Сақтар
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына сәйкес болу үшін жетілдіру қажет. Осы мақаланы әрі қарай дамытуға көмектесіңіз. |
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Сақтар (сақалар) — б.з.б. 1-мыңжылдықта Орта Азия мен Қазақстан, Шығыс Түркістан аумағын мекен еткен ежелгі тайпа. Олар қуатты тайпалық одақтары массагеттер, исседондар, аландар, каспийлер, сарматтардан тұрған.[1]
Атауы
Бұл халық өзін өзі сақа, сақ деп атаған, (аккад. ashkuza; қыт. 塞 — Sai, көне қытайша: *sək).
Оларды көне гректер скифтер (гр. skythai) деп атаған. Ол туралы грек тарихшысы Геродот өзінің «Тарих» деген еңбегінде, 5 томында, жағырапияшы Страбон «Жағырапиясында» жазып қалдырған.
Сақ тайпасының әртүрлі атаулары болған. Ежелгі гректер оларды "азиялық скифтер", ал парсылар - "Құдыретті еркектер" деп атаған.
Қоныстанған жерлері
Б. з. б. I-��ыңжылдықта Солтүстік Үндістанды, Ауғанстанды, Орта Азияны және Қазақстанның оңтүстігін қамтитын кең-байтақ аумақта жинақтап алғанда «сақ» деп аталатын көптеген тайпалар мекендеген. Геродот (б. з. б. V ғ.) және баска антик тарихшылары оларды Азия скифтері деп атаған.
Fылымда сақтардың бұл топтарының Орта Азия мен Қазақстан аумағында шоғырланғаны туралы көптеген болжамдар бар. Олардың біреуіне сәйкес Шаш (Ташкент ауданы), Солтүстік Қырғызстан аумағында және Қазақстанның оңтүстігінде тиграхауда-сақтар мекендегені, бұл сақ тайпаларының этникалық аумағы кеңірек болған, оған Оңтүстік Орал өңірі мен Таулы Алтайда мекендеген. Ахемендік Иранның сына жазу ескерткіштерінде Сақтар үш топқа бөлінеді. Олар: хаумаварға Сақтар (хаому шарабын ішетіндер немесе амюрийліктер); тиграхауда Сақтар (шошақ бөріктілер); парадарая Сақтар (теңіздің арғы жағындағылар). Бұлар Орта Азияның оңтүстігін, Арал теңізінің төңірегін, Сырдария бойын, Жетісу алқабын мекендеген. Сақтар одақтарына яқсарт, массагеттер, исседон, дайлар, астақ, қамақ, аримаспы сияқты көптеген көне тайпалар біріккен. Бұлар Кавказ (Қапқаз) тауын «Қаз» тауы деп атаған. Сақ жерінде Яқсарт (Сырдария), Оқсус (Өкіссу – Әмудария) үлкен өзендер болған. Сырдарияны Бақтиярлар (бақтрлар) Яқсарт, ал Сақтар Сілес (Сіле, Сілеті) деп атаған. Сақтардың б.з.б. мәдениетті ел болғаны туралы дерек мол. Археологтар Қазақстанның оңтүстік ауданы мен Қырғызстан, Тәжікстан және Алтай жерлерінен Сақтар тайпаларының қорғандары мен обаларын тапты. Парсы патшасы Дараявауштың Парсаға (гр. Persepolis) жақын Накширустамдағы тас жазуларында сақтарды үш топқа бөліп көрсеткен:
- парадарая (теңіздің арғы бетіндегі сақтар) — еуропалық сақтар-скифтер немесе Арал теңізі, Сырдарияның арғы жағындағылар;
- хаомаварга (хаома сусынын жасайтын сақтар) — Ферғана алқабын мекендеушілер;
- тиграхауда (шошақ бөрікті сақтар) — Сырдарияның орта ағынын және Жетісуды мекендеушілер.
Тарихы
Парсылардың патшасы II Құрыш, Лүдия патшасы Кройсоспен б.з.б. 558—529 жж. соғысқанда, сақтармен одақтасқан. Кейін Құрыш сақтарды, соның ішіндегі массагеттерді өзіне бағындаруды ұйғарды. Құрыш сөйтіп, Сақ жеріне басып кірді. Алайда парсылар сақтарды жеңдік деген кезде, сақ жауынгерлері тұтқиылдан бас салады. Құрыш та, әскерлері де өлтіріледі. Тұмар туралы аңыз осы кезде шықты. Бұл аңыз расқа тән — Құрыш ұлы Қамбуджия — массагеттерге өкілдерін жіберіп әкесі мәйітін кері алған.
Сына жазуы мәтіндерінің кейбір этнонимдері грек деректемелеріндегі тайпалар аттарымен иланымды ұқсастырылады. Мәселен, Геродоттың өз айтуы бойынша Ахаменид державасының оныншы әкімшілік округіне кірген (Геродот, Ш, 92) ортокқарибантийлері тиграхауда-сакқтарға, амюргийлік сақтар — хаумаварга-сақтарға (Геродот, VIII, 64), ал дайлар — Авестаның және Ксеркс жазбасына сәйкес келеді.
Басқа да грек авторларының көпшілігі сияқты, Геродот та кейде «азиялық скифтер» деген терминді қоса отырып, сақтарды скифтер деп атайды. Бұл атау грек тарихшыларына жақсы таныс Солтүстік Қара теңіз өңірі мен Алдыңғы Азияның көшпелі скиф тайпаларына қарап айтылды. Бірақ грек деректемелерінде ахаменидтік сына жазуларында кездеспейтін басқа атаулар да бар, олар: массагеттер, савроматтар (кейінгі кезде сарматтар), аргиппейлер, аримаспылар, ассилер, пасиандар, сақарауылдар (сақарауықтар) және басқалары.[2]
Парсы және антик деректемелеріндегі тайпаларды Қазақстан мен Орта Азияның осы заманғы қартасына орналастыру туралы мәселе әлі түпкілікті шешілген жоқ. Теңіздің арғы жағындағы сақтарды оқшаулап бөлуде таяу уақытқа дейін екі көзқарас болып келді. Бірінші көзқарас (В.В. Струве) тұрғысынан, парадрайа сақтарды Арал теңізінен шығысқа таман және Әмудария мен Сырдария өзендерінің төменгі бойларына орналастыру керек еді. Мәселені бұлайша қоюға I Дарийдің сақтарға қарсы жорығының жүрген жолы туралы әңгімелейтін Бехистун жазбасының бесінші бағанының екінші жартысын қайта құруды ұсыну негіз болды. Бехистуннан алынған мәтінінін қалпына келтірілген бөлігін, ал одан кейін Нақши-Рүстем және Персепол жазуларын антик деректемелерінің мәліметтерімен салыстыру негізінде — парадрайа сактардың және «Соғдының ар жағындағы» сақтардың массагетгерге, дайларға, каспилерге сәйкестігі туралы болжам жасалды.
В.В. Григорьев басқаша көзқарасын айтады, оған карағанда парадрайа сақтар деп Оңтүстік Ресей және онымен шектес аймақтар аумағын мекендеген еуропалық скифтерді түсіну кажет болады. Бехистун жазбасын жаңадан зерттеу және аудару Бехистун жазбасының V бағанасын баскаша карап, басқаша түсіндіруге әкеп соқты. Қазіргі уақытта парадрайа сақтарды Қара теңіздің солтүстік төңірегіне орналасты деу дұрысырақ деп саналады. Орта Азия мен Қазақстан сақтарының басқа екі тобы (хаумаварға мен тиграхауда) Таяу Шығыстың қалықтарына көбірек мәлім болған. Кир мен Дарий жорықтар жасаған тиграхауда сақтар Ахаменид бедерлері мен мөрлерінде бірнеше рет бейнеленген. Олардың Скунха деп аталатын көсемінің тұлғасы баска да бағындырылған халықтардың патшаларымен бірге I Дарийдің бұйрығы бойынша Ирандағы Бехистун деген жердегі жартасқа қашап салынған. Ежелгі Шығыстың ең көне және аса маңызды саяси кұжаттарының бірі деп әбден орынды саналатын Бехистун жазбасының сақ көсемін тұтқынға алумен байланысты оқиғаларға арналған V бағанасының 20—30-жолында былай делінген:
«Дарий патша былай дейді: содан кейін мен әскеріммен Сақтарға аттандым. Шошақ бөрік киетін сақтар шайқасқа шықты. Мен теңізге жеттім де, бүкіл әскеріммен арғы бетке өттім. Сөйтіп мен сақтардың бір бөліг��н ойсырата талқандадым да, екінші бөлігін тұтқынға алдым... Скунха деген көсемін қолға түсіріп, маған әкелді. Сол жерде мен өз дегеніммен екінші біреуін (олардың) көсемі қылып тағайындадым. Бұдан кейін ел маған қарады».
Бұл мәтін шошақ бөрік киетін тиграхауда сақтар туралы ақпарат беретін, сақталып қалған бірден-бір жазбаша құжат болып табылады. Онда тиграхауда сақтар жері басталатын бір судың бар екендігі де айтылады.
Сақтар мен массагеттер еліне Ахаменид патшалары Дарий мен одан бұрынғы II Кирдің жорықтары тарихи анықталған фактілер қатарына жатады. Осы оқиғалар туралы егжей-тегжейлі әңгімелейтін Геродот массагеттер жерін Каспий теңізінен шығысқа таман, «Арақыс озенінң арғы жағындағы күннің шығу бағыты бойынша орналастырады (Геродот, I, 201, 204). II Кир мен I Дарий жорықтарының жолдары талас туғызады. Біреулер Дарий өзінің ізашарының жүрген жолын кайталай отырып, сақтармен Әмударияның арғы жағында Арал теңізі маңында кездесті деп санайды, екінші біреулер II-Кир массагеттермен Үзбой өзені арғы жағында (Әмударияның бүгінде тартылып қалған батыс саласы) шайқасты, ал Дарий сақтар жеріне Әмударияның орта тұсынан өтті деп санайды. Бір нәрсе айқын: пікірлердің қайшылықтарына қарамастан, екі жорықта массагет сақтар тайпаларына қарсы бағытталған; бұлардың жері Геродоттың ортоқарибантийлерінің немесе Бехистун жазбасындағы тиграхауда сақтардың жерімен толық немесе ішінара сәйкес келеді деп топшылау керек. Жағырапиялық жағынан алғанда, бұл — Каспийдің шығыс төңірегі мен Үзбойдан Сырдария өзеніне дейін қоса алғандағы Арал өңірінің аймағы. Массагет одағы, сірә, дербиктер, әбийлер, апасиақтар сияқты тайпаларды да біріктірсе керек.
Сондай-ақ тиграхауда сақтар Шашты, Таң-Шаңды және Жетісуды мекендеген деген пікір де бар. Страбонның айтуы бойынша, массагеттерден солтүстікке таман, «Меотидадан жоғары» (Страбон, XI, 9,2) жерлерде дай тайпалары қоныстанған. Сырдарияның арғы жағындағы олар Ескендір Зұлқарнайын замандастарына да мәлім болды. Антик авторлар оларды, бұрынырақта Геродоттың жазғанындай, массагеттердің иелігіндегі жерлерде орналастырады. «Дақ» атауы неғұрлым ертеректегі деректемелер- «Авеста» мен Ксеркстің «дэвтер» туралы жазбасында да мәлім. Мұның бәрі дақтардың (дайлардың) әуелде массагеттердің солтүстігіне таман аймақты мекендегенін, не массагеттердің бірлестігіне кіргенін көрсетеді. Б.з.б. III-ғасырдың орта шенінде дайлар тарих ересінде массагеттердің орнын алып, Каспий маңының оңтүстік-шығысынан, Парфия шекарасынан келіп шығады. Осы уақыттан бері «көптеген скифтер, Каспий теңізінен бастап, дайлар деп аталады» (Страбон, XI, 8,2).
Парсы сына жазуларының хаумаварға сақтар ең ірі тайпа немесе тайпалар тобы болып, грек деректемелерінде амюргий сақтар деп аталады. Көптеген зерттеушілер амюргий сактарды ежелгі Бақтрия және Маргиана аймақтарына (Әмудария мен Мұрғаб өзендерінің жағалауы) орналастырады. Бұлар ертедегі парсылар танысқан алғашқы сақ тайпалары еді. Геродот былай деп жазады: «Бұл — амюргий сақтар деп аталған тайпа (ол шын мәнінде, скифтік тайпа). Өйткені парсылар скифтердің бәрін сақтар деп атайды.
Скифтердің тайқазаны
Скифтер тайқазан жасап, оған жылқының етін асып, аталарына ас берген. Сол дәстүр қазақтарда бүгінге дейін сақталып келеді. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауидің мавзолейінде тұрған тайқазан-скиф дәуірінен бері үзілмей келе жатқан дәстүріміздің белгісі. Ариант деген патша скифтердің санын білмек болып, “Әрбір скиф бір-бір жебенің ұшын әкелсін!” деп бұйырады. Жиналған жебенің көптігі сонша, патша жебенің ұшындағы жезді балқытып, қазан құяды. Скифтердің тайқазанын көзімен көрген Геродот былай деп жазыпты: “Ол қазанды көрмесеңіздер мен суреттеп берейін: оған 600 құман су еркін сыяды, ал скифтердің бұл ыдысының қалыңдығы алты елі”. Скифтердің тағы бір дәстүрі – бие сауып, қамыз ашытқан. [3]
Сақтар туралы ежелгі тарихшылардың пікірлері
“Сақтар – садақпен, қылышпен, сауытпен, жез балтамен қаруланған тамаша атты және жаяу әскерлер; ұрыстарда алтын белдік тағынып, алтын таңғыш байлап жүреді. Аттарының жүгендері, тізгендері де алтынмен әшекейленген. Оларда күміс жоқ, темір аз, ал жез бен алтын көл-көсір.” (Страбон, ежелгі грек географы, тарихшы)
“Егер сен өзіңнің барлық байлығыңнан бас тартып, садақпен жіне жебемен жарақтанып, сақтардың арасында өмір сүрсең, онда сен еркін адам болар едің.” (Анахарсис, сақ ғұламасы
“Олармен еуропалық патшалықтар да теңдесе алмайды. Тіпті Азияда да скифтерге жеке-дара қарсы тқра алатын халық жоқ.” (Фукидид, ежелгі грек тарихшысы)
“Иә, шындығында, дәл солар ғана, түркілер – бұл тарихтың көшбасшылары, оның басты қайраткерлері болды.” (Алексей ОКЛАДНИКОВ, академик-ғалым, тарихшы)
“Сақтардың арасында еш қызғаныш, ауыр ұрыс-керіс жоқ. Ешкім де ешкімді жек көрмейді, керісінше, мүмкіндігі келгенше бір-біріне көмектеседі және қолдау білдіреді. Олар өзара дос және азық-түліктерінің аздығына қарамастан, бір-бірімен шын пейілдерімен бөліседі.” (Плано КАРПИНИ, итальян саяхатшысы)
Кир әскерінің басып кіруі
Б.з.б. 530 жылы сақ жеріне Кир бастаған парсы әскерлері басып кірді. Бұд кезде сақтардың билеушісі Тұмар еді. Кир әскерлерімен Сырдарияға дейін келіп, өз елшілерін Тұмарға жібереді. Бірақ Тұмар "әйел болса да, жаудың шапқыншылығынан қорыққан жоқ" деп жазады Рим тарихшысы Помпей Трог.
Сақ патшайымы Тұмар келіссөз жүргізуден бас тартады. Парсы патшасы Кир сақтарға қарсы шабуылға шығады. Өз жерінде соғысуға қолайлы деп есептеп, Тұмар парсылардың судан өтуіне әдейі мүмкіндік береді. Кир әскерін өзеннен өткізіп, біршама жер жүргеннен кейін қостарын тікті. Келесі күні ол қулық ойлады: әдейі қорыққан болып, лагерін тастап, қаша бастаған сыңай танытты. Патшайымның баласы Ыспарғапис жаудың соңынан қуып, тәжірибесіз жас болғандықтан, торуылға түсіп қалады. Баласының қайтыс болғанын естіп, Тұмар қалың әскермен Кир жаққа аттанады.
Шырақтың ерлігі
Кир қайтыс болғаннан кейін 11 жыл өткен соң б.з.б. 519 жылы парсылар сақтарға қарсы қайта шабуылға шығады. Бұл жорықты I Дарий патша басқарады. "Мен әскеріммен сақ жеріне жорыққа шықтым" деген I Дарий сөздері Бехистун жазбаларында айтылады. Сақтарды Скунха атты көсемі басқарады. Скунха соғыста жеңіліп, парсы әскері Сырдариядан өтеді.
Осы соғыстағы таңғажайып оқиғалардың бірін ежелгі грек тарихшысы Полиен былай деп суреттейді: "Шырақ есімді бір сақ өзінің денесін қанжармен жаралап, парсыларға қашып барып, өзінің көсемінен жәбір көрген етіп көрсетеді. Парсы әскерлерін сақтарға бастап апарамын деп алдап, оларды сусыз шөлде адастырып кетеді. Сосын Шырақтың алдағанын білген парсы әскерлері оны өлтіреді. Осының зардабынан I Дарий қырғынға ұшырап, ары қарай соғысқа шыдай алмай, Парсыстанға қайтып кетеді" деп жазған[4]
Құрыштың Орта Азиядағы басқыншылық жорықтарын Дараявауш I (521—486 жж. ЗБ) жалғастырды. Парсылар сақтарды аз уақыт бағындырады. 6 ғ. соңы — 5 ғ. басында (500—449 жж. ЗБ) ежелгі Шығыстағы юнан-парсы соғысында сақ тайпалары парсылар жағында болды. 490 ж. юнан-парсы әскерінің Марафон жерінде болған соғысында сақтар парсылармен бірге юнандарға қарсы соғысты.
4 ғ. 330 жж. Ескендір Зұлқарнайынның македон әскерлері Ахаменидтердің ең соңғысы Дараявауш III Кодоманның армиясын талқандап, Орта Азияға басып кіреді. Олар Марақандты (Самарқан) алып, Сырдарияға келеді. Сыр бойына бекіну үшін, Александрия Эсхата (Шеткі Александрия) деген қала салады. Алайда македондықтар жеңгенімен, ыстық табиғатқа шыдамаулары, Ескендірдің ауырып қалуы македондықтар Самарқанға шегінуге мәжбүр етті. Ескендір 323 ж. Бабыл қаласында сүзектен өлді. Оның ала-құла империясы ыдырап кетті. Бірақ хаомаварга сақтарының қоныстанған аумағы Бактрия мен Маргиана деңгейімен шектеліп қалмайды. Амюргийлік сақтар бірлестігінің құрамына сына жазуы деректемелерінің «Соғдының ар жағындағы» сақтар да кірген деп топшылауға негіз бар. Олар Сырдарияның арғы бетінде, осы күнгі Ташкент облысы аудандарында және ішінара Ферғана алқабында тұрған".
Көне парсы сына жазулары мәтіндерінде сақтардан солтүстікке таман өмір сүрген тайпалар мен халықтар туралы ештеңе айтылмайды. Тек Авестада ғана сайрим деген атау айтылады, бірақ бұл халыктың қай жерді мекендегені туралы ешқандай мәлімет жоқ. Ежелгі грек деректемелеріндегі мәліметтер көбірек, оларда Авестаның сайримдерімен салыстыруға болатын савроматтар тайпасы туралы айтылады. Савроматтар туралы алғашкы деректер Геродотта бар: «Танаис өзенінің (қазіргі Дон өзенінің) арғы жағы енді скиф өлкесі емес, бірақ ондағы алғашқы жер иеліктері савроматтардың қолында. Савроматтар Меотия көлі ойпатынан бастап солтүстікке қарай он бес күнде жүріп өтуге болатын жерді мекендейді...» Мұның өзі Донның құйылысынан Еділдің сағасына дейінгі аумаққа сәйкес келеді.
Алайда «сақтар», «скифтер», кейініректегі «түркілер» терминдері сияқты, «савроматтар» терминін де авторлар көбіне екі мағынада: тайпалардың өз атаулары ретінде және тілі мен мәдениеті жағынан туыстас тайпалардың үлкен тобын біріктіретін термин ретінде қолданған. Грек-латын деректемелері көбіне бұл этнонимді жиынтық мағынада, савромат бірлестігінің әр түрлі тайпалар құрамын тікелей көрсете отырып (Үлкен Плиний, Эфор, Псевдо-Скилак, Эвдокс) колданады.
Соғыстары
Көне жазбаларға қарағанда Ахамен әулетінің патшалары II Кир, I Дарий сақтардың әр түрлі тайпаларымен жауласып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп отырған. Сақтар парсы әскерінің құрамында грек-парсы соғыстарына қатысты, Ахамендердің әскери құрамында қызмет атқарды. Ескендір, кейіннен Селевкилер де сақтарға қарсы соғысты. Б.з.б. 2 ғ-дың орта шенінде көшпелі тайпалардан ығысқан сақтар соғыса отырып Дрангиан жеріне орын тепті де, бұл араны Сақстан атады (бүгінгі Иран, Ауғанстан жеріндегі Сейстан). Бүгінгі Орта Азияның, Пәкістанның, Ауғанстанның, Солтүстік Үндістанның жеріндегі сақтар б.з.б. 1 ғ-дың ортасына дейін-ақ жергілікті халықтармен сіңісіп кетті. Сақтар тілі 10 ғ-ға дейін сақталды. Бүгінгі түркі халықтарының тілінде «сақ» сөзі жиі ұшырасады. Мәселен, жақұттардың өздерінше атауы сақа, қазақта: сақа адам, сақшы, сақ сөздерінің сақталуы да бұлар сақтардың ұрпағы екенінің бір дәлелі.
Археологиялық ескерткіштері
Бұлар қорымдар, жартастағы суреттер, сақ бұйымдарының көмбел��рі.
Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан
Бұл сақ тайпалары мекендеген аса көлемді аймақ: тиграхаудтар — Жетісуда, ал массагеттер Арал өңірі мен Сыр бойында. Іле алқабында Бесшатыр, Есік, Түрген, Кеген, Алексеев обалары осы алқаптан табылды.
Жетісудағы сақ мәдениеті екі кезеңді: ерте кезеңі (б.з.д. VIII-VI ғғ) және кейінгі кезең (б.з.д. V-I ғғ.).
Соңғы кезеңдегі патша обасына Бесшатыр қорымы мен Есік обасы жатады. Бесшатыр қорымы Іле өзенінің оң жағалауындағы Шылбыр деген жерде, 31 обадан тұрады. Қорымның барша обалары екі топқа бөлінеді, үлкен обалар — диаметрі 45 м-105 м-ге дейін. Биіктігі 6-18 м. Салынған уақыты б.з.д. V ғ.
Шығыс Қазақстан
Алтай аясынан, Шыңғыстау мен Тарбағатай бөктерлерінен кездеседі. Үлкен патша обалары бар. Ол Шілікті алқабында шоғырланған. Бұл өңірдің мәдениеті үш кезеңнен тұрады. Мәйемір кезеңі (б.з.д. VII-VI ғғ), берел кезеңі (б.з.д. V-IV ғғ.), құлажүргін кезеңі (б.з.д. III-I ғғ.). Мәйемір кезеңінің соңында салт кісіні атымен бірге қоятын қабырлар пайда болады.
Орталық Қазақстан
Бұл жерден Тасмола мәдениеті (б.з.д. VII-III ғғ.) ашылды. Зерттеуді археологтар Ә. Марғұлан, М. Қадырбаев жүргізді.
Бұл обалардың ерекшелігі — оларда тас жалы, «мұрты» болады. Бірнеше нұсқалардан тұрады. Негізгі обаға жанаса немесе оның шығыс бетінде, иек астында кіші оба тұрады, одан шығысқа қарай доғаша иіліп, ені 1,5-2 м, ал ұзындығы 2-200 м дейін кейде одан ұзыны да болады, екі жал кетеді. Үлкен обаға үйілген төбе астында жерден қазылған қабырда өлген кісінің мәйіті жатады, ал кіші қорғанда үйінді астындағы қабырға ат пен ағаш ыдыс-аяқтар қойылады.
Арал өңірі
Арал өңірі сақтар мәдениеті Тегіскен, Ұйғарақ, Оңтүстік Тегіскен қорымдары.
Батыс Қазақстан
Еділ мен Жайық арасындағы аймақтан қорымдардың көп шоғырланған жері — Үлкен және Кіші өзеннің бойлары, Қамыс-Самар көлдерінің өңірлері, Елек, Шаған, Ембі жағалаулары. Обалардың көбінде үйінділері бар, ал олардың аса үлкендері орлармен қоршалған. Тас үйінділері немесе топырақ пен уақ тастар араластырылған үйінділері бар обалар сирек кездеседі. Қабырлар шығыстан батысқа қарай ыңғайлай қазылады, ал өлгендер молаларда емес, обалар үйінділері астындағы арнайы дайындалған алаңдарға қойылады.
Ауыл шаруашылығы
Мал шаруашылығымен де егін өсірумен де айналысқан.
Жылқы өсірген. Екі тұқымы болғаны анықталды. Оның біреуі басы үлкен, аяғы жуан, денесі шомбал, жатаған жылқы, ал екіншісі шоқтығы биік бойшаң, сымбатты жылқы, оны қарулы жауынгерлер мінетін болған.
Қой бағумен де айналысқан. Сақтарда маңдай алды дөңестеу ірі қойлар көп тараған. Олар қазақтың кәзіргі құйрықты қойлары тұқымына жақын болған.
Түйе шаруашылығы да кең дамыды.
Ал сиырдың көшпелі тіршілікке бейімделген мұндай тұқымының өзгеден айырмасы — өнімділігі төмен, тірілей салмағы аз, жемшөпті көп талғамайтын. Суықта сыр бермейтін, жүні қалың, тебін малы болды.
Егіншілік пен суару. Қыстау маңындағы егін сақтарды астықпен қамтамасыз еткен. Олар тары, арпа, бидай еккен. Оңтүстік Сырдария алқабында сақтардың Шірік Рабат, Бәбіш-молла, Баланды секілді қоңыстарында табылған.
Кәсіпшілігі
Сақ тайпалары арасында металл өндіру және өңдеу, әсіресе қола құюға байланысты кәсіптері дамыған. Б.з.д. 1 мыңжылдықта Қазақстан мен Орта Азияны мекендеген сақ тайпалары темірден заттар жасауды меңгерді.
Темір мен мыс, қалайы мен қорғасын, алтын мен күміс өндіру жоғары дәрежеде дамыған. Мәселен, Имантау кен орнында 3 млн. пұт мыс кені, ал Жезқазған мен Үспенскіден 10 мың және 26 мың пұт кен өндірілген, сонда сол кеннің көбісі сақтар заманында өндірілгені анықталды.
Сақ зергерлері қоладан қанжарлар, оқ жебелері мен сүңгі ұштарын, аттың қайыс әбзелдерін, әшекейлер мен айна, қазандар мен құрбандық ыдыстарын жасаған.
Сақтардың тұрмысы мен шаруашылығына сипаттама
Тарихтың атасы Геродот сақтар туралы: "Киімі мен өмір сүру дағдысы скифтерге ұқсас. Олар егін екпейді, үй малдары мен өзеннен аулайтын балықтарды азық етеді. Сүт ішеді." деп жазған. Сақтардың көпшілігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Сақтар екі, төрт, алты доңғалақты арбаларға екі, үш жұп өгіз немесе ат, түйе жегіп, көшіп қонған. Ер азаматтар ат үстінде, ал әйелдер мен балалар және қарт адамдар кигізбен жабылған ат арбада отырған. Сақтар аңшылыққа және соғысқа арнап арбалар да жасаған. Олар екі доңғалақты және доңғалақтары құрылысының әртүрлі болуымен ерекшеленеді. Соғыс арбаларына көбіне ат жегілген. Ал жүк арбаларын қос ат немесе түйе сүйрейтін.
Сақтардың шаруашылығы
Сақтардың негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы болып, жылқы, қой, түйе, сиыр өсірген. Олар бұл малдардың етімен, сүтімен тамақтанып, терісі мен жүнін күнделікті тұрмыста пайдаланған. Табынның негізі жыл бойы өрісте жайылып, тебіндеуге бейімделген, төзімді жылқы болған. Сақ ақсүйектері неғұрлым тұрқы биік ат ұстап, оларды соғыс жорықтарына пайдаланған. Киіз басу, арқан есу және жіп иіру үшін қойдың жүнін пайдаланған. Сақтар құйрықты және биязы қойларды көп өсірген. Мал шаруашылығымен бірге сақтар егіншілікпен айналысты. Археологтар қазіргі Қызылорда облысындағы Шірік-Рабат қалашығының жанындағы малшылар қоныстарының маңынан суару арналарының іздерін тапқан. Сақтар қарабидай, арпа, тары өсірген. Қосымша кәсіп ретінде балық аулай білген.
Саудасы
Еуразия далаларын сақтар билеген кезде батыс пен шығысты, Жерорта теңізі мен Қытайды байланыстырған халықаралық өтпелі сауда басталады. Б.з.д. 1 мыңжылдықтың орта кезінде дала жолы пайда болады. Геродот жазуына қарағанда, дала жолы Қаратеңіз өңірімен жүріп, Дон жағалауына сосын Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтар жерінен Ертіс бойына, одан әрі Алтайдағы аргиппейлер еліне жеткен, содан әрі Моңғолия мен Қытайға қарай кететін болған. Осы жолдың бір бөлігі Қазақстан жерімен өткен.
Қоғамы
Сақ қоғамында халықтың үш тобы болды деген болжам бар. Ол рим тарихшысы Куинт Күрсий Руф айтқан аңызға сүйеніп айтылады. Бұлар:
- жауынгерлер — сүңгі мен оқ («ратайштар-арбада тұрғандар»),
- абыздар — құрбандық табағы және айрықша бас киімі бар,
- қауымшыл сақтар, яғни «сегізаяқтар» (соқаға жегетін екі өгізі барлар).
Осы үш жіктің өзіне тән дәстүрлі түсі болған. Жауынгерлерге — қызыл, сары-қызыл; абыздарға-ақ; қауымшылдарға-сары мен көк түстер. Сондай-ақ көсемдер мен патшалар да болды. Олар әскери жіктердің өкілдері болды. Гректер оларды басилепс — патша деп атаған. Патшаның белгісі - жебелі садақ.
Мәдениеті
Сақтар аң стилін Алдыңғы Азия мен Иранға жорық жасаған кезінде қабылдаған. Бұл өнер б.з.д. 7-6 ғасырда қалыптасқан. Аң стилі дегеніміз - түрлі жануарлардың бейнелерін ыдыс-аяққа, киімге, тұрмыс заттарына, түрлі әшекейлерге, қару-жараққа салған. Сақтар күнге, найзағайға, жел-дауылға табынған. Сақтар мифологиясында сәйгүлік ат Күнмен, отпен байланысты болған. Дүниені жаратқан көк тәңірісі Митра, жердікі Варуна, жер астынікі Индира секілді құдайлар болған.
Қолөнер кәсібі
Сақтарда қолөнер ісі жақсы дамыған. Қолөнер шеберлері қауым мүшелеріне қажетті бұйымдарды жасады. Зергерлер алтын, күмісті балқытып, қалыпқа құюмен айналысты. Зергерлік өнерде ағаштан ойып жасалған бейнелер мен сәндік бұйымдарды алтынмен аптау ісі жақсы дамыған. Түрлі түсті сердолик, халцедон, ағат, ақық сияқты тастардан сақ шеберлері әшекей бұйымдарды жасаған. Асыл тастардан көз салынған алқа, сақина-сырғалар, өңіржиектер мен белдіктер жасалған. Ұсталар тастан, саздан жасалған қалыптарды пайдалана отырып, қазандарды құйды, қару-жарақ соқты. Атты әскерлерге қажетті семсерлер мен найзалар, қанжар, жебе ұштарын дайындады.
Діни нанымдары мен ғұрыптары
Сақтардың әлем құрылымы жағынан үш түсінігі бар. Олар: аспан әлемі, жер әлемі және жер астында әлем бар деп сенген. Сақтардың түсінігінде әлемнің төрт бұрышы оң, сол, артқы және алдыңғы жағы болған. Сақтардың ғарыш туралы түсінігі Есік қорғанынан табылған сақ ханзадасының бас киімінде бейнеленген. Бұлар - күн, қанатты пырақтар және 4 алтын жебенің суреті. Бұл Құдайдың әлемге билік жүргізуінің ерекше белгісі болып саналады.
Дереккөздер
- ↑ Р. Жұматаев, тарихшы «Сақ» атауы қайдан шыққан? (қаз.). ukkz.net. «Үш қиян» газеті (23 Ақпан 2012). Тексерілді, 9 наурыз 2012.
- ↑ «Қазақстан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. — Алматы: Атамұра, 2010.—59 ISBN 978-601-282-026-3
- ↑ "Аңыз адам" журналы
- ↑ Ежелгі Қазақстан тарихы. Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық. Алматы : " Атамұра " 2009