Мазмұнға өту

Лопе де Вега

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет


Lope de Vega

Portrait of Lope de Vega
Дүниеге келгендегі есімі: Félix Arturo Lope de Vega y Carpio
Дүниеге келгені: Félix Arturo Lope de Vega y Carpio
қарашаның 25 (1562—11—25) (462 жас)
Madrid, Spain
Қайтыс болғаны: 1635 ж. тамыздың 27 (72 жаста)
Madrid, Spain
Мансабы: Poet, playwright
Language: Spanish
Әдебиеттік қозғалысы: Baroque
Елеулі шығармасы(лары): Fuente Ovejuna
The Dog in the Manger
La Arcadia

Лопе де Вега (ис. Lope de Vega; толық аты — Фе́ликс Ло́пе де Ве́га и Ка́рпио, ис. Félix Lope de Vega y Carpio; 25 қараша 1562, Мадрид — 27 тамыз 1635, Мадрид) - испан драматургы, ақын, прозаик.

Ол 2000-дай пьеса (500-дейі жарияланған), 20-дан астам поэма, лирикалық өлеңдер, романдар, трактаттар жазған. Шығармаларында испан ренессанстық драмасының басты мәселелерін тұжырымдады. Оның пьесалары — қайта өркендеу дәуіріндегі испан драмасының классикалық үлгісі. Испания мен Батыс Еуропада драма өнерінің дамуына ықпал етті. “Шөп қорыған ит” комедиясы 1949 ж. қазақ тіліне аударылып, жеке кітап болып шықты. 1961 ж. бұл пьеса Қазақ академиялық драма театрында “Қызғаныштан махаббат” деген атпен қойылды.

Оның әкесі астурий тегінен, реконкистерден тараған шаруа отбасынан шыққан дәулетті адам болды. Лопенің әкесі киім кешекке ою-өрнек салуды ұнататын, өзінің зер тігетін шеберханасы бар, шебер тігінші болған. Әкесі Лопеге жақсы білім берді, баласын жақсы көргендігі сонша, оған алдын-ала дворяндық атақтың патентін сатып алып қояды.[1]

Лопе кішкентайынан өзінің зеректігімен басқа балалардан ерекшеленетін. Әдебиетке қызығушылық танытып, бірнеше шет тілдерін еркін меңгереді. Өзінің айтуы бойынша, ол жазуды ерте – 11 жасынан бастаған. Алькала университетінде оқып жүргенде ақындық қасиетімен көзге түседі. Оған қоса, король академиясына барып математика ғылымы бойынша лекция тыңдайды. Авила қаласындағы шіркеудің жоғарғы дәрежелі қызметкерлерінен дәріс алып отырады.

Лопе Испания халқына танымал болған гуманистік театр ортасына жастайынан жақын болады. Бұл театр Лопе де Вегаға тарихи, ұлттық театрлық тәжірибелерді өз бойына сіңіре білуді, өмірге қарапайым халықтың көзімен қарап, оны түсіне білуді үйретті.

1588 жылдың жаңа жылын Лопе түрмеде қарсы алады. Түрмеге түсуінің себебі, 1587 жылдың 29 желтоқсанында Карролда «Де ла Крус» қойылымы жүріп жатқанда, полиция оны «жазған пьесаларын сатады» деген жаламен тұтқынға алады. Бірақ, Лопе сотта өзін «еліктегіш драматург» ретінде көрсетіп, пьесаларын сатпағандығын айтып ақталады. Драматург 1588 жылы Англияға қарсы бағытталған «Жеңілмейтін Армадтар» атты испан әскери флотының қатарында болады. Осы жорықта ол «Анжеликаның сұлулығы» атты романын жазады. бұл жорықтан кейін «ол жаңа рухта жазылған комедияларымен испан ұлттық драмасының қалыптасуына және дамуына негіз салды».[2]

Мадридтегі ескерткіші (1902).

Лопе өте қуатты, оптимист жазушы болды. Ол әртүрлі жанрларда: комедия, поэма, сонеттер жазды. Оның шығармалары туған жеріне, туған жердің байлығына, отанға деген сүйіспеншілікке толы болды. Ол еркін, оңай әрі тез жазды. Зерттеушілердің айтуынша, Лопенің 50 мың өлеңі, 42 мың өлең жолынан тұратын 2989 сонеті, 426 комедиясы және қырықтан аса «аутосы» бар. Испандықтар өзінің дарынды ақыны, данышпаны – Лопені қатты құрметтеді, табынды. Оның есімі барлық жақсылықтың, қуаныштың символы болды. Ол халықтың сүйіктісіне айналды, елі онымен мақтанды. Әрбір испандық үшін Лопе – поэтикалық өнердің құдайы, оның қолынан шыққан дүниенің бәрі ұлылықтың дәні секілді болды. Лопе – испан театрының негізін салушы. Ол классицизм үлгісімен жасалған кейіпкерлердің көпірме сөздері, қауіп, қорқыныш немесе шектен тыс ашу көрерменді мезі ететіндігін аңғарды. Ол халық үшін жазды, көрерменнің көңілінен шығуды қалады. Лопе үшін ең маңызды нәрсе – көрерменнің ыстық ықыласы, берген бағасы болды. «Оқымысты педанттарға келсек, егер олар наразы болып жатса, театрға келмей-ақ қойсын, оларды ешкім мәжбүрлемейді» деп жазды.

Лопе өз қабілетін әртүрлі жанрда байқап көрді. Ол Ариостоға, Торквато Тассоға еліктеп, сонеттер, эпикалық поэмалар жазды. Торквато Тассо рухымен ақын «Жаулап алынған Иерусалим» поэмасын жазды. «Диананың басынан кешкен оқиғалары», «Батыр Гусман» новеллаларын, өз дәуіріндегі екі жүзден астам ақындар мен жазушылардың аты аталатын әдеби-сыни «Бұлбұл» поэмасын, дәуір рухымен үндес келетін «Қасиетті өлеңдер» атты рухани өлеңдер жинағын, бақташылық жанрда: «Вифлеемдік бақташылар» романын жазды. Бірақ, жалпы болмысында Лопе драматург болды. Ол елу жылдан астам өмірін театрға арнады. Лопе драматургиясы үш кезеңге бөлінеді:

  1. Лопе де Веганың драмалық шығармаларының алғашқы қадамы 1594-1604 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңге «Би мұғалімі» (1594), «Валенсия жесірлері» (1599), «Ел кезуші өз Отанында» (1604) атты пьесалары жатады.
  2. Екінші кезең – 1605-1613 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңде тарихи революциялық драмаларымен қатар, «Фуэнте Овехуна» (1613), әртіс Херонимге арнап «Ақымақ» (1613) атты драмаларын жазды.
  3. Лопе шығармашылығының үшінші кезеңі – 1614 жылдан басталады. Бұл кезең халықтық театрдың шіркеуге қарсы тұрған кезімен тұспа-тұс келді. Осы бір аласапыран уақытта драматургтың көптеген қолжазбалары жоғалып кетеді, ал қалған шығармаларын достарына аманат етіп қалдырады. Бұл кезеңдегі туындыларына: «Король дон Педроның Мадридке оралуы» (1618), «Кім екенін білмей сүю» (1622), «Ақшасыз атақ жоқ» (1623), «Севиль жұлдызы» (1626), «Құмыра ұстаған қыз» шығармалары жатады. Драматург өмірінің соңғы жылдарында жазылған поэмалары: «Мысықтар шайқасы» (1634), «Алтын ғасыр» (1635); ал трагедиялары: «Кексіз жаза» (1631), «Айбынды Белистер» (1634) деп аталды.

Лопе соңғы демі біткенше жазуын тоқтатқан жоқ. Өлерінің аз-ақ алдында «Алтын ғасыр» атты керемет поэмасын жазып бітіреді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. История зарубежной литературы ХУІІ-ХУІІІ в.в. С.Д.Артамонов, З.Т.Гражданская, Р.М.Самарин. Москва, Просвещение, 1973.
  2. Шетел әдебиетінің тарихы. Қобланов Ж.Т. Алматы, ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, 2011. ISBN 978-601-217-161-7