Сыртқы саясаты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Тәуке ханның тобыл воеводасы А.Ф.Нарышкинге хаты (1693)

Тибеттік буддизмнің Орталық Азияға таралуын көздеген жоңғар билеушісі Қалдан Бошоқты хан 1681–1685 жылдары қазақтарға, қырғыздарға және Әндіжан, Сайрам қалаларының отырықшы халықтарына қарсы жеті жорық ұйымдастырған. 1683 жылы орын алған шайқас кезінде Тәукенің бір ұлы тұтқынға түсіп, жоңғар билеушісінің шешімімен «буддисттік Ватиканның» астанасына жіберілді (туған жеріне 14 жылдан кейін қайта оралды).

Фредерик де Виттің 1680 жылғы картасындағы қазақтар (Casakki Tartari)

1687 жылдың көктемінде Қалдан әскері қазақ хандары мен сұлтандарының қол астындағы Түркістан, Сайрам, Манкент, Қарасман, Шымкент, Текек, Жанқорған, Қарамұрт, Отырар, Ташкент, Чиназ қалаларын жаулап алып, қиратқан. 1687 жылдың ортасына қарай адам және материалдық шығындардан ес жиған қазақтар өз күшін қайта жұмылдырып, 1688 жылы Қалдан әскеріне бірнеше соққы берді. Жеңістің нәтижесі бойынша, алдымен, Ташкент қайтарылды. Бұхар жылнамашысы Мұхаммед-Әминнің мәліметіне сәйкес қазақ билеушісі Ташкентте сол жылдың қысында Субханқұл ханның елшісі Күшік-би аталықты қабылдаған. Ферғананың саяси орталығынан кейін Тәуке ханның қол астына қырғыздар мен Түркістанның солтүстігінде мекендеген қарақалпақтар өтті.

XVII ғасырдың ортасына қарай Тәуке ханның саяси ықпалы Қазақ Ордасымен көршілес Сырдарияның орта және төменгі ағыстарында орналасқан сауда және қолөнер дамыған қалаларына да (32 қала мен айналасындағы ауылшаруашылық кенттер) тараған. Ташкент, Сығанақ, Сайрам, Түркістан, Созақ, Аққорған, Қарнақ, Сауран және т.б. қалалардың тұрғындары қазақ билеушілеріне жыл сайын тауармен және ақшалай салық, ал ауылдық аймақтарда тұратын отырықшы халық жиналған егіннің 1/5 немесе 1/10 бөлігін төлейтін.

С.У.Ремезовтың «Сызба кітабындағы» Қазақ Ордасы (Земля Казачьи Орды)

Ішкі саясаттағы белсендігімен қатар Тәуке хан 1687–1697 жылдары солтүстік көршілерімен орын алған қақтығыстар мен қарама-қайшылықтарды реттеуге, сауда-саттықты дамытуға, керуен жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салды. 1687-1693 жылдары Тобольск қаласына бес арнайы елшілік аттанған. 1687 жылғы елшілікті Тасым батыр, ал 1689 жылғы елшілікті Түменші батыр басқарған. Сары және Келде мырзалар 1691 жылдың көктем-жаз айларында Ямышев көліне қарай бет алып, тобыл татарлары Азбакей Кулмаметов және Акметей Кучугаевке қазақ билеушісінің хатын жеткізген. Тәуке хан қазақ-жоңғар соғысының барысында тоқтаған сібір көпестері мен қазақтардың арасындағы сауда қатынастарын қалпына келтіруді ұсынды. Сол жылдың күзінде тобыл стольнигі Павел Шарыгин Сары және Келде мырзаларды Ямышев көлінің бойында тұтқынға алған. Қазақ жасақтарының Батыс Сібірдегі қоныстарға шабуылдарын тоқтатуды талап ету үшін сібір губернаторы С.И. Салтыков Тәуке ханға 1692 жылы Андрей Неприпасовты жіберген. Ресей үкіметінің Келдені босатпауы, оған қоса шекаралық қақтығыстарды тоқтатудан бас тартуына байланысты Тәуке Неприпасов елшілігін тұтқындады. Келде мырзаны тұтқыннан босату үшін 1692 жылдың күзінде Тобольск қаласына Қабай аталық және Түменші батыр бастаған жаңа елшілік аттандырған. Оларға қоса елшіліктің құрамында Абылай ханның, Қайып және Абылай сұлтандардың елшілері Қожағұл, Оразымбет және Айжашы болды. Келіссөздердің бұл кезеңі еш нәтиже бермеді. Батыс Сібірдегі қазақтармен шекаралас аудандардағы қақтығыстарды тоқтату мақсатымен тобыл воеводасы А.Ф. Нарышкин Түркістанға Федор Скибин және Матвей Трошинді жіберген. Олар 1694 жылдың 22 маусымында Түркістанға жетіп, қазақ билеушісіне Келде мырзаны қайтарған.

Түркістан қаласының жоспары (XVIII ғасырдың басы). Д.Г.Мессершмидтің құжаттарының арасынан табылған. Тәуке ханның мөрі сол жақ шетте бейнеленген (Tabakul Maamet Burturchan)

1698 жылы қазақтардың оңтүстік жайылымдары жоңғарлардың жаңа билеушісі Цеван-Рабданның шабуылына ұшырады. Бұл екі халықтың арасындағы ұзаққа созылған соғыстың жаңа кезеңіне алып келді. Тәуке ханның билік басындағы соңғы 17 жылында бірнеше қазақ-жоңғар соғысы (1698–1703, 1708, 1709–1710, 1712 және т.б.) орын алды. Жасына байланысты 1710 жылдан бастап ойраттарға қарсы ұйымдастырылған жорықтарға қатысқан жоқ. Елшілік құжаттарға сәйкес 1715 жылдың бірінші жартысында Түркістан қаласында қайтыс болған. Жазба деректерде Тәуке ханның 3 ұлы белгілі: Орта жүздің хандары Болат (1712-1723) пен Сәмеке (1723-1738). 1692 жылы Түркістанға келген А. Неприпасов елшілігінің құрамында болған Теуіш мергеннің ақпаратына сәйкес оларды Тәуке ханның ұлдары Болат және Тұрсын сұлтандар қарсы алған.

Жеті жарғы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: Жеті жарғы

Тәуке ханның аты тарихта «Жеті жарғы» заңдарымен де тығыз байланысты. Тарихшылар «Жеті жарғыны» ойраттардың «Их цааз» заңдар жинағына жауабы ретінде қарастырады. Тәуке хан қазақтың және көршілес халықтардың (қарақалпақ және қырғыз) атақты билерімен біріге отырып, әдет-ғұрып заңдарын, билер сотының тәжірибелерін жинақтап, заман талабына сай өзгертіп, толықтырған. «Жеті жарғы» орыс деректерінде «Тәуке хан заңдары» деген атпен белгілі. «Жеті жарғыға» әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық құқық нормалары, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген. «Жеті жарғы» - жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. «Жеті жарғы» мынадай негізгі бөлімдерді қамтыған:

  • жайылымдар мен суаттарға қатысты туындайтын дауларды реттейтін заң;
  • неке қию және ажырасуды, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін, отбасы мүшелерінің мүліктік құқықтарын реттейтін заң;
  • әскери борышты, бөлімшелерді құруды және қолбасшыларды сайлауды реттейтін заң;
  • соттық істерді қарау тәртібін реттейтін заң;
  • кісі өлтіруден басқа қылмыс түрлеріне қатысты қолданылатын жазаларды реттейтін заң;
  • өлімге немесе ауыр жарақаттарға алып келген қылмыстарға қатысты қолданылатын жазаларды реттейтін заң;
  • жесірлер мен жетімдердің мүліктік және жеке құқықтарын, олардың алдындағы туыстарының, қауымның міндеттерін реттейтін заң.
  • Басин В.Я. Россия и казахские ханства в XVI-XVII вв. Алма-Ата, 1971.
  • Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т.1.Алма-Ата, 1985.
  • Вельяминов-Зернов В.В. Исследования о касимовских царях и царевичах. Ч.2. СПб., 1864.
  • Витсен Н. Северная и Восточная Тартария, включающая области, расположенные в северных и восточных частях Европы и Азии. В трех томах / Пер. с голландского языка В.Г.Трисман. Т1. Амстердам, 2010.
  • Добромыслов А.И. Тургайская область. Т.1. Вып. 1. Оренбург, 1900.
  • Ерофеева И.В. Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг. Сборник исторических документов в 2-х томах/Автор проекта, введения, биографий ханов, научных комментариев; составитель и ответственный редактор И.В.Ерофеева. Алматы: АО «АБДИ Компани», 2014. - 696 с. + вкл. 44 с. — ISBN 978-9965-832-26-0.
  • Кудайбердыулы Ш. Родословная тюрков, киргизов, казахов и ханских династий / Пер. Б. Каирбекова. Алма-Ата, 1990.
  • Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей. Изд. 3-е / Сост. И.В. Ерофеева. Алматы, 2009.
  • Рабнабхадра. Лунный свет. История рабджам Зая-пандиты / Пер.с ойратского Г.Н. Румянцева и А.Г. Сазыкина. Транслитерация текста, предисловие, комментарий, указатели и примечания А.Г. Сазыкина. СПб., 1999.
  • Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. Алматы, 2001.
  • Тынышбаев М История казахского народа / Сост. : авторы предисловия А.С. Такенов и Б.Байгалиев. Алма-Ата, 1993.

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]