Мазмұнға өту

Мөде қаған

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Мөде қаған
Мөде қаған
Лауазымы
Ғұн империясының билеушісі
б.з.б. 209 — б.з.б. 174
Ізашары Тұман
Ізбасары Лаошань
Өмірбаяны
Әкесі Тұман
Балалары Лаошань

Мөде қаған (Маодунь) (ж.ж.с.д. 228-174) — ғұн (қытайша хунну) империясының негізін қалаушы.

Қытай жазбаларында оның есімін «Маудун», ал билік лауазымын «шаньюй» деп атайды. Чәниүй атауының жеке сөз ретінде не мағына беретіні әлі күнге белгісіз, ал лауазым ретіндегі мағынасы ғұндар үшін ортағасырлық түркілердің «Қаған» дегенімен мәндес. Қазіргі тарихшылардың шаньюйді «тәңірқұты» деп аударады.

Мөде шамамен 18-19 жасында, ж.ж.с.д. 209 жылы, әкесі Тумәнді өлтіріп, ғұн хандығының тағына отырып, өзін ғұн елінің дара билеушісімін деп жариялайды. Содан көп ұзамай шығыста дунху, батыста жыужы (юечжи), терістігінде хуниүй, чуйшы, динлиң, гыгун және шыңли, оңтүстігінде лыуфаң, бай — иән секілді елдерді жаулап алып, шағын ғұн хандығын Шығыста теңдесі жоқ далалық ұлы империяға айналдырады. Осыдан кейін елі оны «ақылы асқан дана» деп мойындап, оған «Чиңтижы» деген ат береді. Бұл қазіргі түсінікте «Тәңірінің күші», яғни «Құдайдың қаһары» деген мағынаны білдіреді.

Ел билігінің басына көсемдік дарыны аса жоғары, қолбасшылық қабілеті тым ерен, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын жігерлі жас Мөденің келуі тек ғұн халқының ғана емес, бүкіл Шығыс халықтарының тағдырына үлкен өзгеріс әкеледі. Бұрын жеке-жеке хандықтарға бөлініп, өзара қырқысып жатқан түркі халықтарының басы бірігіп, бәрі тарихқа танылған үлкен бір далалық империяның құрамына енеді. Елді басқарудың жаңа жүйесі қалыптасады. Бұл жүйе елді үш әкімшілік аумақтық құрылымға бөліп басқару арқылы жүзеге асырылып, бар билік бір адамның чәниүйдің қолына көшеді.

Мөде қаған тұсында мемлекетті басқару жүйесінің шен дәрежесі де белгіленеді. Мемлекеттің шығыс бөлігін Сол тужи уаң, батыс бөлігін Оң тужи уаң басқарды. Қытайша аталған бұл лауазымдардың билік пәрмені кейінгі түркілердің «кіші хан» деген ұғымына келеді. Бұдан кейінгі лауазым иелерін Сол лули уаң, Оң лули уаң деп атайды. Бұлар кіші хандарға бағынышты азық-түлікке жауап беретін уәзірлер. Кезінде осы төрт лауазым иелерін топтастырып ортақ бір ақ атаумен чәниүйдің «төрт мүйізі» деп атаған. Мұның сыртында «түмен басы» деп аталатын 24 әкімшілік басшылары болған. Тәрізі қазақтың қария сөзінде жиі айтылатын «24 баулы ел» деген тіркес сол бір шалғай кез кезеңнен келе жатқан үрдіс болуы әбден мүмкін.

Мөденің реформасынан кейін мемлекетте әскери шен жүйесі де (бас қолбасшы, түменбасы, мыңбасы, жүзбасы, онбасы) бір қалыпқа түседі. ғұн империясы азаматтарының бәрінің бірдей әскер қатарына шақырылуға міндетті болуы, шақырылғандардың әскери бастықтарына сөзсіз бағынуы, әскердің үнемі жауынгерлік рухта болуы үшін әскери жаттығулардың жүйелі жүргізіліп тұруы ғұндардың тұрақты армиясы болғанын дәлелдейді. Оның саны бір деректе «300 000, екіншісінде 400 000 еді» деп көрсетіледі.

Ғұндардың ата-баба дәстүріне негізделген азаматтық, қылмыстық заң жүйесінің өмірге келуі де осы Мөде қағаннан басталады. Бірақ бұл заңдардан қытайдың байырғы жазбалары арқылы бізге жеткені 4-5 бап қана. Олар:

  • Адамға пышақ, не қанжар салып, өлімші еткендер өлім жазасына кесіледі;
  • Ұрлық жасаушының мал мүлкі түгел тәркіленеді;
  • Жеңіл қылмыс жасағандардың беті тілінеді; (Қазақтың «бетің тіліңгір» деген қарғысы осы Мөде қаған заманынан бүгінге жеткен бір белгі болса керек)
  • Ауыр қылмыс жасағандар өлім жазасына бұйырылады;
  • Қылмыстыларды қамауға алып, жазасын беру он күннен әріге созылмайды. (Бірақ мемлекетте мұндай қамауға алынатын қылмыстылар онша көп болмаған)

Ғұндарға шын ниетімен беріліп, өлгенше чәниүй ордасында тұрып, адал қызмет атқарған қытай оқымыстысы Жүншин Иөннің айтуына қарағанда: «олардың заңдары орындауға жеңіл» көрінеді. Бұл, әрине, оның ғұн мемлекетінің заңын Хән патшалығының заңдарымен салыстырудан шығарған қорытындысы еді.

Ғұн империясы билігінің тізгінін 35 жыл уысында ұстаған Мөде қаған ж.ж.с.д. 174 жылы қайтыс болғаннан кейін де, кезегімен билік басына келген оның ұрпақтары ол орнатқан ел басқару тәртібі мен заңдылықтарды қатаң сақтап, жарты әлемді жалпағынан басқан алып мемлекеттің үш ғасыр бойы өмір сүруін қамтамасыз ете алады.

Модэ(Мөде), Модэ тәңірқұт, Оғыз қаған (т.ж.б. – б.з.б. 174) – ғұндардың билеушісі. Б.з.б. 201 ж. Модэ Алтай өңірін түгелдей бағындырды. Б.з.б. 177 ж. Модэ юечжилерді, Шығыс Түркістанды, үйсіндерді өзінің қол астына қаратты.[1]

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Елтұтқа