Эклер (фр. eclair — жылтырақ) — қайнатпалы қамырдан пісірілетін сопақша пішінді, ішіне крем (тәтті немесе кейде тұздылау дәмді.) салынған жабық пирожный. Пирожный сыртына шоколад ерітпесі немесе кувертюр жағылған. Жақсы сақталынатын болғандықтан сауда орындарында көп тарайды. Нағыз (француздық) эклердің рецепті төмендегідей болады: Қамырға 250 мл су, 50 г сары май, 150 г ұн, 4 жұмыртқа, бір шымшым тұз, қамырға жағатын май және тақтаға себілетін ұн қажет. Салмаға 375 мл сүт, 30 г балалар тағамының ұнтағы (құрғақ сүт қоспасы), 65 г құмшек��р, 75 г сары май, 200 мл қаймақ, глазурьлеуге қажетті 100 г кувертюра немесе шоколад, 3 асхана қасығымен лимон шырыны, 1 пакет ванилді қант, бір шымшым тұз қажет.[1]

Дайындау тәсілі

өңдеу

Дайындау тәсілі: 1. Қайнатпалы қамыр дайындау үшін май, тұз салынған суды қайнатып алып, оттан түсіріп үстіне ұн салып араластырады. Содан соң ыдысты қайта отқа қойып қамыр түйіршіктері түзілгенше ұдайы араластырып отырады. Пайда болған қамырды шұңғыл кәрлен ыдысқа салып үстіне бұлғанған жұмыртқаларды қосып, қамырды суытпай араластырады. Осы тәсілмен дайындалған қамырмен кондитер қапшығын немесе шприцін толтырады. Майланған және үстіне ұн шашылған тақта үстіне қапшық немесе шприц арқылы ені 3, ұзындығы 10 см болатын пішіндер сықпаланады. Осы пішіндер ішіндегі температурасы 220°С болатын тұмшапештерде 25 мин-тай пісіріледі. 2. Салма дайындау үшін төрт қасық сүтке балалар тағамының ұнтағын салып араластырады да, қайнап жатқан сүттің үстіне салады. Содан кейін ыдысты оттан түсіріп, үстіне ванилді ұнтақ, лимон шырынын қосады. Қаймақты миксерде бұлғап, тоңазытқышқа қояды. Кремді араластыра отырып салқындатады да, үстіне бұлғанған қаймақ салып араластырады. 3. Эклер дайындамаларын салқындатып, ішіне шприцпен сары майлы-кремді сықпалайды. Дайындамалар сыртына глазурь жағып, қатырады.[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. a b Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: К54 Қоғамдық тамақтандыру.— Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. — 232 бет.ISBN 9965-36-414-1