Есік Алтын адамы

 Басқа мағыналар үшін Алтын адам деген бетті қараңыз.

«Алтын адам»1970-ші жылдарының басында Есік қорғанында — сақтар тайпасының жас көсемінің зираты табылды.[1] Дәлірек айтқанда: Алматы облысы Есік қаласының солтүстігіндегі Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы темір дәуірінен сақталған сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесі. 1969-1970 жылдары археолог К.А. Ақышев тапқан.

Қазақстан Орталық мұражайы

Қабырдың сипаттамасы

өңдеу
Толық мақаласы: Есік обасы

Топырақ қорғандармен ұштасып жатқан қорым солтүстіктен оңтүстікке қарай 3 шаршы км жерді алып жатыр. 40-тан астам обадан тұратын қорымның оңтүстік шетінде биіктігі 6 м, диаметрі 60 м үйінді төбе астынан екі қабір ашылды.

Біреуі ертеректе тоналған. Екіншісінен жасы 17-18 шамасындағы сақ жауынгерінің мүрдесі ашылды. Қабір шырша бөренелерден жасалған, көлемі 3,3х1,9 м, биіктігі 1,5 м, сол жақ бөлігіне қойылған сақ жауынгерінің басы батысқа қаратылып жатқызылған. Қабірдің оңтүстік және батыс шеттерінде металл, қыш, ағаштан істелінген ыдыстар, зергерлік бұйымдар қойылған.

Қабір ағаш қақпақпен жабылып, темір құрсаулармен бекітілген, еденіне тақтай төселген, ал адам қойылатын жеріне алтын жапсырмалармен безендірілген төсеніш салынған.

Алтын адамның сипаттамасы

өңдеу

Алтын адам киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін “хайуанат нақышында” жасалған. Бас сүйектің сол жағынан жаһұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас, биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70 см шамасында. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, саусағында екі алтын жүзік, камзолы құрастырылмалы ауыр белбеумен буылған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар — ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен әшекейленген.

Қорған қазбалары Қазақстанды 5 ғ. ЗБ мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеті, өнері, діні жайлы құнды деректер берді.

Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, Алтын адамның Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті елбасының ұлы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді.[2] Көне дәуірдегі материалдық мәдениет, өнер, мифология, т.б. салалардан мол дерек беретін Алтын адам сол кездегі сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді. Алтын адам – Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді.[3]

Қазақстан символы

өңдеу

Есік қорғанының қазыналары, оның ішінде дәл көшірмесі Алматыда орналасқан Қазақ археология мұражайында, қазір Астанадағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік алтын және бағалы металдар мұражайында қойылған.

Қанатты барыстағы «Алтын адам» Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің біріне айналды. Сақ жауынгерінің көшірмелері Қазақстанның көптеген қалаларында орнатылған, олардың бірі Алматының бас алаңындағы Тәуелсіздік монументінің тәжін таққан.

Жалпы, Қазақстан аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде «алтын адам» деп аталатын бес қорым табылды: екінші «алтын адам» Аралтөбе қорғанынан, үшіншісі Шілік қорғанындағы Бәйгетөбеде табылған, төртіншісі Астана маңынан табылды және бесінші «алтын адам» Қарқаралы өңіріндегі Талды қорымнан табылды.

Га��ерея

өңдеу
 
 
 
Есік Алтын адамы 1000 теңгелік алтын тиындағы Алтын адамның бейнесі Пошта маркасы

Тағы қараңыз

өңдеу

Дереккөздер

өңдеу
  1. Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х
  2. Акишев А. К. «Костюм „Золотого Человека“ и проблема катафрактария».
  3. Акишев К. А., Акишев А. К. «Происхождение и семантика иссыкского головного убора». — («Археологические исследования в Казахстане». Алма-Ата, 1979. деген кітабінда.)