Жынысорганизмнің еркек не ұрғашы дарабасқа (особьқа) жататындығын білдіретін белгілер жиынтығы. Жыныс белгілері бойынша ажырату тек жыныстық жолмен көбейетіндерге ғана тән. Ж-тық айырмашылықтар жануарларға, өсімдіктерге және микроорганизмдерге де тән, олар болар-болмас не айқын да білінуі мүмкін. Еркек пен ұрғашы Ж-ы арасындағы негізгі айырмашылық – еркек пен ұрғашы дарабастары әр түрлі жыныс жасушаларын – гаметаларды түзетіндігінде (қ. Жыныссыз көбею. Жыныстық көбею). Адамдар мен жануарларда гаметалар арнайы жыныс органдарында – жыныс бездерінде (гонадаларда) түзіледі. Еркек дарабастарда бұл – ен (аталық без), ол аталық жыныс жасушаларын (енуыз) түзеді, ал ұрғашыларында – аналық без, бұлар аналық жасушасын түзеді. Әдетте, аналық жасуша қозғалыссыз болады (аталық жасушадай қозғалғыш емес) және аталық жасушадан көлемдірек келеді, өйткені онда ұрықтың бастапқы даму сатысына қажетті қоректік заттар қоры болады. Әр жынысқа тән және жыныстық зат түзетін бездерді жыныс бездері деп атайды. Бұлар ішкі және сыртқы секреция бөледі. Аталық Жыныс безінің сыртқы секрециясына аталық Жыныс жасушасы – сперматозоид жатады. Бұл адамда 15 жас шамасында түзіле бастап, 55 – 60 жаста тоқталады. Аналық Жыныс безінің сыртқы секрециясына аналық Жыныс жасушасы жатады. Бұл 12 – 15 жастан бастап, 45 – 50 жасқа дейін түзіледі. Организмнің алғашқы және соңғы жыныс белгілерінің қалыптасуына, жыныстық әрекеттердің орындалуына әсер ететін және зат алмасу процесіне қатысатын жыныс бездерінен бөлінетін биол. активті заттар жыныс гормондары деп аталады. Жыныс гормондары хим. құрамы жағынан – стероидтар және полипептидтер деп бөлінеді. Стероидты жыныстық гормондар ерлерде – андроген, әйелдерде – эстроген және гестаген деп аталады. Полипептидті жыныстық гормондарға релаксин, сондай-ақ, ингибитор (аталық безден бөлінетін гормонды секретті зат) жатады. Жыныстық көбеюді реттейтін гормондық заттар омыртқасыздар мен кейбір өсімдіктерде де болады. Жыныс гормондарын медицинада пайдаланады. Организмдердің жынысты жолмен көбейетін мүшелері жыныс органы деп аталады. Бұған Жыныс бездері – гонадалар (ен, аналық без), жыныс өзектері (шәуҺет түтіктері мен жұмыртқа жолы), копулятивтік органдар жатады. Гонадаларда Жыныс жасушалары – гаметалар жетіледі. Губкалар мен кейбір кірпікшелі құрттарда әдейі оқшауланған гонадалар болмайды, сондықтан Жыныс жасушалары дененің ажыраған жерінен, немесе ауыз қуысы арқылы шығады. Буылтық құрттарда, онихофораларда, моллюскілерде, т.б. омыртқасыздарда гонадалар целом қуысының қабырғасында дамиды. Организмде гермафродиттік және ішкі ұрықтану (жалпақ құрттар, кейбір моллюскілер) белгілерінің пайда болуы, сондай-ақ, өрмекшітәрізділер, жәндіктер, омыртқалылардың тіршілік ортасының құрлыққа ауысуы олардың Жыныс жүйесінің күрделенуіне алып келді. Мыс., балықтардың Жыныс мүшесі екі жыныс безінен, түтікшелерден тұрады. Қосмекенділердің Жыныс мүшесі – қос мүше, жыныстық заты шәуҺет түтіктерімен келіп клоакадан шығады. Арнайы копулятивтік органы болмайды. Бауырымен жорғалаушыларда, құстарда да шәуҺет түтігі клоакаға ашылады. Қалталы жануарларда жұмыртқа жолының орт. бөлігі – жатыр, ал артқы ұштары бірігіп, қынап құрады. Ал адамдардың жыныс органдары ішкі және сыртқы жыныс мүшелерінен тұрады. Ер адамдардың Жыныс органдарының ішкі мүшелеріне аталық жыныс безі немесе ен, ен қосалқысы, шәуҺет бауы, шәуҺет шығаратын түтік, шәуҺет көпіршігі, қуық асты безі, ал сыртқы мүшелеріне зәр (несеп) түтігі немесе үрпі, ен қалтасы немесе ұма жатады. Әйелдердің ішкі жыныс мүшелері: қынап, жатыр және жатырдың қосымша бөліктері (жатыр түтікшесі, аналық бездер); ал сыртқы бөліктеріне қасаға, үлкен және кіші ернеулері, қынап сағасы, аралық және шүрті жатады.

Жыныстық қабілеті жетілген аналық организмде көбеюге байланысты қайталанып отыратын морфофизиологиялық процестер жыныстық цикл (қ. Етеккір) деп аталады. Балықтарда, қосмекенділерде, бауырымен жорғалаушыларда жыныстық цикл фолликул сатысынан (жұмыртқа жетіледі, олар сыртқы ортаға шығарылады) тұрады, ал құстарда: фолликул, ұя басу, балапандарын қоректендіру сатыларынан, сүтқоректілерде: фолликул, жетілген жұмыртқаның жатырға түсуі, жүктіліктің басталуы, сүт түзілу сатыларынан тұрады. Организм жынысын айқындайтын қосарланған хромосомалар – жыныс хромосомалары. Екі бірдей х хромосома жұбынан тұратын организмдер – гомогаметалы, ал х және у хромосомалы организмдер – гетерогаметалы деп аталады. Ұрпақтың қандай жынысты болуы жыныстық хромосомаға байланысты. Егер аналық жасуша х жыныс хромосомасы бар аталық сперматозоидпен ұрықтанса, онда зиготада екі х хромосома пайда болады да, одан қыз бала, ал аналық жасуша у хромосомалы сперматозоидпен ұрықтанса, ер бала жетіледі; қ. Хромосома.[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9