Сенат (латынша senatus, senex — кәрі, қария сөзінен) — 1) Ежелгі Римдегі жоғарғы мемлекеттік кеңес. Сенат басында ең көрнекті, еңбегі сіңген сенатор (prіnces senatus) тұрды. Сенат сайлау заңдары мен нәтижесін бекітті, магистраттар қызметін бақылады, оларға кеңес берді, сыртқы саясатпен айналысты, қаржыны және діни жоралғылардың орындалуын қадағалады. Яғни іс жүзінде мемлекетті Сенат биледі. Сенат қаулылары — сенатус-консульттер халық жиналысы мен плебейлер жиналысы шығарған қаулылармен бірдей заң күшіне ие болды. Рим империясы кезеңінде Сенаттың маңызы, саяси ықпалы төмендеп, жай ғана дәулетті әулеттер өкілдерінің жиналысына айналды; 2) көптеген елдерде парламенттің жоғарғы палатасы. Сенат түрлі жолмен: тікелей сайлау, жанама сайлау, сирек жағдайда төменгі палатаның өз құрамынан сайлауы (Норвегия, Исландия) арқылы құрылады. Кейбір елде Сенат мүшелері түгел тағайындалады (Германия, Канада). Федералды мемлекеттерде Сенатқа әрбір федерация субъектілерінен 1 — 2 өкілден сайланады. Сенат төменгі палатадан келген заң жобаларын бекітіп, мемлекет басшысына жібереді, келіспеген жағдайда төменгі палата қабылдаған заңдарға вето қоюға құқылы. Сенаттың заң шығару ісіне араласудан бөлек бірқатар маңызды өкілеттіктері болады, мысалы, халықаралық шарттарды мақұлдау, кейбір жоғары лауазымдарды тағайындау, т.б.;[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9