Елорда
Елорда немесе астана — мемлекеттің саяси, әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығы; елдікті, ұлттық бірлікті білдіретін бас қаласы.
Астана ұғымы ұлыстар, тайпалар одағы, мемлекеттік бірлестіктер пайда болған кезеңде, перғауын, қаған, халифа, шаһ, әмір, король, патша, хан, сұлтан, т.б. елбасылар лауазымдарымен қатар өмірге келді. Түркі халықтары, оның ішінде қазақтар ел билеушілер тұрағын орда деп атаған. Астана орнын осы хан ордасы атқарды.
Көшпелі тайпалардан құрылған мемлекеттерде хан ордасы да бір орында көп тұрақтамай, көшіп-қонып жүрді. Мысалы, Ақтабан шұбырындыдан кейін Түркістан қаласынан шегінген Әбілқайыр хан өз ордасын Ырғыз, Тамды, Сырдария өзендері бойына ауыстырып отырған. Абылай ханның астанасы Түркістан шаһары болғанымен, ұзаққа созылған жорықтарында ордасын қалмақтардан азат етілген жерлерге тігіп (Көкшетау, т.б.) біраз уақыт бойы елін сол жерден басқарып отырған. Әбілпейіз Сарыарқада, Уәли хан Көкшетаудағы Сырымбетке, Бөкей мен Жәңгір Жайық пен Еділ аралығындағы Ордаға, қазақтың соңғы ханы Кенесары Ұлытауға ордасын тіккен.
Халық түсінігінде Ұлытау, Хантау, Ордабасы, Түркібасы, Күлтөбе, Мәртөбе сияқты хан ордасы қонған, ту тігілген, Үш жүз басын қосқан, құрылтай жиналған, мемлекеттің, ұлт тағдырының ең түйінді мәселелері шешілген жерлер аса қастерленіп, қасиеті астана ұғымына жақындастырылған.
Алғашқы кезде астананың басты қызметі елді әкімшілік жағынан басқару болды. Кейін астаналық қалалар пайда болған соң олар сауда, қолөнер, мәдениет орталықтарына да айналды. Хан ордасы орналасқан, қазына сақталған, қамал салынған елді мекен ірі шаһарға айналып, оған керуен жолдары тартылды.
Әлем астаналары жайлы мәліметтер
өңдеу- Рим – халық саны бойынша әлемдегі алғашқы миллионер қала (Италия).
- Әлемдегі ең ежелгі астана – Афина қаласы (Грекия).
- Рейкьявик – әлемдегі ең солтүстікте орналасқан астана (Исландия).
- Ла-Пас қаласы – теңіз деңгейінен 3600м биіктікте орналасқан әлемдегі ең биікте тұрған таулы астана (Боливия).
- Әлемдегі ең қауіпті астана – Каракас қаласы (Венесуэла).
- Әлемдегі ең жас астана – Гитега. Бурунди 2019 жылы ел астанасын Бужумбура қаласынан Гитега қаласына көшірді.
- Манила – халық саны ең тығыз орналасқан астана. Мұнда бір шаршы шақырымға 43 мың адамнан келеді (Филиппендер)
- Швейцарияның ресми түрде астанасы жоқ.
- Науру республикасының жері кішкентай болғаны сонша астана салатын артық жері де жоқ
- Испанияның астанасы – Мадрид барлық жағынан есептеліп елдің дәл орталығында салынған.
- Сеул кәріс тілінен аударғанда «астана» (Корея республикасы), Токио жапон тілінде «шығыс астана» (Жапония), Бейжің Қытай тілінен аударғанда «солтүстік астана» дегенді білдіреді.
- Палау астанасы Нгерулмудта үкіметтік ғимараттардан басқа ештеңе салынбаған.
- Канберра – Сидней мен Мельбурн қалаларының астана болуға таласынан кейін салынған ел орталығы (Австралия).
- Иерусалим мен Никосия бірі – Израиль мен Палестинаға, екіншісі Кипр мен мойындалмаған Солтүстік Кипрге астана болып отырған ортақ қалалар.
- Претория Оңтүстік Африка Республикасының ресми астанасы болғанымен, Парламент Кейптаун, Жоғарғы Сот Блумфонтейн қалаларында орналасқан.
- Танзания мемлекетінің екі астанасы бар.Тарихи астана Дар-эс-салам елдің әкімшілік орталығы, ал Додома елдің заңды астанасы.
- Венгрияның астанасы Будапешт бұрынғы екі қаланың Буда және Пешт қалаларының біріккен қаласы.
- Елдің атымен бірдей астаналар – Алжир, Андорра-ла-Велья, Бразилиа, Ватикан, Гватемала, Джибути, Эль-Кувейт, Люксембург, Мехико, Монако, Панама, Сан-Сальвадор, Сан-Марино, Сингапур, Сан-Томе, Тунис.
- Тхимпху – ауасы ең таза Гималай тауындағы астана (Бутан).
- Әлемдегі ең суық астана – Ұлан-батор қаласы (Моңғолия).
- Братислава – көрші елдің шекарасына ең жақын орнласқан астана (Словакия).
- Джамму және Кашмир жазғы-қысқы астанасы бар Индиядағы штаттардың бірі. Сринагар жазғы, Джамму қысқы астана.
- Токио – әлемдегі ең халқы көп астана. Халық саны қала маңымен қоса есептегенде 38млн.адам. (Жапония).
- Бангкок –атауы әлемдегі ең ұзын атау ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бангкоктың ресми атауы тай тілінде: Крун Тхеп Маханакхон Амон Раттанакосин Махинтараюттхая Махадилок Пхоп Ноппарат Ратчатани Буриром Удомратчанивет Махасатан Амон Пим��н Аватан Сатит Саккатхаттийя Витсанукам Прасит. Оны қысқартып періштелер қаласы деп атайды. Бірақ, қазір 21 сөздің кейбіреуі қолданылмаса да, Бангкоктың толық атауын оқушылар міндетті түрде жаттайды.
- Лихтенштейн астанасы Вадуцта әуежай мен теміржол бекеті жоқ.
- Әлемдегі жас астаналар (Мемлекет-ескі астана-жаңа астана, жылы): Кот-д̕ Ивуар- Абиджан-Ямусукро 1983ж., Германия- Бонн-Берлин 1990ж., Нигерия-Лагос-Абуджа 1991ж., Танзания-Дар-эс-салам-Додома 1993ж., Қазақстан-Алматы-Ақмола 1997ж., Мьянма-Янгон-Нейпьидо 2005ж., Палау-Корор-Нгерулмуд 2006ж., Бурунди-Бужумбура-Гитега 2019ж.
- Шри Ланка 1982 жылы астанасын Коломбо қаласынан Шри-Джаяварденепура-Коттеге көшіруді бастады. Бірақ әлі күнге дейін толық үкіметті көшіру аяқталмады.
Тағы қараңыз
өңдеуБұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Capitals |