Мемлекеттік стандарт

Мемлекеттік стандарт – елдің құзырлы мемлекеттік органы бекітетін тауарлар мен қызмет түрлерінің стандарты, сондай-ақ стандарттау объектілері нормаларын, ережелерін, оларға қойылатын талаптарды белгілейтін, құзырлы мемлекеттік орган бекіткен нормативтік-техникалық құжат.

Қазақстанда стандарттау мен метрологиялау жүйесі 20 ғасырдың 20-жылдарының ортасынан дами бастады. Ол ұлттық өнімдердің сапасы мен бәсекелестігін арттыру, табиғат және энергетика ресурстарының шынайы есебін жүргізу және айналадағы орта мен халықтың денсаулығын қорғау міндеттерін шешу мәселелерімен тығыз байланысты болды.

1993 жылы “Стандарттау және сертификаттау туралы” және “Өлшемдер бірлігі туралы” Қазақстан Республикасының алғашқы заңдарының қабылдануы Қазақстанда мемлекеттік стандарт дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Бұл заңдар 1999 және 2000 жылдары толықтырылды. Осы заңдарға сәйкес Қазақстан Үкіметі стандарттау жұмыстарын реттеудің нормативтік құжаттарын дайындады. Қазақстанның Мемлекеттік стандарт органы 1994 жылдан бері Стандарттау жөніндегі халықараралық ұйымға (ІSO) мүше. Қазақстанның стандарттау жүйесі стандарттау мен сертификаттау жөніндегі ұлттық бағдарламаға негізделген, Қазақстан кәсіпорындары ІSO-ның халықараралық стандарттары бойынша жұмыс істейді. Қазақстан Республикасында мемлекеттік стандартты дайындау үшін жиырмаға жуық техника стандарттау к-ті құрылған. Олар әсіресе тамақ өнеркәсібі, қоршаған ортаны қорғау, көмір және металлургия өндірістері сияқты салаларда жұмыс атқарады.[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақ энциклопедиясы