Ағаш өңдеу
Ағаш өңдеу — Ағаштан жасалған бұйымның арнаулы өңдеуден откізіп кәдеге жарату жолдары.
Дайындалатын заттың бетін тегістеу, оймыштап бедер салу, бояу ағаш бетін қыздырылған металлмен қару, біздің ұшымен қарып өрнек, жазу түсіру, т.б. тәсілдер жатады.
Аталған тәсілдерді көбінесе үй жиһазы (көбіне ыдыс-аяқ түрлерін), саз аспаптарының, үй, ғимараттың ағаш бөлшектерін (ұстын, тіреу, есік, қақпа және т.б.) өңдеуге қолданған. Ол үшін әшекейленетін ағаш бетіне өрнектің нобайын біз тәрізді өткір аспаппен немесе қызған иненің ұшымен батыра сызып алып, әртүрлі мәнерде иілген теміртек (металл) қалыптарды отқа қыздырып, өрнектің бойын қуалай, қарып (күйдіріп) шығады.
Қарағай, самырсын, шырша тәрізді шайырлы ағаштардан жасалған бұйымдардағы ағаштың табиғи өрнегін (текстурасын) айқындай түсу үшін, өңделген бұйымды оттың жалынына шарпытып алса, ағаш талшықтарының шайырлы жерлері сақталып, шайыры жоқ тұстары күйіп, қарақоңыр түске еніп, жолақты табиғи өрнек пайда болады. Ертеректе шеберлер ағаш бұйымдарға ру таңбаларын, адам аттарын, ою-өрнек түрлерін қарып түсірген.
Ағаш бөліктерін қатарластыра қари отырып, сарғыш қоңырдан шымқай қаратүстің арасындағы реңдерді шығарған. [1]
Ағаш өңдеу жабдықтары
өңдеуАғаш өңдеу жабдықтары — ағаш өңдеу жұмыстарында пайдаланылатын қол немесе механикаландырылған аспаптар. Оған: қоласпаптар — балта, ара, сүргі, қашау, бұрғы т.б.; қосалқы қоласпаптары — ұста балғасы, ағаш балға, қышқаш, бұрауыш, тістеуік, егу т.б.; механикаландыр ылғанаспаптар — электр ара, электр сүргі, электр қашау, электр бұрғы, электр фреза, электрлік және пневматикалық ажарлау аспаптары т.б.; механикаландырылған қосалқыаспаптар — электр және пневматикалық бұрауыш; өлшеу-белгілеуаспаптары — метр, рулетка, сызғыш, кронциркуль, ішкі өлшеуіш, деңгейлік, рейсмус, циркуль т.б. жатады. Жоғары механикаландырылған ағаш өңдеу комбинаттарында, шеберханаларда: ірі дөңгелек ағаштар мен бөренелерді тақтай етіп тілетін ағаш тілгіш рамалар; тақтайларды ені және қалыңд. бойынша қысаң білте тәрізді тақтайшаларға келтіретін дөңгелек аралар; сызықты элементтер жасайтын таспалы аралар; ағаш сүргілеу станоктары; ағаш фрезалау станоктары т.б. қолданылады.
- Ара - ағаш кесу үшін қолданылатын құрал.
- Аталғы - екі қолмен ұстап, ағаштың қабығын аршитын қисық пышақ.
- Байтесе - шаңырақ ағашын беттеп шауып, белгілі қалыпқа келтіретін құрал.
- Балта - өткір жүзді, ағаш шабатын сабы бар құрал.
- Жоңғы - ағаш жонатын құрал.
- Қобы - ағаштың бетін оюлап, өрнек салуға арналған аспап.
- Қолағаш - қазық, қада қағуға аранлған құрал, тоқпақ.
- Қуысқұлақ - ағашты үңгіп шабу үшін, екі шетін ішіне қарай иілдіре жасаған шот.
- Мор - үйшілердің ағашты қыздырып, ию үшін қойдың қиын тұтатып, бықсытып жаққан оты бар шұңқыр жер.
- Пышқы - араның ағаш кесетін кішірек түрі.
- Сарнақ - киіз үй сүйегіне (уық, кереге) сыздық салатын , әр жерінде тісі бар құрал.
- Сүргі - ағашты өңдеу, тегістеу үшін қолданылатын аспап.
- Сықауырын - тезге салған ағашты қатты қысып, басып тұрып, түзейтін не бүгетін ағаш құрал.
- Тез - киіз үй сүйегін: уық, кереге т.б. жасалатын ағаштарды морланғаннан кейін, түзейтін не бүгетін ағаш құрал.
- Ұңғуыр - ағашты ұңғып, белгілі қалыпқа келтіретін құрал.
- Үскі - ағашты тесетін іші қуыс біз.
- Шапашот - имек ағашқа сапталған, ағаш шабатын құрал.
- Шот - ағаш шабатын құрал; шапашот.
Дереккөздер
өңдеу- ↑ Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Woodworking |